Тау алыстан қарағанда суық, сұсты көрінеді. Ал жақындап барсаң, тау мүлде жатырқамайды, сенімен сөйлеседі, бара-бара тау сенің досыңа, айнымас серігіңе айналады. Саған құшағын кең ашады.
Құшағына енгеніңде сылдырап аққан бұлағы да, жайқалып өскен құрағы да сенімен сырласа бастайды. Сондайда өзгеше бір күй кешіп, мұздаған жаның жылынады, қуат аласың. Таудың суық еместігін жан дүниеңмен сезінесің. Тау баурайында дүниеге келіп, тау самалы бетін өпкен, тұма бұлағынан сусынын қандырып өскен жан өмір бойы тауды аңсап жүретіні сондықтан ба деймін. Өзім де тауда өсіп, тауда ержеттім. Тау маған әрдайым ыстық тартып тұрады. Мен үшін балдәурен шағым өткен Қулық таудан биік – тау жоқ.
Тауда өскен жандар тым әсершіл, сезімтал, арманшыл келеді. Табиғаттың төрт мезгілінде таудың түрлі бейнеге енетіні сияқты таулықтардың мінездері де қызық, ерекше. Әрқайсысы өзін тау баурайындағы бір-бір асу сияқты сезінеді. Тауда туып, тауда өсіп, тауда шыңдалған, тау тұлғалы ағаларыммен сырттай таныспын, тау туралы, туған өлкеміз жайлы шығармаларын оқып жүремін. Абзал ағаларым туралы толғанған сәтте, әсіресе, менің көз алдыма көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, Райымбек ауданының құрметті азаматы Тұрлыбек Мәмесейіт келеді.
Алматыда жүргенімде жазушының Нарынқолдан екенін шығармалары арқылы білетін едім. Кейіннен Астанада Тұрлыбек ағаны «Елорда» баспасына бас редактор болып қызметке келгенде көрдім. Бірден араласып кете алмадық. Амандық-саулықтан әрі аспадық. Тау мінезді жандар емеспіз бе? Сарыарқа төріне қоныс аударған жазушы шығармашылықпен өнімді айналысты. Хантәңірін ерекше сағынумен жүрген қаламгер бар күш-жігерін, қабілет-қарымын Хантәңірінің баурайында өткен балдәурен шақта көрген-білген, көкейіне түйген, зердесіне тоқыған оқиғаларды ақ қағазда тірілтті. Ел мен жер тарихын, Хантәңірі баурайындағы көмескі тартқан шежірені санасында қайта жаңғыртып, шығармаларына арқау етті. Республикалық басылымдарда әңгіме, хикаяттары жиі жарық көретін. Кітаптары да оқырмандарға жол тартып жатты.
Тұрлыбек аға сырттай қарағанда адамға бір түрлі суықтау көрінетін. Мінезі де тіп-тік, көп ашыла бермейді. Амандықтан аса алмайтын едік. Жұмыс бабымен анда-санда «Елорда» баспасына барып қалған сәттерде қысқа ғана тілдесіп, жұмыс жайын сөз етіп, өз жөніме кететін едім. Менің де мінезім тұйықтау. Ағалы-інілі болып шешіліп сөйлескеніміз кейін ғой. Тауды қалың бұлт басып, дауыл тұрып, айналаның астан-кестені шығып, ертесі Күн шайдай ашылып, түк болмағандай тау баурайы шуаққа бөленетін шақтар бар ғой. Сондай бір жайдары кезде Тұрлыбек ағамен тілдесіп қалғаным бар. Ағаның маған ықыласы ауып, арамызды сыйластық жібі жалғап еді. Мені «үкімет бала» дейтін. Өмірінің соңына дейін осылай атап кетті жарықтық.
Тұрлыбек ағаның мінезі тау мінезіне ұқсас екенін шығармаларын оқығаннан кейін барып жете түсіне бастадым. Ол мейлі әңгіме болсын, хикаят болсын, жазған дүниесінің көркемдік деңгейіне іштей сүйсінесің. Сондай сәттерде туындылары арқылы жазушының жан сырын ұғынып, мінезінің қалтарысын тани түсесің. Суреткердің өзіндік стиліне, өзгеше қолтаңбасына, шұрайлы тіліне, тың образға, сөзбен сурет салған шеберлігіне, ой тереңдігіне, жадының мықтылығына тәнті боласың. Былайғы тірлікте көп сөйлемейді, жан дүниесі жұмбақ жан. Ал туындылары жүрегіңнің нәзік сезімдерін дәл басып, сан толғанысқа түсіреді, кейіпкерлер ортасында өзің жүресің, олармен бірге күрсінесің, бірге мұңаясың, жақсылығына жүрегің жарыла қоса қуанасың. Суреткердің сыршыл, шыншыл туындыларына құныға бас қоясың. Көркемсөз шеберіне деген құрметің, ағаға деген ілтипатың күннен-күнге арта береді. Тау мінезді жанға бойың әбден үйренеді. Көпшілік ортадан сырттау, өз әлемімен өзі болып жүретін қаламгердің бекзат болмысын көркем дүниелерін оқыған жан ғана терең түсіне бастайды.
Жазушының бүкіл шығармашылығының темірқазығы – ел-жер, туған өлке тарихы, адам тағдыры, табиғаттың тылсым сырлары ма дерсің. Табиғаттың небір құбылыстары кейіпкерлер мінез-құлқымен жымдасып, астасып жатады. Тау туралы сөз қозғаса болды, оның әр тасы сыр шертеді, әр түп жусаны, исі аңқыған сан түрлі гүлдері, жасыл шалғыны, мөлдір бұлағы сөйлеп қоя береді. Аспанда жөңкілген бұлт екеш бұлт та ерекше суреттеліп, адам жанының иірімдерімен біте қайнасып, мүлде бөлек көркем бейнені көз алдыңа әкеледі. Мысалы, жазушы «Қанды құйын» атты хикаятында атақты Қарқара жайлауын былайша суреттейді: «Керуен құрған көгілдір тауларды бөктерлей, Лабасыдан қырғыздың сонау Қызыл қиясына дейін көлбеп, Мыңжылқының төскейінен Кегеннің аңғарына шейін көсіліп, балбырап жатқан, адамға қоныс, малға өріс болған шұрайлы өлке, шұрайлы мекен бұл. Кілемдей жайнаған кең алқаптың қақ ортасынан ирелеңдей созылған Қарқара өзені жайлау төсіне ерекше сән бере, өрнек сала ағады. Көк шалғынға малынып, тұнып тұрған таулы өңірдің масатыдай құлпырған түрлі шөптері мен алуан гүлінің исі лүп еткен самалмен жұпардай аңқиды. Сылдырап аққан мөлдір бұлақтарды жиектеп майда бұталар, беткейлерді тобылғы, сай табандарын тал мен қайың, ұшқат пен шетен көмкерген. Бөктерін арша мен шырша жапқан тау төсі, ақ басты алып шыңдармен астаса барып, асқақтап, аспандап көрінеді» («Тау мінезі» кітабынан).
Суреткер шеберлігі деген, шіркін, осы екен ғой деп ойлайсың. Бұл – жазушының шығармаларына тән ерекшелік, қаламгерлік қайталанбас стилі, суреткерлік қыры. Осындайда жазушылық, әсіресе, мұндай суреткерлік Алла әркімнің маңдайына жаза бермейтін құбылыс, бақ-несібе екенін мойындайсың. Жазушылық – оқиғаны баяндау немесе әсерлеп жеткізу емес, ол дегеніңіз – сөзбен өрнек салу, көркем образ сомдау.
Жазушы шығармаларымен сусындаған сайын өзімше жаңалық ашқандай боламын. Сондайда Тұрлыбек ағаның көпсөзділікке бой алдырмайтын, арзан күлкіге жоқ сырының мәні – үнемі ой үстінде жүретіндігінде болар деген ойға қаламын. Жазатын туындысын, кейіпкерлер образын, оқиғалар композициясын көкейінде қорытып, жүрегінен өткізіп, қағазға түсіретін қасиеті – шығармашылық лабораториясының ерекшелігі.
Жазушы шығармаларында Хантәңірі шыңы барлық қырынан ашылып суреттелген. Оның «Хантәңірінің баурайында жалғыз шырша» деген көлемді әңгімесі кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Оқып шығып, Тұрлыбек ағаны құттықтап, өз пікірімді айттым. Аға жылы лебізімді тыңдап: «Бұл хикаятымнан алынып, қысқартылып берілген нұсқасы ғой» деді. «Аға, әңгіменің жүгін де көтеріп тұр» деп, алған әсерімді бөліскен едім.
Жазушының «Хантәңірі баурайындағы жалғыз шырша» оқиғасы «Тау мінезі» хикаятында баяндалады. Аспанмен астасқан Хантәңіріден ғана емес, асқақ Алатаудан алыстаған сайын жүрегі нәзік, жаны жалғыз, ойы сергек, зерделі жазушы қуатты қаламын бір сәт те қолынан түсірген емес, үнемі ізденісте болып, ұдайы шеберлігін шыңдай түскен. Оған көркемдігі жоғары әңгіме-хикаяттары, романдары, публицистикалық шығармалары айқын дәлел.
Тұрлыбек Мәмесейіттің былтыр жарық көрген «Тау мінезі» кітабына «Ата жұрт», «Қанды құйын», «Аңшы» және «Тау мінезі» атты хикаяттары енген. Бұл жинағын жазушы өзі іріктеп, дайындап, кезінде өзі барып министрлік мамандарына өткізген. Мәдениет және ақпарат министрлігінің бағдарламасы бойынша кітап болып жарық көріп, оқырманға жол тартты.
Қаламгер бұл жинағын баспаға әзірлегенде бірыңғай тақырыптағы төрт хикаятын топтастырғанында да үлкен мағына бар. Кітапқа енген хикаяттарда суреттелетін тақырыптар: табиғат, туған жер, адам және тағдыр. Онда Аспантаулар аясын мекен еткен адамдардың жанкешті тірлігі, Қарқара көтерілісі, кеңестік солақай саясаттың аяусыз соққысына тап болып, жазықсыздан-жазықсыз қуғын көріп, бүкіл бір ауылдың түгелімен қызыл қырғынға ұшыраған ауыр тағдыры көркем тілмен сомдалған.
Төрт хикаяттың қай-қайсысын да тебіренбей, толқымай оқу мүмкін емес. Жазушы еңбек демалысын алған кезінде құстай ұшып, Астанадан ауылына, одан әрі Хантәңіріне жетуге асыға-тұғын. Аптап сағынышы Хантәңірінің саумал-самалымен тыныстағанда ғана басылып, тау баурайындағы жалғыз шыршаның жайқалып өскенін әр көрген сайын жаны жай табатын болған. Атап айтар болсам, «Тау мінезі» хикаятындағы бір ғана деталь, жалғыз шырша оқиғасы осындай ой түюге жетелейді. Жазушы бала кезінде жалғыз шырша туралы әкесінен естіген оқиғаны жеріне жеткізе суреттейді. Әкесінің айтуынша, кеңестік қысымға шыдамаған ауыл тұрғындары Дөңарша асуы арқылы арғы бетке аспақ болады. Алайда арадан сатқын шығып, тиісті органдарға хабарлап қояды. Солдаттар ауыл тұрғындарын қуып жетіп, оқтың астына алып, бала-шаға, қарттарға дейін алдарына салып, ауылға қайта айдап апарады, содан кейін сұрақ-жауап алу, т.б. сүреңсіз тірлік басталады. Осы оқиғаны жазушы былайша өрбітеді: «…Аноу Әулиешоқының шығыс жағындағы сайды көрдің ғой. Содан аспақ болған. Сол асудың мұзына киіз төсеп, көштің алды өте бергенде, мына ауылға қуғыншы әскер келіп жетіпті. Жолды ешкім білмейді, әскердің бәрі орыс. Сонда, ауылда әлі бар, атын айтпай-ақ қояйын, әй, опасыз-ай, сол бастап келіп, көштің үстінен түсірген ғой.
Көшкен ел жаңағы Дөңаршаның үстіне қарауыл қойған. Ол жерден төменгі аңғар түгел көрінеді. Басқа жол жоқ. Әскерлерді бастап келген әлгі жол көрсетуші Екіашадан кейін Асутөрді өрлеп, мына жанымыздағы Сарыкөсенің асуымен келіп тура көштің үстінен түсіреді. Әуелі Дөңаршаның үстіндегі күзетті қарауылға алады. Қаперсіз отырған жас жігіттерді оқтың астына алып, орыс әскері шүріппені басып қалғанда, тас үстіндегі екеудің бірі домалап түсіп, сұлқ қалады да, екіншісі ыршып түсіп, тасты тасаланып атыса бастайды…» («Тау мінезі» кітабынан).
Жазушының баяндауынша, атыс-шабыстан кейін оққа ұшқан екеудің бірі өліп, бірі тірі жатқан. «Байғұс бала біреудің жалғызы екен. Қыршынынан қиылды. Әлгі сен бағана таңғала сұраған шілік арасындағы жалғыз шырша-жалғыз қарағай осы бейкүнә боздақтың көзі, белгісі шығар. Соның рухына Алла Тағаланың жіберген ескерткіші шығар…» деген әке сөзін келтіре отырып, жазушы зобалаңның зардабын тартқан халықтың қилы кезеңдегі тағдырын көз алдымызға әкеледі.
Жалпы, бұл хикаятқа кеңірек тоқталып, кейіпкерлер толғанысын келтіруімізге себеп – жазушы Хантәңірі баурайындағы жалғыз шырша образын сомдау арқылы кешегі кеңестік саясат құрбанына айналған ауылдастарына, бейкүнә боздақтарға осы шығармасымен ұмытылмастай ескерткіш қоюды мақсат еткендей. Жазушы ол мақсатына жеткен.
Тағы бір атап өтеріміз, арада қаншама жылдар өтсе де жазушы ауылға барған сайын Хантәңірі баурайындағы жалғыз шыршаны өз көзімен бір көруге аңсары ауып тұратын болған. Жалғыз шырша – ол үшін қымбат құндылық, балалық шағының сәулетті бір елесі ғана емес, ардақты әке айтқан шерлі шежіре ғана емес, жалғыз шырша – Хантәңірі баурайында азаттыққа ұмтылған боздақтардың көз жасымен суарылып, Жаратқан Иеміздің құдыретімен Дөңаршада бой тіктеген жұмбақ құбылыс. Оларды ұмытпауымыз үшін бізге жаратылыстың тартқан сыйы шығар, бәлкім.
Тау баурайында дүниеге келіп, тау самалы бетін өпкен, тұма бұлағынан сусынын қандырып өскен жан өмір бойы тауды аңсаумен болады. Тұрлыбек аға да Хантәңірін жиі сағынатынын, ешқашан ойынан да, сөзінен де бір сәт тастамайтынын қарымды қаламгердің жары, филология ғылымдарының кандидаты, ЕҰУ-дың қауымдастырылған профессоры Гүлнар Мамаева жиі айтып отырады. «Ауылға соңғы барып келіп жазған шығармасы – «Тау мінезі» хикаяты. Хантәңірін соңғы рет көріп, қоштасып қайтқан сияқты болып көрінеді кейде маған... Тұрекеңді Кеңсайға жерлеп қайтқан соң, ұлы Нартай маған «Тәте, қараңызшы, папам тауға қарап жатыр ғой» деді. Қарасам, Тұрекең Алатауға қарап жатыр екен» деп еді бір сөзінде Гүлнар Бейсенқызы. Тау-тұлғаға топырақ айбынды Алатау баурайынан бұйырыпты.
Иә, жазушы өмір бойы Әулиешоқысын қаламының қуаты жеткенше суреттеп өтті. Тұрлыбек аға жазғы бір демалысында Хантәңірінің баурайына барып, жалғыз шыршаны бетке алып суретке түсіп, сартап сағынышын басып қайтқанын біз мысалға келтіріп отырған хикаятында жазған. Сол соңғы сапары екен-ау. Туған жер көріністерін тағы бір рет зердесіне мықтап тоқып алып, «Тау мінезі» хикаятына нүкте қойып, оқырманға мұра етіп қалдыруына мүмкіндік берген Алла неткен құдіретті десеңізші!..
«Тау мінезі» кітабын қолыма алған сайын жазушы Тұрлыбек Мәмесейіттің болмыс-бітімі, тұлғасы көз алдыма келеді. Артында ұл-қызынан өрбіген ұрпақтары, жанашыр жары, тілектес, тілеулес дос-жарандары мен туған-туыстары, Еуразия ұлттық университетінде тәлімін алған дарынды шәкірттері және өшпес мұрасы – көркем шығармаларымен сусындайтын қалың оқырманы барда, көркемсөз шеберінің ардақты есімі ешқашан ұмытылмайды деп ойлаймын.
...Кей-кейде Тұрлыбек ағаның «Әй, үкімет бала» деген сөзі құлағыма келгендей болады...
Нұрлан ҚАЛҚА,
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты