• RUB:
    6.61
  • USD:
    519.57
  • EUR:
    612.78
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 09:45

Кристофер Кэмпбелл-Холт: Халықаралық қаржы орталығының беделі артып келеді

20 рет
көрсетілді

Биылғы Еуразиялық арбитраж апталығы, яғни EAW25 дауларды шешу саласындағы аймақтық және халықаралық сарапшылар қауымдастығын біріктіретін нағыз алаңға айналды. Сондай-ақ EAW25 бизнесті және мемлекетті қолдайтын үздік тәжірибелер мен инновациялық тәсілдерді насихаттап, ХТО мен Астананың өңірлік дауларды шешу орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтуға ықпал ететінін аңғардық. Бұл мәселеде тәуелсіз құрылым ретінде жұмыс істеп келе жатқан Астана халықаралық қаржы орталығының рөлі зор. Апталық кезінде АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығының тіркеушісі және аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холтпен арбитраж апталығы және халықаралық құқық тақырыбында сұхбат құрудың сәті түсті.

– Кристофер мырза, бұл апталық жетекші тө­решілерге, жеке тәжіри­бедегі және корпоративтік заңгер­лерге, саясаткер­лер мен ғалымдарға ар­битраж­дағы заманауи тә­жірибе, мүм­кін­діктер, сын-қатерлер мен шешім­дерді талқылауға мүмкіндік беріп келе жатқанын бай­қап жүрміз. Жалпы, бұл ауқымды апталықты кезекті мәрте Астанада өткізу қан­шалықты маңызды болып отыр?

– Биыл да Астанада дәс­түрлі Еура­зиялық арбитраж апталығын өткізіп отырмыз. Бұл – Халықаралық төрелік орталығы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыратын негіз­гі іс-шарамыз. Біз төрелік және дауларды шешу сала­сындағы жетекші әлемдік сарапшыларды – судьяларды, практиктерді және мамандарды Қазақстанға арнайы шақырдық. Әрине, мұндай жоғары деңгейдегі мамандарды бір алаңға жинау оңай шаруа емес, бұл біздің институттарға деген сенімнің артқанын көрсетеді. Елордадағы АХҚО Соты мен Төрелік орталығы үшін бұл – халықаралық аренадағы беделіміздің артып келе жатқанының дәлелі.

– Бұл жиын заңгерлер мен сала мамандарына қан­дай жаңа мүмкіндік береді?

– Форум дауларды шешу саласындағы әлемдік мамандармен ынтымақтастықты орнатуға және нығайтуға жағдай жасайтын бірегей мүмкіндік екенін айта кету керек. Біздің Астанадағы Халықаралық төрелік орта­лығы базасында бұл форум Қазақстанға деген сенімді арттыруға, елді Еуразияда­ғы сенімді инвестициялық орталық ретінде таныстыру­ға үлес қосары сөзсіз. Бұл – студенттер мен жас заңгерлерге, яғни осы саланың болашақ кәсіби көшбасшыларына әлемнің үздік мамандарынан үлгі алып, көп нәрсе үйренуге жол ашатын зор мүмкіндік. Біз Астанада, АХҚО базасында жаңа кәсіби стан­дарт­тар қалыптасты­рып, халықаралық құқықтық байланыстарды нығайту арқылы жас заңгерлер үшін нақты мүмкіндіктер ұсынып отырмыз.

– Дәл қазір АХҚО-ның стратегиялық негізгі мақ­саты ЕЭАО елдерін, Ор­талық Азия және Кавказ өңірін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде орнығу екенін білеміз. Қуантарлығы, өңірдегі бизнес өкілдерінің АХҚО-ға деген сенімінің артып келе жатқаны сезіледі. Себебі арбитраж апталығының жыл өткен сайын мәні артып келе жатқан сияқты. Өткен жылғыға қарағанда биыл қатысушылар қарасы көбірек көрінді.

– Біз шамамен 400 қаты­сушы келеді деп жоспарлаған едік, сол шамада болды. Яғни бұл былтырғы көрсеткіштен төрт есе артық. Біз келесі жылы бұл форумды одан да кең ауқымда өткізуді жоспарлап отырмыз. Негізгі мақсат – әлемнің ең білікті заңгерлерін Қазақстанға шақырып, оларды еліміздің инвестиция­лық климатының нығаюына үлес қосуға тарту. Олар АХҚО Соты мен Халықаралық төре­лік орталығының аясында ин­весторлардың құқықтарын халық­аралық құқықтың жоға­ры стандарттарына сай қор­ғауға мүмкіндік береді.

– Қазіргі жаһандық күр­делі геосаяси ахуал жағ­дайында бұл форумның Астана үшін қандай стра­тегиялық мәні бар?

– Форумның стратегия­лық мақсаты – халықаралық инвесторларға, соның ішін­де ірі бизнес өкілдеріне Қазақ­станда нақты әрі тартымды инвестициялық мүмкіндіктер бар екенін көрсету. Көп­теген инвестор бұл туралы біледі, бірақ ең маңыздысы – сенім. Яғни олар өзде­рі­нің инвестицияларының сенімді қорға­латынына көз жеткізуге тиіс. Көбіне жобалар потенциалдың болмауынан емес, құқықтық се­німсіздіктен жүзеге аспай қа­лады. Сондықтан бірнеше жыл бұрын Қазақстан бас­шылығының бастамасымен АХҚО Соты мен Халықара­лық төрелік орталығы­­ның құрылғанын білесіздер. Бұл форум – инвесторларға Қазақстанның құқықтық жү­йесіне сенуге болатынын жыл сайын еске салып отыратын бірегей алаң. Біз инвесторларға: «Қазақстанға келіңіздер, мұнда сіздің құ­қық­тарыңыз халықаралық стан­дарттарға сай қорғала­ды», деп ашық айта аламыз. Сенімді қалыптастыру – бас­ты мақсатымыз және мұндай шаралар осы сенімді нығайта түседі.

– Халықаралық төрелік орталығы Қазақстандағы инвестициялық климатты жақсартуға қаншалықты үлес қоса алды?

– АХҚО Соты мен Халық­аралық төрелік орталығы – өзара тығыз байланыста жұмыс істейтін, дауларды шешудің тәуелсіз институттары ретінде Қазақстанның тұрақты экономикалық бола­шағы үшін маңызды рөл ат­қарады. Қазақстанға инвес­торлар әртүрлі себеппен келе­ді, бірақ көп жағдайда, әсі­ресе шетелдік инвесторлар үшін осы орталықтардың болуы шешуші фактор болды. Әрине, ешкім соттасқысы келмейді – бәрі табыс табуды, қоғамға үлес қосуды және бедел қалыптастыруды қалайды ғой. Бірақ өмірде бизнес саласында да қиындық туын­дауы мүмкін. Сондай жағдайда инвесторлар әділ әрі сенімді құқықтық жүйеге жүгінгісі келеді. Біздегі халықаралық сарапшылармен жұмыс істейтін АХҚО Соты мен Төрелік орталығы – дәл сондай сенімді орталық. Бірнеше ірі корпорация бізге ашық түрде: «Егер осы орталықтар болмаса, біз Қазақстанға да, тіпті Еуразияға да инвестиция салмас едік», деп айтты. Бұны елдің экономикалық тұрақтылығына қосылып отырған зор үлес деп айтуға болады.

– Осы жолы Түркі Арбитраж қауым­дасты­ғымен жасалған меморандум туралы айтып өтсеңіз.

– Қазақстанның эконо­микалық дамуына үлес қо­сып жатқан көптеген мемлекет бар, солардың ішінде Түркияның орны ерекше. Түркиялық инвесторлардың құқын қорғауда біздің Сот пен Төрелік орталығының рөлі өте жоғары. Біз қазірге дейін 4 мыңға жуық іс қарадық. Олардың арасында күрделі, жүздеген миллион, тіпті миллиардтаған долларлық дау­лар да болды. Бұл істер сәтті шешім тап­ты. Солардың 114-і түр­кия­лық инвесторларға қатыс­ты. Ал жобалары – жолдар мен ауруханалардың, мек­теп­тердің құрылысы, яғни ел ин­фрақұрылымына және қоғамға нақты пайдасы бар.

Біз Түркі Арбитраж қа­уымдастығының жұмысын жоғары бағалаймыз. Бұл – маңызды және болашағы зор бастама. Апталық аясында біз осы қауымдастықпен жаңа ынтымақтастық меморандумына қол қойдық. Бұл бізге Түркиямен ғана емес, бүкіл түркі әлемімен құқықтық байланысты кеңейтуге мүм­кіндік береді. Одан бөлек, Ыстан­бұлда АХҚО Соты мен Халық­аралық төрелік орта­лы­ғының өкілдігін аш­тық. Бұл – біз үшін үлкен мақ­таныш. Бұл кеңсе Түркиядағы инвес­торларға Қазақстанға кел­мей-ақ, онлайн немесе сол жер­де отырып біздің қыз­мет­тері­мізді пайдалануына мүм­кін­дік береді. Олар инвес­ти­ция­лық дауларды әділ әрі кәсі­би түр­де шешу үшін енді жа­қын жерде орналасқан сенім­ді ар­­би­­траж алаңына жүгіне алады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Жасұлан СЕЙІЛХАН,

«Egemen Qazaqstan»