• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:07

Көтерілген мәселе жерде қалмайды

20 рет
көрсетілді

Сенат депутаттарының өңірлерге сапары жалғасын тапты. Кеше олар жергілікті сайлаушылармен кездесіп, аймақты алаңдатқан ахуалмен танысты. Сондай-ақ маңызы жоғары іс-шараға қатысып, сөз сөйледі.

«Рухани дипломатия мен әлемдік және дәстүрлі діндер­дің қасиетті мұрасын сақтау» атты халықара­лық конференцияда Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі түрлі сенімдер арасындағы дипломатия­ның рөліне тоқталды. Діни конфес­сиялар, ғылыми қауымдастық, дип­лома­тия­лық топтар және азаматтық сектордың өкілдері дінаралық диалог саласындағы сын-қатерді, сондай-ақ жаһандық бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтудағы келісім мен сенімнің маңызын талқылады. Конференцияда сөз сөйлеген Д.Қыдырәлі Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі қарсаңындағы кездесудің ерекше мәні бар екенін атап өтті.

«Президент дінаралық диалогке, келісім мен өзара түсіністікке ерекше мән береді. Бұл бағытта Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің Хат­шылығы мен Парламент Сенаты тарапынан ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Мұсылман ақсақалдар кеңесінің қызметі де еліміздің рухани дипломатия саласындағы бағыт-бағдарымен үндес. Өзгермелі әлемде рухани бағдарлар мен қасиетті мұраларды сақтау маңызды», деді Д.Қыдырәлі.

2 шілдеде сенаторлар Нұртөре Жүсіп пен Алтынбек Нұхұлы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушыларымен кездесті. Н.Жүсіп жоғары оқу орнының басшылығымен әңгіме барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазіргі заманғы отандық жоғары білім мен ғылым жүйесін қалыптастыруда шешуші рөл атқаратын Орталық Азиядағы ең көне және жетекші жоғары оқу орындарының бірі екенін атап өтті.

«Бүгінде жаһандық сын-қатер­лер мен қарқынды өзгеріп жат­қан әлем жағдайында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің маңызы арта түсті. Бұл – жай ғана білім беру мекемесі емес, білім үдетудегі ұлттың страте­гия­лық ресурсы, жаңа буын көшбас­шыларын тәрбиелеу және халық­аралық аренада еліміздің келбе­тін ілгерілету орталығы. Универ­ситетті қолдау және дамыту, оның дербестігін нығайту, халықаралық әріптестікті кеңейту, еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден талантты жастардың ағынын қамтамасыз ету – мемле­кет­тің аса маңызды міндеті», деді Н.Жүсіп.

Депутат А.Нұхұлы өз кезегінде ҚазҰУ үш деңгейлі білім жүйесін енгізудегі бастамашының бірі екенін атап өтті.

«ҚазҰУ тек оқытып қоймай, ұлт элитасын қалыптастырады. Парламент депутаттарының 25%-дан астамы, ондаған әкімдер, министрлер, ғалымдар, дипломаттар мен қоғам қайраткерлері – әл-Фараби атындағы университеттің түлектері», деді А.Нұхұлы.

Кеше Сенат депутаттары Бибігүл Жексенбай, Марат Қожаев және Геннадий Шиповских елордадағы Ұлттық балалар­ды оңалту орталығы мен қала­лық психикалық денсаулық орта­лығында болды. Кездесу барысында Мемлекет басшысының еліміз­де жүргізіліп жатқан әлеумет­тік реформаларға қатысты тапсырмалары туралы жан-жақты айтып берді және парламенттің ағымдағы заң шығару қызметі мен бастамалары бойынша қабылданған заңдардың ережелерін түсіндірді.

Ал сенаторлар Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтұғұтов Шығыс Қазақстан облысының Самар және Күршім аудандарында әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысымен танысты.

«Басым міндеттің бірі – ауыл балаларына сапалы білім беру. Ауылды сөзбен емес, нақты жобалар арқылы дамыту керек. Егер біз ауыл жастарын сақтап қалғымыз келсе, онда мектеп, спортзал, жол және медицина қаладағыдан кем болмауы керек», деді О.Булавкина.

Сапар барысында аудан және облыс әкімдерімен, мәслихат депутаттарымен және кәсіпкерлермен кездесулер өтті. Су құбырлары мен дене шынықтыру нысандарын салу, санитарлық қауіпсіздікті сақтау мәселелері мен туризмді дамыту мүмкіндіктері талқыланды. Сондай-ақ дәрігерлердің жетіс­пеу­шілігі, тегін дәрі-дәрмектер­мен қамтамасыз етудің кешігуі, әлеуметтік сала нысандарының жай-күйі, жастар саясаты мен жас мамандарға тұрғын үй беру секілді жүйелі мәселелер де қозғалды. Сенаторлар сапар қорытындысы бойынша көтерілген әрбір мәселе Сенат талқысына шығарылып, өңірді көтеруге бағытталған заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыруға уәде берді.