Елорда – жай ғана әкімшілік орталық емес, еліне тірек, еркін ойлы кәсіпкердің құтты қонысы. Бұл шаһарда индустрия замана көшімен қатар жүріп, ақылмен өрілген цифрлық шешімдер Smart City үлгісін өмірге әкеліп отыр. Қоғамның өзекті дертін кәсіппен емдеген әлеуметтік іскерлер де ел игілігіне еңбек етіп келеді. Индустрия, цифрландыру мен инклюзивтілік – осы үш бағыт алып ордада тоғысып, тұтас бір жаңа даму арнасын түзеген.
Технология алға жүрді
Кейінгі жылдары елордада әкімшілік пен қаржы орталықтары ғана емес, нақты өндіріс ошақтары да жандана бастады. Қаланың инфрақұрылымдық әлеуеті мен арнайы экономикалық аймақтың мүмкіндіктері жаңа зауыттар мен фабрикалар үшін қолайлы алаңға айналды. Солардың бірі – агроөнеркәсіп пен логистика саласын тоғыстырған, заман талабына сай технологиялармен жабдықталған өндіріс орны. Бұл жобаның жетекшісі – кәсіпкер Замира Кузиева.
Замира басқаратын өндірістік кәсіпорын бірнеше бағытты қатар алып жүр: ауыл шаруашылығына арналған орау материалдары, логистикалық шешімдер, техникалық компоненттер мен өнімдерді шығару. Бірақ негізгі басымдық агросекторға берілген.
– Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының іргетасы. Кейінгі жылдары бұл салада технологиялық жаңару жүріп жатыр. Біз де осы үдерістің бір бөлігі болғымыз келді. Бүгінде агроөнімдерді сақтауға, тасымалдауға арналған полипропилен қаптар мен биг-бэгтерді жасап шығарамыз. Бұдан бөлек, жануарларды тіркеуге арналған арнайы пломбалар мен сырғалар өндірісін де жолға қойдық, – дейді З.Кузиева.
Кәсіпорын полиуретан, полипропилен, поликарбонат сияқты полимерлерді өңдеумен айналысады. Өндірістік цикл толық автоматтандырылған. Қолданылатын құрал-жабдықтың бәрі Аустрия мен Германиядан әкелінген. Инжекциялық құю, роботтандырылған жүйелер, экструзиялық желілер өнім сапасын халықаралық стандартқа сай ету үшін қажет. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсеткен.
– Біз ISO стандарттарын ұстанамыз, ал жануарларға арналған сырғалар ICAR талаптарына сәйкес жасалады. Қазір өнімнің 60%-ы ЕАЭО елдері мен Еуропаға экспортталады. Қалған бөлігі ішкі нарыққа тарайды. Негізгі клиенттеріміз – ұн комбинаттары, цемент зауыттары, құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс ошақтары, – дейді кәсіпкер.
Зауытта қазір 120 адам еңбек етеді. Кәсіпорын кадр даярлау мәселесіне де ерекше көңіл бөледі. Елордадағы колледждермен, университеттермен серіктестік орнатып, дуалды оқыту мен өндірістік практика ұйымдастырып отыр. Сонымен қатар қаладағы жұмыспен қамту орталығымен де ұдайы байланыста.
Кәсіпорын арнайы экономикалық аймақ аумағында орналасқан. Бұл шығынды азайтуға, тиімді логистикаға және салықтық жеңілдіктерге жол ашады. Замираның айтуынша, дәл осы факторлар компанияны елордаға келуге итермелеген.
– Астананың инфрақұрылымы дамыған, кадр әлеуеті жоғары. Ең бастысы – географиялық жағынан тиімді орналасқан. Еуропа мен Ресейге экспорт бағытында логистикалық байланыстар орнатуға қолайлы. Сондықтан бұл жер өндірістік жобаларға өте тиімді. Біз елордада өндірісті бастау арқылы үлкен мүмкіндікке жеттік. Болашақта да осы қалада дамимыз. Мемлекеттің қолдауы, нарықтың қажеттілігі және экспорттық әлеуетіміз жаңа белестерге шығаратынына сенемін, – дейді кәсіпкер.
Цифрлық өндіріс өрге басып келеді
Өнеркәсіп саласының цифрлануы – стратегиялық міндеттердің бірі. Алайда бұл бағыттағы шешімдер көбіне импорттық өнімдерге тәуелді болып келгені белгілі. Осы олқылықтың орнын толтырып, отандық инновациялық шешім ұсынған компаниялардың бірі – «AG Tech». Компания отандық IT-нарықта индустрия 4.0 тұжырымдамасына сай келетін заманауи жүйелерді жасап, бірқатар ірі өндіріс ошағына енгізіп үлгерді.
Компанияның негізін қалаушы әрі басшысы Александр Подваловтың айтуынша, бүгінде «AG Tech» цифрлық өндіріс пен IT-инфрақұрылымды автоматтандырумен қатар, ірі жобалық жүйелерді әзірлеумен айналысып келеді.
– «AG Tech» – өндірісті автоматтандыру, радионавигация, IT-инфрақұрылым мен бизнес-аналитика саласында қызмет көрсететін компания. Басты мақтанышымыз – DMMS (Digital Monitoring and Management System) жүйесі. Бұл – отандық мамандар жасаған әрі әлемде баламасы жоқ өндірісті басқару платформасы. Осы жүйе арқылы өнеркәсіптік қауіпсіздікті, тәртіп пен еңбек өнімділігін жаңа деңгейге шығардық, – дейді А.Подвалов.
DMMS жүйесі қазір «Қазмырыш», «Қазақмыс», «Qarmet», «Kaz Minerals», «ШалкияЦинк», ERG, «Solidcore Resources» сияқты ірі индустриялық компанияларда табысты қолданыста. Онда 20-дан астам арнайы модуль бар: олар өндіріс қауіпсіздігінен бастап техниканы басқару, газды бақылау, бейнебақылау, адам іздеу мен апаттық хабарламаларға дейін барлық үдерісті қамтиды.
– Осындай платформалардың негізінде диспетчерлік-аналитикалық орталықтар құрып жатырмыз. Мәселен, 2022 жылы «ҚазМұнайГаздың» ұлттық диспетчерлік орталығын іске қостық. Ол ел ішінде мұнай өндіру, тасымалдау, өңдеу және сату үдерістерін қадағалайды. Одан кейін «Qarmet» компаниясының көмір департаментіне арналған осындай орталықты пайдалануға бердік. Бұл орталықтың жұмысын Мемлекет басшысы арнайы барып көріп, жоғары бағасын берді, – дейді кәсіпкер.
DMMS жүйесі 2024 жылы «Digital Almaty» форумында «Innovative Industrial Solution Award» жүлдесіне ие болды. Сонымен бірге, аталған орталықтар «Daktronics Inc. Sales Award» халықаралық сыйлығын иеленіп, Еуразиядағы ең озық шешімдердің бірі ретінде танылды.
– Мемлекеттік деңгейде «Сервисный центр 2.0» жүйесін жасап жатырмыз. Бұл – халыққа қызмет көрсету орталықтары мен басқа мемлекеттік сервис құрылымдарының жұмысын автоматтандыруға арналған платформа. Оның нәтижесінде бюджетке 85 миллиард теңге пайда келді. Біз әр салаға жекелеген шешімдер ұсынамыз. Мақсат – IT-өнім емес, толыққанды цифрлық платформа беру. Қазір «Smart City» тұжырымдамасы аясында Астана қаласына кешенді платформа жасау бойынша әкімдікпен жұмыс жүргізіп жатырмыз. «AG Tech» құрамында 200-ден астам маман жұмыс істейді. Алайда IT саласында кадр тапшылығы байқалады. Астанада жалпы қабілетті, талантты мамандар баршылық қой, дегенмен нақты сала мамандарын – архитекторды, жүйелік аналитикті, DevOps инженерін әр кез оңай табу мүмкін емес, – деп түсіндірді Александр.
Кәсіпкердің айтуынша, Астана алдағы 10 жылда Орталық Азиядағы ең ірі өнеркәсіптік және логистикалық хабқа айналуға қабілетті. Цифрлық индустрияны дамытуда ел астанасы басты рөлге ие болады.
– Біз Астанада алғашқы ірі жобамызды алдық. Осы жерде команда құрылды, идеялар туды. Бұл қала – технологиялық кәсіпкерліктің орталығы. Мұнда инвесторға да, мемлекеттік органға да тез жетуге болады, – деп түйіндеді сөзін.
«Kishkentai»-дың үлкен табысы
Бізде әлеуметтік кәсіпкерлік туралы түсінік әлі де бұлдыр. Біреулер оны қайырымдылықпен шатастырады, енді бірі мемлекеттік қолдауға арқа сүйейтін жоба деп қабылдайды. Алайда бұл ұғым – қазіргі бизнестегі жаңа мәдениет, жаңа жауапкершілік. Оның дәлелі ретінде біз Астанада жұмыс істейтін, «Kishkentai» бренді мен инклюзивті шеберхананың негізін қалаушы, Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының президенті Гүлмира Пармышеваны дәйек етуге болады.
Гүлмира Пармышева әлеуметтік кәсіпкерлікке кездейсоқ келген жоқ. Өмірдің өзі итермелеген. Оның ұлына аутизм диагнозы қойылған соң, барлық ресурсын баласына көмектесуге жұмылдырды. Сол кезде сенсорлық ойыншықтарды өзі жасап көріп, кейін бұл бағытты бизнеске айналдырды. Бүгінде «Kishkentai» жылдық айналымы 150 млн теңгеге жететін, оннан аса адам жұмыс істейтін тұрақты брендке айналған. Шеберханада 13 адам жұмыс істейді, оның 8-і ерекше қажеттіліктері бар азамат.
– Бірақ бізді әлі күнге дейін «мемлекет қамқорлығындағы кәсіпкер» ретінде қабылдайтындар көп. Мемлекетке қарап қалған, сұрай беретін топ сияқты көрінеміз. Шын мәнінде, әлеуметтік кәсіпкердің көбі ешқандай жеңілдік алмай-ақ жұмыс істеп жүр. Заңда 9 преференция қарастырылғанымен, іс жүзінде тек 2-еуі ғана жұмыс істейді. 5 млн теңгеге дейінгі грант (тек әлеуметтік кәсіпкерлердің ресми реестрінде тіркелгендерге ғана беріледі) пен «Даму» қоры арқылы ұсынылатын жеңілдетілген несие бағдарламалары ғана қолжетімді, – дейді ол.
Гүлмираның айтуынша, бүгінде әлеуметтік кәсіпкерліктің даму динамикасы өңірлер арасында тым алшақ. Ең басты орталықтар – Астана мен Алматы. Мысалы, ESG стандарттары, инклюзивтілік, әлеуметтік әсер туралы елордада жиі айтылады. Жаңа реформалар, жаңа жобалар алдымен осында іске асады. Алайда аймақтарға бұл әңгіме әлі жетпеген. Ал Астана әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытатын ең үлкен алаңдардың бірі болып отыр. Мұнда нарық, тұтынушы, қолдау құралдары және адам капиталы бар.
– Қазір Астанада сенсорлық интеграцияға арналған арнайы кешендер шығаруды қолға алдық. Жаңа өндіріс, жаңа бағыт. «Kishkentai»-дың ойыншықтарын Қырғызстандағы әріптестерге толықтай өткізіп жатырмыз. Әлеуметтік кәсіпкерлер туралы айтқанда, көбіне әсерлі әңгімелер, миссиялар алға шығады. Бірақ сандар да маңызды. «Kishkentai» жобасы 2019 жылы небәрі 2 млн 850 мың теңге грантпен басталған. Бастапқыда ай сайынғы айналымы 1,5–2 млн теңге шамасында болса, қазіргі көрсеткіш 13 млн теңгеге дейін жетті. Жылдық табыс шамамен 110–150 млн теңге аралығында, – дейді Гүлмира.
Айтуынша, мемлекет әлеуметтік кәсіпкерлікті шынымен қолдағысы келсе, ең алдымен инкубациялық бағдарламалар санын арттыруға тиіс. Қаражатпен ғана шектелу жеткіліксіз.