• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Елорда Бүгін, 11:00

Астана өнегесі

20 рет
көрсетілді

Астана елорда болғалы көптеген әлем көшбасшыларын қабылдады. Саясаткерлер жоғары деңгейде келіссөздер жүргізіп, әрдайым Астананы сенімді диалог алаңы ретінде мойындады. Себебі белгілі бір мемлекетке мәселенің түйінін тарқатамын деп барып, одан сайын ушықтырып алатын кездердің мысалы жетеді, ал қазақ елінен көбісі олжалы қайтатын.

Елорда мәртебелі меймандарды 2000 жылдан қарсы ала бастады. Мәселен, 2001 жылы тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай Рим папасы II Иоанн Павел Астанаға келді. Ал 2003 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші съезі өтті. Айта кетсек, бұған дейін түрлі дін басшылары бірігіп отырып осы саладағы мәселелер төңірегіндегі ойларын ортаға салмаған. Осылайша, дін секілді нәзік тақырып алғаш рет Астанада талқыланды.

2010 жылы еліміздің Еуро­падағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымына төрағалығы басталды. Осыған орай желтоқ­сан айында Астанада ұйымның жетінші саммиті өтті. 2017 жылы ЭКСПО көрмесі ұйым­дас­тырылды. Әлемнің түк­пір-түкпірінен 3 миллион адам Астанаға ағылды. Көрмеге 115 мемлекет, 22 халықаралық ұйым қатысты.

Сондай-ақ он жылдан аса уақыт бойы қақтығыстан көз аш­паған Сирияға қатысты ке­ліссөздер өткізуде Астана алаңы маңызды рөл атқарды. 2023 жылы Сыртқы істер министрлігі Сирия бойынша Астана процесінің ХХ раунды аяқталғанын мәлімдеген еді. Алты жыл ішінде 20 кездесудің 18-і елімізде өтті. Сарапшылардың айтуынша, осы кездесулердің нәтижесінде Сириядағы жағдай айтарлықтай түзелген. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 2024 жылдың 24–25 қаңтарында Астана процесі аясында Сирия бойынша 21 ха­лықаралық кездесу өткенін айтты.

Сонымен бірге Астана эко­номикалық күрмеулі мәселелердің түйінін тарқататын бірегей ор­талыққа да айналып келе жатыр. Жыл сайын экономикалық, қаржылық форумдарда сала мамандары түрлі деңгейдегі талқылаулар ұйымдастырып, соны пікірлерін ортаға салып жатады. Жақында өткен Астана халықаралық форумында Мем­лекет басшысы: «Қазақстан  Орталық Азияда экономикалық локомотив қызметін атқарып отыр. Еліміз бұрыннан Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы алтын көпір саналады. Біз шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырамыз және Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасаймыз», деп мәлімдеді.

Кейінгі жылдардағы іргелі бастамалар нәтижесінде Транс­каспий халықаралық көлік дә­лізінің маңызы артып, құзыреті кеңейді. Орта дәліз дейтін ортақ атауға ие бұл маршрут бүгінде Қытай мен Еуропалық одақты жалғап жатқан кең көлемді бағыт саналады. Айрықша маңыз берілген кейінгі жылдарда тауа­р ағыны еселеп артты, бұл өз кезегінде елімізді өңірдегі негізгі транзиттік хабқа айналдыра бас­­­тады.

Астана жаһандық климаттың өзгеруіне байланысты мәселені де күн тәртібіне шығарып, әлемдік көшбасшыларға диалог алаңын ұсынды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық кли­маттық саммит өткізу туралы ұсынысы – осының бір дәлелі. Еліміз, әсі­ресе, су ресурстарының жетіс­пеу­шілігіне алаңдаушылық біл­діріп, аймақтағы қуаңшылық пен су тасқынының алдын алуға ба­ғыт­­талған шешімдерді ұсынып отыр.

Бұған қоса, Қазақстан – аймақ елдерін Қытаймен байланыс­­тырып отырған көпір. Өткен айда Астанада өткен ІІ «Орталық Азия – Қытай» саммитінде аймақ елдері экономиканы дамытуға бағытталған бірқатар келісімге келді. Соның ішінде еліміз Қытай­мен ядролық энергетика саласында ынтымақтастық орнататын құжатқа қол қойды.

Жалпы, Астана алаңы әлемдегі жағдайды ашық талқылауға, жаһан алдында тұрған негізгі сын-қатерлер мен дағдарыстың сал­дарын айқындап, өзара ынт­ы­мақтастық диалогі арқылы аталған тәуекелдерге қарсы тұруға, мә­се­лелерді шешуге ықпал етіп келеді. Бүгінде Астана – көпжақты қа­тынастардың ортақ мәдениетін жаңарту мен қалпына келтіруде, сондай-ақ бейбітшілік пен ын­тымаққа бастайтын жиындарға бастамашылық етуде үлкен еңбек сіңіріп жатыр.