• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.58
  • EUR:
    609.36
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 09:50

Үздік тауар өндірушілер бас қосты

10 рет
көрсетілді

Қызылордада жергілікті тауар өндірушілердің қатысуымен «Қазақстанның үздік тауары – 2025» көрмесі өтіп, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жасалған өнімдер көпшілікке ұсынылды. Кейінгі жылдары өңірде өңдеу өнеркәсібі 18,2%-ға артып, өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 21%-дан асқан. Жылына 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны пайда болатын аймақта қазір 65 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеп тұр.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кәсіпкерлерге қайтарымсыз гранттардан бастап, жеңілде­тіл­ген несие мен мемлекеттік субсидиялар беру арқылы инвестициялық, қаржылық, инфрақұрылымдық қолдау көрсетіліп жатқанын айтты. Облыста алдағы 5 жылда құны 2 трлн теңге болатын 89 инвестициялық жобаны іске қосып, 11 мыңнан аса тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Биыл 302 млрд 500 млн теңгелік 27 жоба жүзеге асады деген жоспар бар. Түркиялық инвестор «Акса Энерджи» компаниясы салып жатқан жылу электр орталығы, заманауи кірпіш зауыты, жылына 1,1 млн тонна қиыршық тас шығаратын өндірістер іске қосылмақ.

Кондитерлік және макарон өнімдерін өндіретін кешен мен түйе сүтінен жылына 392 тонна құрғақ ұнтақ шығаратын зауыт бой көтереді. Кальциленген сода зауыты, «Шалқия» кен-байыту фабрикасы, көкөніс пен жеміс сақтау, алма шырынын шығару кешені, бес жұлдызды «Rixos» қонақүйі, кореялық «УизЮ» компаниясының тұр­мыстық қатты қалдықтар өңдейтін зауыты, «Севен Риверс» компаниясының бө­тел­ке шығаратын зауыты өңір өнді­рі­сі­не жаңа леп қосады деген үміт бар. Өңір­де биыл жеке кәсіпкерлікті қол­дау­ға қар­жы­лан­дырудың барлық көзінен 30 млрд теңгеден астам қаржы қарас­ты­рылады.

Шиелі ауданында былтырдан бері құрылысқа арналған құрғақ қоспалар шығарып келе жатқан «Orda Best Stroy» ЖШС өнімдері сұранысқа ие. Кәсіпорын иесі Абзал Ерназаровтың айтуынша, «Даму» қорынан алған 10 млн теңге несие өндірістік цех салуға жұмсалыпты.

«Құрғақ қоспалар ақ және сұр болып екіге бөлінеді. Ақтың негізгі шикізаты гипс болса, сұрдыкі – цемент. Біз кәсіп ашарда осыған назар аудардық. Қазір шикізатқа Шиелідегі «Гежуба цемент» зауытының өнімін пайдаланамыз. Құм да өзімізден шығады. Тек химиялық қоспаларды өзге облыстардан жеткізіп отырмыз. Цехта 10 адам жұмыс істейді. Өніміміз облыс аудандарынан бөлек көршілес өңірлерге кетіп жатыр. Өнім дайындауда Алматыдағы технолог мамандар әзірлеген қоспалар құрамын қатаң сақтаймыз», дейді ол.

Мемлекет қолдауымен аясын кеңейт­кен кәсіпорынның бірі – «Сыр жиһазы» ЖШС. Осыдан 30 жыл бұрын ісін ағаш бұйым­­дарын шығарудан бастаған мекеме 2009 жылдан бері қазіргі атауымен та­нымал. Тұтынушылар бүгінде 30-дан аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған серіктестікті сапаға жұмыс істейтін кәсіпорын деп таниды. Ағаш, бояу, пластикалық және жиһаз цехтарынан шыққан өнімдер сырттан келетін тауарлардан бір мысқал да кем емес. «Сыр жиһазы» үй мен кеңсе, мектеп және медицина мекемелері, сұлулық салондарына қажетті әдемі әрі сәнді жиһаздардың сан алуан түрін дайындайды. Біраз жыл бұрын «Даму» бағдарламасы арқылы аясын ке­ңейт­­­кен кәсіпорын өндіріске қажетті жаб­дық­­тар сатып алып, жұмыс өнімділігін арт­ты­руға ден қойды. Көрмеде серіктес­тік шы­­ғ­а­р­ған есіктер мен баспалдақтар қо­йыл­ды.

«Есікпен қатар 20 жылдан бері біздің кәсіпорын жасаған бесік те шетелдерге шығарылып келеді. Қайың ағашынан жаса­­латын бұл бұйымның жиналмалы түрі де бар», дейді серіктестік өкілі Әсия Қо­жах­­метова. Көрмеде дәл осы серік­тес­тік «Ха­лыққа арналған үздік тауарлар» аталымы бойынша 3 жүлденің бірін иеленді.

Үздік өнімдер байқауға түскен көр­меде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» және «Халыққа арналған үздік тауар­лар» аталымдары бойынша компания­лар марапатталды.

Қызылорда