Қонаев қаласында ашық суда жүзуден өткен халықаралық «Oceanman Kazakhstan – 2025» турнирі өз мәресіне жетті. Қапшағай суқоймасы аумағында ұйымдастырылған жарысқа әлемнің түрлі елінен 2000-нан астам спортшы қатысып, бес түрлі қашықтық бойынша бақ сынасты.
Елімізде төртінші рет өткізілген турнирге қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Бұл бұқаралық спорт пен саламатты өмір салтына деген халықтың ерекше ынтасын көрсетеді. Биылғы жарыстың басты жаңалығы – ерекше қажеттілігі бар 15 баланың қатысуы болды. Әр балаға тәжірибелі жүзгіштен арнайы серік бекітілді. Солардың бірі – танымал заңгер, 2019 жылы Ла-Манш бұғазын жалғыз жүзіп өткен алғашқы отандасымыз Ержан Есімханов.
«Бүгін мен Тұмар Мұратқызын алып жүрдім. Ол – нағыз қайсар қыз, 500 метрді сәтті жүзіп шықты. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген әртүрлі жастағы адамдарды біріктірген бұл біріншіліктің басты құндылығы – ашықтығы мен қолжетімділігі», деді Е.Есімханов.
Ересектер арасындағы «Inspiration» санатындағы 2 шақырымдық қашықтықта еліміздің алғашқы паралимпиада чемпионы, ұлттық құраманың капитаны Зүлфия Ғабидуллина жүлдегер атанды.
«Биыл 59 жасқа толдым. Бірақ спорттан кетуді ойлап жүрген жоқпын. Қыркүйекте Сингапурде өтетін әлем чемпионатына қызу дайындалып жатырмын. Жас спортшыларға айтарым – ешқашан тоқтамаңдар, алға ұмтылыңдар. Бапкерлеріңді естен шығармаңдар, олардың еңбегін бағалаңдар», дейді құрама капитаны.
5 шақырымдық «Half oceanman» жарысының 20–29 жас санатында Станислав Редько жеңіске жетті. Суда жүзу шебері Астанада жаттықтырушы болып қызмет етеді, бұрынырақта ашық суда жүзуден ел чемпионы атанған.
«Шебер» санатында тәжірибелі спортшыларымыз төрт алтын медальдың үшеуін иеленді. Әйелдер арасында ашық суда жүзуден спорт шебері, Орта Азия ойындарының күміс жүлдегері, суасты бағдарлаудан әлем кубогінің қола жүлдегері Ирина Лазарева абсолютті жеңімпаз болып танылды. Алматылық спортшы Қонаевтағы жарысқа үшінші жыл қатысып отыр. Үш ретте де жеңімпаздар қатарынан көрінді.
10, 5 шақырымдық қашықтықта жерлестеріміз Лев Черепанов пен Ғазиза Құмақбаева абсолютті чемпион атанды. 2 шақырым қашықтықтағы «Sprint» санатында Біріккен Араб Әмірліктерінен келген Родриго Малан мен отандасымыз Таисия Короткова жеңіске жетті.
«Oceanman» – әлемнің әртүрлі елінде өтетін бірнеше кезеңнен тұратын халықаралық жарыс. Маусым соңында финалдық жарыс ұйымдастырылады. Әр кезеңде үздік шыққан 10 ер, 10 әйел спортшы финалға жолдама алады. Биылғы финалдық сын желтоқсан айында Дубайда өтеді.
Алматы облысы