• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Жазғы лагерьдің жауапкершілігі жоғары

30 рет
көрсетілді

Жаз мезгілі – балалар үшін асыға күтетін демалыс кезеңі. Мектептің соңғы қоңырауы соғылған сәттен бастап олардың көбі ауылға ата-әжесінің қолына барады, кейбірі қосымша табыс табуға тырысады, ал біразы жазғы лагерьлерде демалуды жөн көреді. Бірақ бұл кезең ата-аналар үшін демалыс емес. Керісінше, баласының қауіпсіздігі мен пайдалы тынығуы үшін алаңдайтын, жауапкершілігі күшейетін уақыт. Осы орайда еліміздегі балалар лагерьлерінің жай-жапсары, қолжетімділігі және сапасы қоғам назарындағы маңызды мәселенің бірі болып отыр. 

Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сәйкес, елімізде мектеп жасындағы 3 миллион 200 мыңға жуық бала бар. Соның 87 пайызы жазғы демалысты лагерьде өткізеді. Дегенмен, бұл көрсеткіштің дені – мектеп жанындағы күндізгі лагерьлер үлесіне тиеді. Мысалы, мектептердің базасында ұйымдастырылатын лагерьлердің саны – шамамен 10 мың. Ал арнайы маусымдық лагерьлердің саны 200-ге де жетпейді. Демек, балалардың басым бөлігі тек түске дейін ғана жұмыс істейтін, мектеп жанынан ашылған лагерьлерде тынығады. Бұл бір жағынан, ата-аналар үшін қолайлы болғанымен, шынайы мағынадағы лагерьлік демалыстың орнын толық баса алмайтыны анық.

Мәселен ата-ана Сәулет Досымбекқызы балаларын жыл сайын мектеп жанындағы лагерьге беретінін айтады. Оның пікірінше, баланың үйде телефонға үңіліп отырғанынан гөрі, мектепке барып, түрлі үйірмеге қатысып, қатарластарының арасында жүргені пайдалы. «Лагерьде бос отырмайды. Киноға, театрға барады, қолөнер, музыка, шахмат үйірмелері бар. Бір мезгіл сергіп, ойын-сауық пен білімді ұштастырады»,  дейді ата-ана.

Алайда мұндай лагерьлердің барлығы бірдей сапалы және қауіпсіз деп айтуға келмейді. Былтыр Оқу-ағарту министрлігі лицензиясыз жұмыс істеп жатқан үш лагерьді анықтап, ондағы балаларды шұғыл түрде басқа орындарға ауыстырғаны мәлім. Биыл министрлік рұқсаты бар лагерьлердің толық тізімін ашық жариялауға кіріскен. Бұл – ата-аналар үшін пайдалы бастама. Сонымен қатар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап лагерьлерге қойылатын лицензиялық талаптар да күшеймек. Бұл қауіпсіздік стандарттарын жүйелеуге бағытталған маңызды қадам болмақ.

Жазғы тынығуға қатысты тағы бір мәселе – қолжетімділік. Бүгінде мемлекет әлеуметтік осал топтарға жататын балаларға лагерьге тегін жолдама беруді қарастырып отыр. Атап айтқанда, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын және жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, сондай-ақ жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және төтенше жағдай салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардың балалары тегін демалыспен қамтылады. Бұл үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер тиісті құжаттарымен жергілікті білім бөлімдеріне, білім басқармаларына, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына немесе eGov порталы арқылы өтініш бере алады.

Мемлекет осы санаттағы балаларды қолдап жатқанымен, тағы бір ескерілетін мәселе бар. Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаевтың айтуынша, әлеуметтік осал топқа жататын балаларды ғана қолдап, жақсы оқитын дарынды балаларды назардан тыс қалдыруға болмайды. «Олар да ынталандыруға лайық. Еңбегі бағалануы керек», дейді депутат.

Сонымен қатар депутат Ғ.Сарыбаев ауыл балаларының жазғы тынығуы туралы да ұмытпау қажет екенін айтып, ауылды аймақтарда лагерьлерге арналған инфрақұрылымды дамыту керек деген ұсыныс білдірді.

Шынында да, қаладағы мектептерде лагерь ашу қалыпты құбылысқа айналса, ауылдарда мұндай мүмкіндік шектеулі. Көп жағдайда балалар жаз бойы бос жүріп, уақытын тиімсіз өткізеді. Депутат аталған мәселені шешудің бір жолы ретінде кәсіпкерлерді тарту керек екенін айтты. Егер мемлекет тарапынан белгілі бір салықтық жеңілдіктер ұсынылса, демеушілік көрсетуге ниетті азаматтар да табылуы мүмкін.

Жазғы лагерьлердің ұзақтығы – көбіне екі аптамен шектеледі. Осы уақыт аралығында бала жаңа ортамен танысып, шығармашылық қабілетін дамытып, әлеуметтік бейімделуге үйренеді. Алайда мұндай қысқа мерзіммен ғана шектелу лагерь жүйесінің әлеуетін толық ашуға мүмкіндік бермейді. Қаржы – тағы да басты кедергі. Сондықтан демеушілік пен қоғамдық серіктестік тетіктерін тиімді пайдалану – маңызды талаптың бірі.

Жалпы алғанда, жазғы тынығу – жай ғана демалыс емес. Бұл – баланың өміріндегі жаңа тәжірибеге, жаңа ортаға бейімделу кезеңі. Сол себепті бұл бағыттағы мемлекеттік саясат пен қоғамның назары жүйелі әрі сапалы болуы тиіс. Баланың алаңсыз тынығуы мен қауіпсіздігі – ата-ана мен мемлекет үшін ортақ міндет. Ең бастысы – жаз мезгілі ойын-сауықпен ғана емес, тәрбиелік, танымдық тұрғыдан да пайдалы кезеңге айналуы қажет.