• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тарих Бүгін, 09:18

Көне карталарда – қазақ мемлекеттілігі

30 рет
көрсетілді

Тарихты сезіну, тереңіне бойлау, одан ұлт дамуы дерегін іздеу – қоғамдық сананың жоғары деңгейі. Өткенді біліп, бүгін мен болашақты бағдарлауға білім мен білік керек. Бізде Қазақстан тарихын карта арқылы зерттейтін мамандар тапшы. Сондай отандық санаулы ғалымның бірі – Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры, PhD, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров. Ол мемлекетіміздің көне карталарда жан-жақты бейнеленуі тарихи-географиялық айғақ екенін алғаш болып дәлелдеді. Ғалым пәнаралық сала аясында тарих, саясаттану, география, лингвистика бағыттарын ұштастырып, табысты зерттеу жүргізіп келеді.

М.Сыдықназаровтың ғы­лыми зерттеу жұмыстары елі­міздің өткенін қайта зерделеуге, мемлекеттілігіміздің тарихи негіз­дерін жаңаша қарауға жол ашқанын гуманитарлық сала мамандары мойындайды. Бұл ретте ғалымның көпжылғы еңбегі тарихи картография – қазақ халқының саяси-географиялық тұтастығын дәлелдейтін ерекше құнды дереккөзі ретінде зер­делеуге бағытталған. Қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақ­тастығы мен әлемдік деңгейдегі танымын арттыру – ұлттық сананы жаңғыртудағы маңызды бағыты. Орта ғасырлар мен жаңа заман карталарындағы Қазақ мемлекетінің бейнесі – ұлттың өткеніне деген айрықша құрмет.

Еуропа мен Американың белгілі мұрағаттары мен ғылыми орта­лық­­тарынан мыңдаған құнды тарихи карталарды жинап, зерттеуінің нәтижесінде М. Сыдықназаров XV–XIX ғасырлар ара­лығында «Қазақстанның үзіліс­сіз мемлекеттілігі» тұжы­рым­дамасын ғылы­ми айналымға енгізді. Оның екі бірдей іргелі жұмысы 2021, 2024 жылдары Брюс­сель қаласында жарық көрді. Олар: «Қазақстанның үзіліссіз мем­ле­кеттілігі тарих тол­қынында. XVI-XIX ғасырлардағы еуропа­лық және амери­калық карта­ларындағы Қазақ мем­лекеті» және «Қазақстанның үзіліс­сіз мем­ле­кеттілігі тарих толқы­нын­да. XV-XIX ғасыр­лардағы еуропалық және амери­ка­лық кар­та­ларындағы Қазақ мемлекеті».

Ғалымның нақты карто­гра­фиялық дәлел-дәйекке негізделген «үзіліссіз мемлекеттілік» тұжы­­рымдамасы – қазақ тарихын зерттеуде аса құнды ой-түйін деп есептейміз. Себебі қазақ мем­лекеті XV ғасырдан бері халық­аралық деңгейде мойын­дал­ған мемлекет ретін­де көп елдің карталарында көр­сетілген. Бұл – бұрынғы тарих­на­мадағы дүдәмал, даулы пі­кір­­­лерге нүкте қоятын, қазақ мем­лекеттілігінің көпғасырлық тұтас саяси-территориялық дамуын айқындап берген бастама. М.Сыдықназаров зерттеулерінде ұлттық ономастика, тарихи лексикология, этнонимдер мен топонимдер қайта жаңғырды. Ғалым анықтап зерттеген жәдігерлерде қазақ этнонимдері мен атаулары бірнеше тілде транскрипцияланып жазылып, сақталған. Сондай-ақ Қазақ мемлекетінің демографиясына да қарасты мәлімет тапқан. Айталық, 1822, 1856 жылдардағы француз карталарында халқымыздың саны 4,5 миллион деп көрсетіліпті. Бұл дерек XX ғасырдың басындағы қазақтың демографиялық өсу динамикасын растайды.

Ғалым қазақ мемлекеттілігіне қатысты жүздеген полито­нимді анық­тады. Соның ішінде, әсіресе «Жете» мемле­кеті­нің атауы мен аумағы және осы­ған қарасты автордың ғылыми қорытындыларын жаңа­лық деп санауымызға болады. М.Сыдықназаров қазақ мем­лекет­тілігін этностық біре­гейлік факторы ретінде жүйеледі, қазақ мемлекеттілігінің үзіліссіз тәуел­сіздігін нақты дәлелдеді.

Мұхит-Ардагер еңбектері Қазақ мемлекетінің бұрын беймәлім бол­ған ортағасырлық қалаларын ашуға және олардың орналасқан жерлерін нақтылауға өз септігін тигізіп отыр. Заманауи әдістерді қолдану ар­қылы автор қазақ мемлекеттілігі дамыған аумақтағы 25-ке жуық қа­ла­­ларды анық­тады (Шайбаншақ, Қосмай, Солқанат, Масуиз, Рисан, Найям, Рауоры, Барскөл, Анниби, Найманорум, Лакмары, Жерүм, т.б.). Оған қоса қазіргі Атырау өңірінен (Каспий теңізі) осы уақытқа дейін белгісіз Шайсуре/Бахтияр шығанағын айқындады.

Ғалым Қазақ мемлекетінің алты ғасыр бойғы үзіліссіз дамуын дәлелдей келе, тарихи тұлғалар жө­нінде жаңа маңызды мәліметтер және дипломатиялық бас­тамалар жөнінде құнды ақпа­рат тапты. Мысалы, XV ғасыр­да дайындалған ге­нуялық әлем картасында қазақ ханы Жәнібектің суреті мен 1557–1576 жылдары Англияда патшайым І Елизавета сарайындағы Қазақ мемлекетінің алғаш­қы дипло­матиялық өкілі Ару-Сұл­танның портреті және осы әйел дипломат жөнінде Британ кітапханасы архивтеріндегі хроникалық деректер.

Мұхит-Ардагер Сыдық­на­за­ров­тың зерттеулері тарихи картографияны жеке ғылыми бағыт ретінде қалыптастыруға ықпал етіп жатыр. Бұл ретте тарихи карталар тек географиялық емес, саяси, дипло­матиялық, лингвистикалық, идео­логиялық ақпарат көзі ретінде де қаралған. Ғалым­ның зерттеулері тарихи географияға, қазақ мемле­кет­ті­лігінің бастауына, этнология, мәдениеттану, түркітану, топонимика, ономастика саласына жаңа серпіліс әкелді.

Бүгінде Еуропа ғылыми қауымы М.Сыдықназаров еңбектеріне жіті назар сала бастады. 2023 жылы Француз Ғылым академиясы ғалымды арнайы ша­қыртып, арнайы баяндама жасатты. 2024 жылы Польша Ғылым академиясының шақыруымен осы елдің ғылыми жиыны мінберінен сөйлеп, жоғары баға алды. Ол «Қазақ мемлекетінің XV-XIX ғасырлардағы Еуропа және Америка кар­талары галереясын» Брюссель, Лондон, Париж, Чикаго, Сан-Франциско, Варшава, Мәскеу, т.б. қалаларда таныс­тырды. Бұл галерея елімізде (Алматы, Астана, Ақтөбе, Шымкент, Көкшетау, Түр­кістан, Өскемен, Қарағанды, Орал) ұсынылды.

Қорытындылай келе айтарымыз, Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың «Та­рих толқынындағы Қазақ елінің үз­діксіз мемлекеттік дәстүрі. XV–XIX ғасыр­лардағы Еуропа мен Амери­ка кар­таларындағы Қазақ мем­лекеті» атты ғылыми еңбегі 2025 жылы А.Бай­тұрсынұлы атындағы гумани­тар­лық ғылым­дар саласындағы Қазақ­стан Респуб­ликасының Мем­лекеттік сыйлығын алуға толық лайық­ты деп санаймыз.

 

Тұяқбай Рысбеков,

 ҚР ҰҒА құрметті мүшесі,

 Әсет Тасмағамбетов,

тарих ғылымдарының  докторы, профессор