Атырау облысында көкөніс пен бақша дақылдарын жинау науқаны басталды. Биыл бұл жұмысқа 501 шетелдік маусымдық жұмысшы тартылған. Бұл туралы Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Басқарманың бөлім басшысы Азат Қапановтың айтуынша, 2024 жылы облыс бойынша 8 735 гектар жерге көкөніс пен бақша өнімдері егілген. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 66%-ға көп. Яғни, қосымша 3 492 гектар жаңа алқап игерілген.
«Биыл көктемгі дала жұмыстары белгіленген мерзімде, барлық агротехникалық талаптарға сай аяқталды. Ауыл шаруашылығының барлық бағыты бойынша көрсеткіш өсіп келеді. Егістік көлемінің артуы мемлекеттік қолдаудың және шаруалардың жүйелі еңбегінің нәтижесі. Маусымдық жұмыстарға қажетті жұмыс күші де толық қамтылды», дейді басқарма өкілі.
Маусымдық жұмыстарға жұмыс күшін тарту үшін 670 шетелдік азаматқа квота бөлінген. Оның ішінде 501 адамға 1 шілдеде ресми рұқсат берілген. Қазір бұл жұмысшылар егістіктегі өнімдерді жинауға кіріскен. Алғашқы нәтижелер де бар. Қазірге дейін 435 гектар жерден 6 940 тонна өнім жиналған.
Сонымен қатар 300 гектар алқаптан 1 680 тонна мал азығы алынған.