• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 10:16

Белгілі санаттағы адамдардың бәс тігуіне жол берілмейді - Әділет Тұрғанбаев

20 рет
көрсетілді

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің подкастында Бірыңғай есепке алу жүйесін (БЕЖ) енгізу мәселесі кеңінен сөз болды. Мамандардың айтуынша, бұл жүйе құмар ойындарға тәуелділікті азайтуға және осал топтарды қорғауға бағытталған тиімді цифрлық шешім болады, деп хабарлайды Egemen.kz.

ҚР Туризм және спорт министрлігіне қарасты Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетінің төрағасы Әділет Тұрғанбаев атап өткендей, БЕЖ жүйесі борышкерлердің, сот шешімі шыққан тұлғалардың, мемлекеттік қызметкерлердің, әскери және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құмар ойындарға қатысуына автоматты түрде шектеу қояды.

Сонымен қатар жүйе қатысушыларды арнайы тізімдер бойынша тексеріп, рұқсат етілмеген азаматтарды автоматты түрде ойыннан шеттетеді. Сонымен қатар, сәйкестендіру екі деңгейде жүргізіледі, оның бірі – биометриялық тексеру.

«Қазіргі уақытта біздің бірінші кезектегі міндетіміз – кәмелетке толмағандарды, борышкерлерді, өзін-өзі шектегендерді және заң бойынша құмар ойындар ойнауға құқығы жоқ басқа да санаттағы азаматтардың бәс тігуіне жол бермеу», - деді Тұрғанбаев.

БЕЖ сонымен бірге адамның бәс тігуге деген әрекеттерін талдай отырып, тәуелділікке бейім мінез-құлықты ерте кезеңде анықтайды. Бәс тігудің жиілігі мен сипаты талданып, қажет болған жағдайда жүйе мұндай ойыншыларға көмек қажет екенін ескертеді.

«Біз халықаралық тәжірибені зерттедік. Мысалы, кейбір елде адам шектен асып кетпеуі және тәуелділікке түспеуі үшін бәс тігудің жиілігін шектеу қарастырылған. Мұндай жүйе бәс тігуге көп уақыт жұмсаған ойыншыға «ойланып алу кезеңін» ұсынады»,  деді ҚР ҚМА Превенциялар басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Мүліков.

Дәурен Мүліков бұл тәсіл адамның ақшадан ғана емес, өзін-өзі бақылаудан да айырылып жатқанын түсінуіне көмектесетінін атап өтті.

«Егер адам қайта-қайта ұтылып, тоқтай алмай жатса, жүйе оны уақытша шектей алады. Бірақ егер ол ұтса, - жүйе әрекетін бұғаттамайды. Алгоритмдер бәс тігудің жиілігі мен сипатын ескереді»,  деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар, БЕЖ жүйесі пайдаланушыларға ай сайынғы бәс тігу саны мен көлеміне жеке лимит орнатуға мүмкіндік береді. Егер ойыншы бұл лимиттен асып кетсе, жүйе жаңа бәс қабылдамайды.

Дәурен Мүліковтің дерегіне сүйенсек, жыл сайын шамамен 200 адам құмар ойынға байланысты өз-өзіне қол жұмсайды, бірақ денсаулық сақтау жүйесінде тіркелгендер саны өте аз. Осыған орай, БЕЖ жүйесі азаматтарға психологиялық көмек алу қажеттілігі жөнінде хабарлама жіберіп, қолдау көрсететін орталықтармен байланыс орнатуды жоспарлап отыр.

«Жүйе адамға «сізде проблема бар, сізге психологиялық көмек қажет» деп жазады. Біз мемлекеттік және жеке орталықтармен байланыс орнатамыз. Бұл төтенше жағдайларға жеткізбеу үшін алдын алу шарасы болады»,  деді Әділет Тұрғанбаев.

 

Спикерлердің айтуынша, БЕЖ Қазақстандағы тәуелділікті ерте анықтауға арналған алғашқы құрал болады және мыңдаған азаматты қайғылы жағдайдан сақтауға септігін тигізеді.