Шымкент қаласының төтенше жағдайлар қызметі жаңа көліктермен толықты. Өрт сөндіру мен құтқару техникалары ТЖД материалдық-техникалық базасын нығайту бағдарламасы аясында жеткізілді. Көлікпен бірге ТЖД 25 қызметкеріне жергілікті «Қамқор» бағдарламасы арқылы ипотекалық пәтер кілттері мен арнайы киімдер тапсырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ТЖД басшылығы мен жеке құрамы қатысты. Айта кетейік, жаңа техникалар қалалық әкімдіктің қолдауымен сатып алынған.
Мегаполис басшысы жаңа техникалар министрлік пен қалалық әкімдіктің қолдауымен сатып алынғанын жеткізді. Сонымен бірге төтенше жағдайлар қызметіне қамқорлық жасау азаматтық қорғаныс жүйесін күшейтуге, құтқарушылардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал ететінін мәлімдеді.
«Төтенше жағдайлар қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында іске асырылып отыр. Осыған орай қала әкімдігі алдағы уақытта да тиісті министрлікпен бірге азаматтық қорғау жүйесін күшейтуді жалғастыра береді. Сондай-ақ адам өмірі мен қауіпсіздігі үшін күресетін қызмет өкілдерін техникалық жарақтандыру мен әлеуметтік қолдау да жергілікті атқарушы биліктің әрдайым назарында тұрады» деді қала әкімі.
Шаһар басшысының айтуынша, ТЖД-ны материалдық тұрғыдан дамыту мегаполисте тұрақты жүзеге асырылып келеді. Соның бір айғағы жуырда қаладан ашылған жаңа өрт сөндіру деполары.
Сонымен салтанатты іс-шара барысында құтқару бөлімшелеріне автоцистерналар, сорғы-жеңді автомобильдер, автокрандар, авариялық-құтқару автомобильдері және көбікті сөндіру техникасын қоса алғанда 40 дана заманауи техника түрлері тапсырылды. Бұл материалдық-техникалық базаны жақсартумен бірге құтқарушы жасақтардың төтенше жағдайларға дайындығын арттыра түспек.
Шымкент