• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Кеше

Шеберлік пен шыңдалу турнирі

30 рет
көрсетілді

Қарасай ауданындағы Олимпиадалық даярлау орталығында еліміздің Master Athletics, жеңіл атлетика федерацияларының қолдауымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында жеңіл атлетикадан «Alatau 2025» ашық халықаралық турнирі өтті.

Бұқаралық шараға еліміз­дің барлық аймақ­та­рынан жүгіруді айнымас әдетке айналдырған 300-ден астам спортшы қатысты. Сонымен қатар Бол­гария, Ресей, Беларусь, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан мемле­кеттерінен келген желаяқтар да жарыс жолына шықты.

Үш күндік бәсекеде 18 бен 85 жас аралығындағы жеңіл атлеттер байқау бағдарламасына сәйкес өнер көрсетті. 18 бен 34 жас аралығында әуесқойлар жарысы, WMA халықаралық стандарттарына сәйкес Masters чемпионаты (35+), түрлі қашықтықтарға жүгіру, эстафеталар, секірулер, лақтырулар сынды спорт түрлері бойынша жарыс көрігі қызды.

«Турнирді ұйымдастырудағы мақсатымыз – еліміздің басты құндылығы қарттарға құрмет, қалың бұқараның спортпен айналысуына мұрындық болу», дейді «Қазақстандық Masters Athletic федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Тұрар Әбуталиев.

Жарысқа әлем, Азия чемпио­ны Сергей Поликарпов, халық­аралық дәрежедегі спорт шебері, 70+ марафон маршрутының қатысушысы Марат Балтабаев, Күләш Төлебаева, Римма Воево­дина, Валерий Жұмаділов, Любовь Асанова сынды танымал спортшылар қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатына Алматы облысы ішкі сая­сат басқармасының басшысы Ерік Әбитов арнайы қатысып, қатысушыларды құттықтады.

«Халықаралық ашық турнир – спорттық дода ғана емес, еліміздегі бірлік пен келісімнің, жастар мен аға буынның са­бақ­тастығының, саламатты өмір салты мен белсенді ұзақ ғұ­мыр­дың нақты көрінісі, елі­міздің ашық­тығының, достық­қа, бей­бітшілікке, спорт арқылы бірігуге деген ұмтылысының айқын дәлелі. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған шара – этносаралық татулықты, қоғамдық келісімді нығайту­дың үлгісі. Алматы облысы – әр­дайым қоғамдық бастамаларға, азаматтық қоғам институттарына, еріктілер қозғалысына қолдау көрсетіп келе жатқан өңір. Біз мұндай спорттық-мәдени іс-ша­раларды жалғастырып, жас буынға үлгі етуге әрқашан дайын­быз», деді Ерік Әзілжанұлы.

Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасы­ның орынбасары Марат Әзіл­ханов­тың құттықтауын жет­кізді. Онда: «Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен жеңіл атлетика, «Master Athletics Kazakhstan» федерация­лары бірлесіп өткізіп отырған спорттық шара – этностар арасындағы достықтың, бірліктің, өзара құр­меттің жарқын көрінісі. Ассамблея бұл турнирдің қо­ғам­дық серіктесі бола отырып, спорт арқылы елдік құн­дылықтарды ілгерілетуді мақсат етеді. «Alatau 2025» турнирі – спорттың өзара сенім мен қолдауға негіз бола алатынының айқын дәлелі», деп жазылған.

«Ашық чемпионаттың бағ­дар­ламасы кәсіпқой жарысқа ұқсас. Турнирдің артықшылығы – бәсекеге кез келген азамат қаты­сып, Қазақстан чемпионы атана алады. Бұл жеңіл атлетика ережесіне сай және ресми атақ болып есептеледі», дейді танымал спортшы Валерий Жұмаділов.

Ашық чемпионаттың ең жасы үлкен қатысушысы 84 жас­­­тағы Ұлан Хасенов ақсақал. «Спорт – адамның денсаулы­ғын жақ­сартып, өмірін ұзартады. Сол себепті бір мезгіл жүгіріп, шы­нығып тұрудың пайдасы зор. Баскетболдан арнайы команда жасақтадым. Ойыншылардың ең жасы 60-та болса, ең үлкені өзім. Осыған дейін 10 шақырымдық ­10 марафонға қатыстым», дейді ­ардагер-спортшы.

Алғаш рет 12 адамнан бастау алған «Alatau 2025» чемпионатына қатысушылар саны биыл 300-ден асқан. Елімізде төртінші мәрте өтіп отырғанымен, саламатты өмір салтын насихаттайтын бұл жарыс түрі әлем ел­дерінде жарты ғасырдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді екен.

Алматы облысы