Сенаторлар өңірлердің күзгі-қысқы кезеңге және жаңа оқу жылына дайындығымен танысты. Сондай-ақ балалардың жазғы лагерьдегі жағдайын көрді.
Сенатор Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысының әкімдерімен, облыстық мәслихат депутаттарымен және ардагерлер қоғамдастығының өкілдерімен жылыту маусымына дайындық, инфрақұрылым жобаларын іске асыру, бюджеттің атқарылуы және мемлекеттік қаржыны пайдаланудың тиімділігі мәселелерін талқылады.
«Ұлттық мақсатты өңірлермен тығыз байланыссыз жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл жерде адамдар күнделікті өмірде немен бетпе-бет келетінін байқауға болады. Мұндай сапарлар мемлекет деңгейінде жүйелі шешуді және қолдауды қажет ететін мәселелерді терең түсінуге мүмкіндік береді», деді сенатор.
Депутат коммуналдық қызметтердің күзгі-қысқы кезеңге дайындығына, әлеуметтік және инженерлік нысандар құрылысының барысына қанығып, өңірде орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстардың сапалы болуын еске салды.
Сенат депутаты Талғат Жүнісов Ақмола облысындағы Бурабай және Бұланды аудандарында болып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысымен танысты. Ол сондай-ақ Кенесары және Қатаркөл ауылдарында мәдени орталықтар құрылысында, Щучинск қаласында орман шаруашылығы, экология және туризм жоғары колледжінде болды. «Звездный» лагерінде болған кезде балаларды орналастыру, тамақтандыру және бос уақытты өткізу барысымен танысты, мекеме ұжымымен әңгімелесті.
Бұған қоса депутат Атамекен ауылдық округіндегі Жасыл және Шиелі ауылдарында су құбырын салу жобаларын іске асыру барысымен танысты. Бұланды ауданының Вознесенка ауылында болып, мәдени орталық құрылысын және көпірді қайта жаңарту жұмысын көрді. Ол Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицей мен Макинск қаласындағы №1 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Ұстаздармен әңгіме барысында жаңа оқу жылына дайындық, оқу орындарын жарақтандыру және оқытуға жағдай жасау мәселелері көтерілді.
Ал Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Әдеп жөніндегі комиссияның кезекті отырысына қатысты. Ол өз сөзінде қазіргі әлемде болып жатқан шұғыл өзгерістер жағдайында мемлекеттік қызмет қоғам назарында екенін атап өтті. Оның айтуынша, азаматтар мемлекеттік қызметшілерден құзыреттілікті ғана емес, биік адамгершілікті, әділдік пен адамға құрмет көрсетуді күтеді. Сондықтан олардың мінез-құлқының этикалық ережесін қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басымдығына айналды.
«Бұл комиссияның дамуы мемлекеттік басқаруда адалдық, азаматтардың құқығын құрметтеу, қоғам мүддесіне қызмет ету сияқты құндылықтарды бірінші орынға шығаратын ауқымды реформаның бөлігі болуға тиіс. Сонымен қатар цифрлық трансформация және қоғамдық бақылау күшейе түскен жағдайда мемлекеттік қызметшілердің кез келген іс-әрекеті айқын болады. Демек, олардың мінез-құлқына қойылатын талап та қатая түседі. Сондықтан Әдеп жөніндегі комиссия төреші ғана емес, әділ және ашық мемлекеттік басқарудың тәлімгері, кеңесшісі және кепілгері болуға тиіс», деді Н.Жүсіп.
Депутаттың айтуынша, Президент өз Жолдауларында мемлекеттік қызметтің этикалық мәдениетін арттыру, меритократия, ашықтық және халыққа қызмет ету қағидасына негізделген басқарушы элитаны қалыптастыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық көрінісіне мүлдем төзбеу қажеттігіне назар аударып отыр. Бұл тұрғыда Әдеп жөніндегі комиссия тек консультативтік орган емес, мемлекеттік басқаруды жаңғырту жөніндегі Президент саясатын іске асырудың тиімді тетігі болуға тиіс.