АҚШ астанасы Вашингтонда кәсіпқой бокс кеші өтті. Жарыста Қазақстанның белді боксшылары – Данияр Елеусінов пен Иван Дычко өнер көрсетті.
Жартылай орта салмақтағы Олимпиада мен әлем чемпионы, Азия ойындары мен құрлық чемпионатының жеңімпазы Данияр Елеусінов филиппиндік Джеймс Бэконмен (26-5, 17 КО) жұдырықтасып, оны екінші раундта ұрып жықты. Бұл – қандасымыздың кәсіпқой рингтегі он үшінші жеңісі (8 КО). Соңғы рет Данияр былтыр 28 қыркүйекте Алматыда Филиппиннің тағы бір өкілі Джо Нойнаяны (23-5-2, 11 КО) ойсырата ұтқан еді.
Аса ауыр салмақтағы Иван Дычко америкалық Сэмюэль Кроссдпен (11-4-1, 7 КО) күш сынасты. Лондон мен Рио Олимпиадасында қола медальды иеленіп, әлем чемпионатында үш рет жеңіс тұғырына көтерілген әйгілі отандасымыз бәсекелесін бірінші раундта сұлатып салды. Бұл – Иванның кәсіпқой рингтегі он бесінші жеңісі (14 КО). Соңғы жекпе-жегін ол былтырғы жылдың тамыз айында Плант-Ситиде өткізіп, америкалық Крейг Льюисті (15-8-1, 8 КО) нокаутқа жіберген еді.
Бішкекте өткен халықаралық жарыста әлем чемпионы Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокстағы тұсаукесер кездесуін өткізді. Білікті бапкер Мырзағали Айтжановтың шәкірті филиппиндік Кристиан Леганемен (6-1-3, 4 KO) қолғап түйістірді. Бұл бәсеке бірінші раундта Сәкеннің айқын басымдылығымен аяқталды.