• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мәдениет Бүгін, 10:30

Аида Балаева «Қазақфильмге» қатысты сынға жауап берді

50 рет
көрсетілді

Қазақ киносының қара шаңырағы саналатын «Қазақфильм» киностудиясының дауы өршігелі біраз болды. Қызметтегі киногерлердің наразылығынан басшылық жиі ауысты. Ғимарат орналасқан жерге байланысты шу да басылмады. Көптеген кино жанашырлары мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның пікірін күткен еді. Бүгін министрдің «AIQYN» газетінде жарияланған сұхбатында осы тақырып төңірегінде әңгіме қозғалды, деп жазады

Басшылықта кім болуы керек?

Ең алдымен Аида Балаева басшылықты таңдау мәселесінде кино саласының кәсіби өкілдерімен, соның ішінде Асанәлі Әшімовпен кеңескенін айтты.

«Сол кезде біз «Қазақфильмді» актер де, режиссер де емес, кәсіби менеджер басқаруы керек деген ортақ ойға келдік. Расында, бізге нақты нәтиже қажет.Сондықтан қазіргі басшыны қазақ тілін жетік білмейді деп кінәлап, атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығару орынсыз деп санаймын», деді министр.

Аида Ғалымқызының айтуынша, студияның басты бағыттарының бірі –  жеке инвестиция тарту. Соңғы 15 жылда алғаш рет демеушілердің қолдауымен ішінара жөндеу жұмыстары басталған. Бұған қоса, Kinopark & Kinoplexx кинотеатрлар желісінің қаржыландыруымен студия аумағында жазғы кинотеатр салу және 1 мың шаршы метрлік ғимаратты жөндеу жоспарланып отыр.

«Біз әр азаматтың пікірін құрметтейміз. Бірақ біздің ұстанымымыз – «сын шын болсын, шын сын болсын». Кейбір азаматтар айтып жүргендей, ешкім «Қазақфильмнің» жерін сатып жібермек емес. Біз отандық фильмдердің әр жетістігіне шын қуанып, оны бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде насихаттап келеміз», деді министр.

Министрдің пікірінше, негізсіз айыптау, дәлелсіз дау, себепсіз кінә тағу киностудияны алға бастырмайды. Керісінше, ол барша шығармашылық қауымды бірігіп еңбек етуге шақырды. Себебі кино – ұлттың рухани кодының көркем бейнесі, ал оны дамыту – тек мемлекетке емес, бүкіл шығармашылық ортаға ортақ міндет.

«Біз алғаш талдау жүргізген кезде киногерлердің басым бөлігі сапалы өнім шығаруға және оны насихаттауға мүдделі емес екенін айтқанымызда біраз адам ренжіді. Кей режиссерлер тіпті ашық қарсылық танытты», деді министр.

 Дау емес, даму алаңы 

Сонымен қатарМәдениет және ақпарат министрі ұлттық киноны қолдауға арналған питчинг жүйесіне қатысты туындаған пікірлерге  өз ұстанымын білдірді. Министрдің айтуынша, елімізде питчингке қатысуға ниетті шығармашыл жастардың қатары көбейіп келе жатқаны – үміт пен сенімнің белгісі.

«Алайда байқаудан өтпеген жағдайда наразылық танытып, іріктеу үдерісінің әділдігіне күмән келтіретіндер де бар. Тіпті, кейбіреулер «митингке шығамыз» дегенге дейін барады. Бұл – өкінішті жағдай. Өйткені мәдениет дау-дамайдың емес, тың идея мен ауызбірліктің алаңы болуы керек», деді Аида Балаева.

Министр питчинг үдерісінің ашықтығын арттыру мақсатында жүйеге бірқатар өзгерістер енгізілгенін айтты. Атап айтқанда, сарапшылар құрамы жаңартылып, іріктеу критерийлері нақтыланған.

«Біз мәдени бәсекелестікті саяси алаң­ға айналдырмауымыз керек. Шығармашы­лық – сенім мен жауапкершілікке негізде­луі керек. Егер біз халықаралық деңгейде мойындалатын кино жасағымыз келсе, ең алдымен, өз ішімізде әділеттілікке, тәртіпке және ортақ жауапкершілікке үйренуіміз керек. Жеңілісті де, жеңісті де мәдениетпен қабылдау – шығармашылық адамға тән қасиет»,  деді министр.

Балаеваның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға дейін отандық фильмдердің киноқұрылымдағы үлесін 35 пайызға жеткізу көзделіп отыр. 2024 жылы мемлекеттік қаржыландыру аясында 16 ұлттық фильм көрерменге жол тартса, биыл 6 туынды жарық көріп, жыл соңына дейін тағы 10-ға жуық картина прокатқа шығарылады.

Сондай-ақ министр ел аумағында шетелдік және отандық фильмдерге прокаттау куәлігін беру рәсімін жетілдіру мақсатында заңнаманы күшейту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын да атап өтті.

«Бізге жаңа толқын, жаңа мазмұн қажет. Ол үшін шынайы талантты жастарға жол ашу – біздің міндетіміз. Аға буын ренжімесін, бірақ бүгінгі жастар аз қаражатпен үлкен тақырыптарды игеріп, жаңа өзгерістерге жол ашып келеді. Бұл – ұлттың жаңа көркемдік айнасы. Олардың еңбегі беделді халықаралық кинофестивальдерде жоғары бағаланып жүр. Демек, бізде әлеует бар. Ендігі мақсат – осы әлеуетті жүйелі түрде қолдап, оған жол ашу», деді Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, кәсіби мәдениетті қалыптастыру арқылы ғана отандық киноиндустрия халықаралық аренада өз орнын таба алады.