• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 13:34

Алматылық дәрігер Сингапурдан келген альпинисті құтқарып қалды

20 рет
көрсетілді

Сонау Сингапурдан келген турист қыз Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы Сәтпаев шыңына көтерілген кезде зақым алғаны туралы Алматы қалалық құтқару қызметінің ресми парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сәтпаев шыңы (бұрынғы Советтер шыңы) - Жосалы кезең асуынан солтүстікке қарай 4317 метр биіктікте орналасқан, маңында «Космостанция» ғылыми стансасы бар. Сәтпаев шыңы - күрделілігі жағынан 1А санатына жататын, альпинистер жиі бетке алатын бағыт.

Сингапурлық турист қызды іздеп-табу, алғашқы көмек көрсету операциясына Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханасының травматолог-ортопеді Константин Морозов қатысты. Құтқарушылар оқиға орнына жетіп, Алматы қалалық альпинизм федерациясының нұсқаушыларымен бірге зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оны төмен түсіруді бастады. Кейінірек оны ауруханаға жеткізу үшін «Аюсай» визит-орталығынан жоғары орналасқан өткелге жедел жәрдем бригадасы шақыртылды.

«Сенбі күні Сәтпаев шыңының етегінде жүргенімізде, таудың бір қиын тұсында төтенше жағдай болғаны туралы хабар түсті. Біз Алматы қалалық альпинизм федерациясының нұсқаушыларымен дереу оқиға орнына бет алдық. Зардап шеккен адам мұздық жартастан сырғып құлаған екен. Жағдайын бағалап, қанын тоқтатып, жарасын таңдық, содан соң оны базалық лагерьге түсірдік. Шетелдік альпинист жабық бас-ми жарақатын алған, маңдай-самайында қолында жараланған. Жағдайы бірқалыпты болды. Оны ТЖМ қызметкерлеріне тапсырдық, олар өз кезегінде жедел жәрдем бригадасына жеткізді», дейді Алматы №4 қалалық ауруханасының травматолог-дәрігері Константин Морозов.

Науқас Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізіліп, барлық қажетті аспаптық тексеруден өтті. Ол шұғыл госпитализацияны қажет етпегендіктен, амбулаторлық емделуге жіберілді.

Ал Константин Рашидұлы травматология мен ортопедия саласында 30 жылдық тәжірибесі бар маман. Ол тәулік бойы жұмыс істейтін қабылдау бөлімінің дәрігері ретінде ең күрделі учаскеде қызмет атқарады. Осы жылдар ішінде ол мыңдаған төтенше жағдайларға араласқан.

Бос уақытында волонтер ретінде таулы аймақтарда экспедицияларға қатысып, альпинистерге серік болады, тауда алғашқы көмек көрсету бойынша сабақ өткізеді.

«Альпинизммен айналысқаныма 20 жылдан асты. Тауға жиі шығамын, түрлі экспедицияларға қатысамын. Альпинистерге жолсерік боламын, нұсқаушыларға алғашқы көмек көрсету бойынша дәріс оқимын. Алғашқы көмек қобдишасы үнемі өзіммен бірге: биіктікке арналған, жорыққа арналған және кейде стационарлық жинақ та болады. Жаңа туристер ең көп жіберетін қателік - өз күшін дұрыс бағаламау мен қауіпсіздік ережелерін елемеу», дейді №4 қалалық клиникалық аурухананың дәрігері Константин Морозов.

Қалалық құтқару қызметі оның іздестіру-құтқару жұмысына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Қалалық құтқару қызметі өз ақпараттық ресурсында таулы аймақтарға шығатын туристерге қауіпсіздік шараларын сақтауды және жорыққа шығар алдында жақындарын немесе құтқару қызметін жоспарланған бағыттан хабардар етуді ұмытпау керек екенін еске салады.