Тамыз айының ыстығында сынап бағанымен қатар, нарық бағамы да көкке көтерілмекші. Әсіресе тауармен қатар қызмет құны да қыр көрсетпек. Мәселен, жанармай қымбаттайды, байланыс операторлары комиссия енгізеді, ал салық пен сыртқы саудадағы өзгерістер бағаға әсер етуі мүмкін. Тақырыпты тарқатып айтайық.
Аз-маз газ қымбаттайды
Энергетика министрлігі автогаз, яғни, сұйытылған мұнай газының шекті бағасын көтеруді ұсынды. Қазірдің өзінде қоғамда үлкен наразылық тудырған нарық құны 1-тамыздан бастап күшіне енуі мүмкін. Жатырқай қарасақ та жаңа ереже қабылданады. Сонда жанармай бекеттерінде автогаз литріне 7-10 теңгеге дейін қымбаттайды.
Мәселенің басты себебі – зауыттардың өзіндік құны мен сату бағасы арасындағы алшақтық. Бүгінде өндіріс бағасы шамамен 70-80 мың теңге, ал бекітілген көтерме баға – небәрі 51 932 теңге. Яғни, зауыттар шығынмен жұмыс істеп отыр. Ал бұл өз кезегінде жөндеу жұмыстарын тоқтатып, өндірісті азайту қаупін арттырады.
Сұраныс жыл сайын артып келеді. Кейінгі үш жылда газ тұтыну 30%-ға өсті. Осылай жалғаса берсе, келесі жылы тапшылық 40%-ға дейін жетуі мүмкін дейді сарапшылар. Бұған қоса бензин мен дизельдің де бағасы тұрақсыз екенін ескерсек, жүргізушілерге арзан отын дәуірі аяқталып келе жатқандай.
Дональд Трамп «баж» етті
Тағы бір тосын жаңалық бар. 1-тамыздан бастап АҚШ Қазақстаннан экспортталатын кейбір тауарларға 25% баж салығын енгізеді. Мұндай шешімді АҚШ билігі биыл жариялады. Тізімде фосфор, пшеничный глютен және оптикалық линзалар сияқты өнімдер бар.
Әрине, бұл Қазақстан экономикасы үшін шешуші соққы емес. Өйткені мұнай, уран және түсті металдар сияқты негізгі экспорттық позициялар бұл тізімге кірмейді. Дегенмен, егер өндірушілер өз шығындарын жабу үшін ішкі нарыққа бағасын өсірсе, салдарынан қарапайым тұтынушылар тағы да қалтасын қағуы мүмкін.
Салықтың салмағы артты
2026 жылдан бастап елімізде жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Бірақ кәсіпкерлер оған дайындықты осы күннен бастады. Көптеген бизнес иелері болашақтағы салық жүктемесін есепке алып, бүгіннен бастап-ақ бағаны көтеріп жатыр.
Ең үлкен өзгеріс – ҚҚС мөлшерлемесінің 12%-дан 16%-ға көтерілуі. Бұл өнім мен қызметтің өзіндік құнына тікелей әсер етеді. Ал Ұлттық банк сарапшылары бұл өзгеріс 2025 жылдың соңына дейін-ақ нарықта сезіледі деп отыр. Яғни, ресми күшіне енбестен бұрын-ақ біз оның салдарын сезінеміз.
Байланыс операторлары да қарап қалмады
1-тамыздан бастап Beeline Қазақстан өз қосымшасы арқылы басқа операторларға төлем жасау кезінде 0,5% комиссия ұстай бастайды. Бұл Kcell, Activ, Tele2 және Altel нөмірлеріне қатысты. Мысалы, Tele2 нөміріне 1000 теңге жіберсеңіз, 5 теңгесі комиссия ретінде ұсталып қалады.
Сондай-ақ «Казахтелеком» компаниясы да бұрынғы ескі тарифтерін жаңартуға кірісті. «Мобайл Телеком-Сервис» брендіне тиесілі бірқатар тарифтер тамызда қымбаттайды. Бағаларға жаңа интернет пакеттері мен минуттар кіреді, бірақ тұтынушылар үшін бұл – тағы бір қосымша шығын деген сөз.