Павлодарда 2020 жылдан бері «Халық қатысатын бюджет» жобасы негізінде 322 өтінім мақұлданған. Алайда олардың үштен бірі жүзеге аспапты. Азаматтар көп жағдайда балалардың спорт ойын алаңын салып беруді, ауланы абаттандыруды, дыбыстағыш бағдаршамдарды орнатуды сұрайды. Бірақ көбі бірізді, креативті тәсілдер жоққа тән. Мысалы, биыл Назарбаев даңғылы бойындағы үйлерге жарық жүйесін орнату, Максим Горький көшесіндегі үйлер арасына тротуар төсеу, Малайсары батыр көшесіндегі үйлердің сыртында көлік тұрағын жасау жобалары мақұлданған. Былай қарағанда, «Халық қатысатын бюджет» жобасынан бөлек, мемлекеттік бағдарламалар арқылы аулаларды асфальттауға, тротуар төсеуге, жарықтандыруға, балалар және спорт алаңдарын салуға онсыз да қаражат бөлініп жатыр.
Бағдарлама алғаш іске қосылған 2020 жылы павлодарлықтар өтініш беруде аса белсенділік таныта қоймаған. Соған орай алғашқы екі жылда орташа алғанда 5-6 жоба ғана мақұлданды. 2022 жылы қала әкімдігі тұрғындарды осы іске белсене қатысуға шақырып, өтінімдерді қабылдаудың үш кезеңін жариялады. Ақырында жұрттың 300-ге жуық өтініші мақұлданды. Бірақ оның барлығын өміршең етуге қыруар қаражат қажет еді. 2024 жылдың ортасында мақұлданса да іске аспаған 159 өтініш тұрып қалды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, олардың саны қазір 94-ке дейін азайған.
«Жүзеге аспай тұруына түрлі себеп бар: кейбірін техникалық тұрғыдан өміршең ету мүмкін емес, енді біріне қажетті бос аумақ жоқ. Тағы бірнешеуін «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асыруға келмейді. Өзге жобалар бюджеттен бөлінетін қаражаттардың шегіне қарай біртіндеп іске асады», дейді шаһар басшысы Хасар Хабылбеков.
Шенеуніктер 55 жобаны жарамсыз деп таныған. Олардың барлығы халық жаппай ұсыныс тастаған 2022 жылы тіркелген екен. Осылайша, әкімдік өкілдері «артық қыламыз деп, тыртық қылды». Қазір іске асуға тиістілер тізімінде 30 өтінім ғана қалған. Мәселен, №41 мектеп жанынан «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы негізінде шағын сквер жасалуы керек еді. Бірақ тұрғындар жобаны әлі күтіп жүр. Келешекте аумақта сквер емес, саябақ құрылса да артық болмайтындай.
«Бұл үйде тұрып жатқалы төртінші жылдан асса да тұрғындарға жасалған игіліктерді көрмедік. Мұнда автобус келетіндей мүмкіндік жасаса, саябақ салса қандай тамаша болар еді. Қолайлы орта жоқ. Үй алдында балалардың ойын алаңы бар, бірақ біз сияқты жастар үшін серуендейтін орын тапшы», дейді Малайсары батыр көшесінің тұрғыны Бақыт Рахымжанова.
Мәшһүр Жүсіп көшесі, 20/2 мекенжайында орналасқан аулада да бағдарлама бойынша жоба іске асуы керек еді. Зейнеткерлер өз бетімен аулаға гүл егіп, көріктендіріп қойған. Мұнда шағын көлік қоятын орын мен ескі баскетбол шеңбері ғана бар. Ал жоба бойынша стритбол алаңы жасалуға тиіс. «Шенеуніктердің біздің аулада ештеңе жасағысы келмейтіні байқалады. Бірнеше мәрте сұрап бардық, нақты жауап айтпайды. Біз сияқты қариялар өз бетімен не істесін», деп қынжылады тұрғын Юлия Елесеева.
Бағдарлама іске қосылғалы көпшіліктен 464 өтінім түсіп, оның 322-сі мақұлданған жобалар тізіміне енген. Алайда шенеуніктер өткен жылдардан қордаланып қалған жобаларды аяқтаудың орнына өтінім қабылдаудың жаңа кезеңін жариялап, кейбірін мақұлдап жатыр.
«2025 жылға дауыстардың басым бөлігін иеленген 6 жобалық ұсыныс мақұлданды. Биыл 81,9 млн теңге қарастырылып отыр», деп хабарлады қалалық әкімдік.
Шенеуніктер барлық кезеңнен өткен өтінім бір жылдан соң іске асырылады деп уәде еткен. Яғни мақұлданған ұсыныстар бюджетке енгізіліп, тиісті қаражат бөлінуі керек. Ал іс жүзінде мұндай нақтыланған жоспар көзге шалынар емес.
ПАВЛОДАР