• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Теннис Бүгін, 09:50

Президент кубогі сарапқа салынады

30 рет
көрсетілді

27 шілде мен 16 тамыз аралығында Астанада Президент кубогі жолындағы жарыстың жалауы он сегізінші мәрте жел­бірейді. Оған әлемнің, еліміздің бірқатар белді теннисшілері қатысады.

Жарыстың тұсауы 1991 жылы кесілгенімен, тек 2007 жылы ATP Challenger турнирлері санатына енді. Сол кезден бері турнирге талай саңлақтар қатысты. Ерлер бәсекесінде Андрей Голубев пен Евгений Донской ең көп олжаға кенелді. Отандасымыз 2008, 2009, 2014 жылдары бас жүлдені олжаласа, Ресейдің өкілі 2012, 2016, 2019 жылдары жеңімпаз атанды. 2011, 2015 жылдары Михайл Кукушкиннің мерейі үстем болды. Михаил Ледовских, Игорь Куницин, Андрей Кузнецов, Роман Сафиуллин (Ресей), Иван Додиг (Хорватия), Райнер Шуттлер (Германия), Дуди Села (Израиль), Ричардас Беранкис (Литва), Ёсихито Нисиока (Жапония), Егор Герасимов (Беларусь), Себастьян Офнер (Аустрия), Илья Ма́рченко (Украина), Маккензи Макдональд (АҚШ), Томаш Махач (Чехия), Макс Пёрселл (Аустралия), Денис Евсеев (Қазақстан) бір-бір реттен осы белесті бағындырды. Сондай-ақ Даниил Медведев, Андрей Рублев, Себастьян Корда сынды дүлдүлдердің әр жылда­ры осы додада бақ сынағанын айта кеткен абзал.

Әйелдер арасында Надежда Киченок (Украина) пен Виталия Дьяченко (Ресей) екі мәрте теңдессіз деп танылса, тағы бір топ ойыншы бір беттен топ жарды. Солардың қатарында біздің Зарина Диас та бар. Ол 2008 жылы ұйымдастырылған жарыста алдына жан салмады. Кезінде Астана кортында Тимея Бабош (Румыния), Чжан Шуай (Қытай), Мария Боузкова (Чехия), Моюка Утидзима (Жапония), Полина Кудерметова (Ресей) сынды танымал теннисшілер де топ жарды.

Былтырғы жылғы жарыста Дмитрий Кузмановтың қарқынына ешкім шыдамады. Болгария спортшысы финалда грузиялық Саба Парцеладзеге сан соқтырды – 6:4, 6:3. Әйелдер арасында Ресейдің қос теннисшісі бас жүлдені өзара сарапқа салды. Тартысты ойында Татьяна Прозорова Александра Шубладзеге шаң қаптырды – 7:6, 6:7, 6:1.

Биылғы жарыста еліміздің туы астында Григорий Ломакин, Әмір Омарханов, Заңғар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай, Аружан Сағын­дықова, Асылжан Арыстанбекова, Сандуғаш Кенжебаева, тағы басқа теннис­шілер өнер көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар