7-10 тамыз күндері Финляндия астанасы Хельсинкиде «World Dog Show-2025» бүкіләлемдік иттер көрмесі өтеді. Мұнда тұңғыш рет FCI аясында алдын ала мойындалған тұқым ретінде қазақ тазысы ресми түрде таныстырылады. Тазы тұқымының пайда болуы мен таралу тарихы, ерекшеліктері, артықшылықтары, бағым-күтімі жан-жақты баяндалады. Көрме төрінде ақшаңқан киіз үй тігіліп, «Қазақ тазысына» арналған стенд, көрнекіліктер қойылады. Тақырыпқа қатысты ақпараттық буклеттер, кәдесыйлар қонақтарға таратылады. Басты мақсат – тұқымның халықаралық мәртебесін нығайту, «Kazakh Tazy» брендін кеңінен насихаттау.
Тазы – халқымыздың бірегей қазынасы, дала азаматының сенімді серігі, жүйріктігімен, ақылдығымен, сабырлылығымен ерекшеленетін асыл тұқымды ит. Желмен жарысқан жүйрік, шапшаң қозғалып, аңды алыстан көріп, ізіне түсіп ұстайтын ілкімді жаратылыс. Түлкі, қоян, қарақұйрық секілді аңдарды ұстауға пайдаланылады. Адамға тез бағынады, талап пен сенімнің арасын жақсы ажыратады. Халқымыз асылдығын айрықша бағалап, «жеті қазынаның бірі» деп атаған. Батырлар жырында, ертегілер мен аңыздарда тазы бейнесі сомдалған.
Бүгінде тазы саны күрт азайған. Сондықтан оны асылдандыру, қорғау, көбейту мәселесі күн тәртібіне шықты. 2023 жылы қазақы тазы мен төбет ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енді. Соның негізінде арнайы көрмелер мен байқаулар жиі өткізіліп, қоғам назарын аударды. Тазының еліміздегі және жаһандағы тағдыры, танымалдығы бәрімізге байланысты. Ең бастысы, мемлекеттік көзқарас айқын.
Тазы мен төбет ежелден халқымыздың сенімді серігі болған. Ғасырлар бойы адамзатқа адал қызмет еткен үй жануары қиын-қыстау кезеңдерде бүтін бір ауылды аман алып қалған деген дерек бар. Мемлекет басшысы тазы мен төбетті қорғау мәселесін жауапты орындарға тапсырды. Арнайы заң да қабылдады. Тазы мен төбетті қорғауға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінді. Былтыр Халықаралық кинология федерациясы (FCI) қазақ тазысын мойындап, тіркеді. Енді бар назар Финляндия астанасы – Хельсинкиде өтетін иттер көрмесіне ауып отыр. Соның қарсаңында Қазақстан кинологтер одағының президенті Бауыржан СЕРІКҚАЛИМЕН сұхбат құрып, қазақ тазысының ерекше қасиеті жайында, көрмеге дайындық барысы туралы әңгімелестік.
– Бауыржан мырза, әңгімені бірден Бүкіләлемдік иттер көрмесінен бастасақ. Жүздеген елдің басын қосқан ірі көрмеге қазақ тазысы тұңғыш рет қатысқалы отыр. Жауапкершілік жоғары болған соң, дайындық барысы да қызу шығар деп ойлаймыз. Қалай дегенде тазыға әлем жұртшылығының назары ауғалы тұр.
– Иә, тазы тұқымы осыған дейін иттер көрмесіне қатысты деген ақпараттарды естігенімізбен, «қазақ тазысы» атауымен тұғыш рет көпшіліктің назарына ұсынылғалы тұр. Негізі Хельсинки қаласында еліміз үшін айрықша маңызды үш ірі халықаралық іс-шара өтеді. Олар – Халықаралық кинология федерациясының (FCI) Бас ассамблеясы, «World Dog Show – 2025» бүкіләлемдік көрмесі, қазақы тазы тұқымының ресми халықаралық тұсаукесері. FCI Бас ассамблеясына әлемнің 100-ден астам елінің ұлттық кинологиялық ұйымдарының басшылары келеді. Еліміз алғаш рет осы жиынға FCI-дің тең құқылы, дауыс беру құқығы бар толыққанды мүшесі ретінде қатысады. Бұл – үлкен мәртебе. Осы сәттен бастап өз ұлттық тұқымдарымызды ресми түрде ұсынуға, қазақ кинологиясының мүдделерін қорғауға, әлемдік кинология жүйесін дамытуға белсенді түрде үлес қосуға құқылымыз. Енді біздің пікірімізбен басқа елдер санасатын болады.
Көрмеге жыл сайын барлық құрлықтан 25 000 мыңдай ит жеткізіледі. Біз әр мемлекеттің өкілдері үздік деген иттерін алып келетінін білген соң, қазақ тазысының таныстырылымын айрықшалап ұйымдастыруды ұйғардық. Павильонның біріне тазының суретін қойып, былтыр FCI мойындағанын жазып, тазы туралы, еліміз туралы ақпараттар қамтылған көрме жасауды ойлап отырмыз. Әр ел өз павильондарында иттің керек-жарақтарын саудаласа, біз тазының ғасырлар бойы адамзатқа тигізген пайдасын, адалдығын барынша айшықтап көрсетеміз. Осындай халықаралық көрмелерден кейін шетелдіктерді қазақы ит тұқымына қызықтыра алсақ, тазыға тәнті болып, сатып алатындар көбейсе, қазақы ит әлемге танылса, онда ол сөзсіз жеңісіміз болар еді.
– Көрмеге кез келген ел осал ит алып бармайтыны белгілі. Үздіктердің ішінде ең лайықтысын анықтау да оңайға соқпайтын тәрізді. Дегенмен төрешілер иттердің қандай қасиетіне қарап баға береді?
– Жарыс дегенге ел-жұрт иттердің жүйріктігіне немесе аңшылық қабілетіне қарап баға береді деп ойлап қалуы мүмкін. Бірақ олай емес. Байқауда ең әуелі иттердің өз стандарттарына сәйкестігі, дене тұрқы, тазалығы сыналады. Кейбір иттің көрсеткіші бірдей болып қалатын жағдай туса, онда иттің темпераменті, адамдар арасында өзін ұстауы да ескеріледі. Біз көрмеге 8 тазы алып барамыз. Төрешілер алдымен иттеріміздің ішінен ең үздік деген арланын, ұрғашысын таңдайды. Сосын оларды аңшылыққа шығатын иттердің (борзой) тобына қосады. Яғни әлемнің өзге де аңшы иттерімен бір топқа түседі. Одан әрі әр топтан таңдалып алынған иттер тағы бөлек сыналып, ішінен ең мықты дегені анықталады. Негізі, жарыс талабы бойынша біз көрмеге тазының ересегін, 18 айға дейінгісін, күшігін алып баруға тиіс болдық. Алайда жол алыс болған соң, тәуекелге бармай, күшіктерін әкелмеуге ұйғардық. Қысқасы, соңында төрешілер ең үздік арлан, ұрғашы ит тұқымын анықтайды. Бағалау стандарт бойынша анықталады. Стандартты күзде, тазы тұқымын FCI кинология федерациясы мойындаған кезде өткізгенбіз. Төрешілердің қолына да сол стандарттарды жеткіздік.
– Хельсинкиге баратын тазыларды өзара қалай іріктедіңіздер? Сегіз тазының қай-қайсысы да осал болмаса керек.
– Әрине, көрмеге баратын тазылар елдің абыройы үшін сынға түсетін болған соң, ішінде осалы жоқ, бәрі стандартқа сай келеді. Олар Кинологтер одағының ішкі іріктеу комиссиясының шешімімен анықталды. Жалпы, осындай ірі көрмелерге апаратын тазыларға талап қатаңдау. Еуропалық одақтың ветеринариялық талаптарынан өтудің өзі оңай емес. Келешекте осындай ірі жарыстардың алдында іріктеу турнирлерін ұйымдастырып, солардың ішінен үздігін апару жоспарда бар. Осы жолы көрмеге қатыстырылатын тазылар барлық жарыста жүлде алған. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Өскемен, Семейдің «азат», «тамерлан», «сакура», «пана», «лашын», «ару», «көксерек», «алтын» атты тазылары көрмеге барады.
– Бірер жылдың ішінде тазыны өзімізге меншіктеп, жаһанға таныту бағытында қыруар жұмыс үйлесім тапқанын білеміз. Көптің көкейінде неге бұл шаруалалар он, жиырма жыл бұрын емес, қазір қолға алынды деген сұрақ қылаң береді.
– Өзім бірлестік төрағалығына 2023 жылы келдім. Президент тапсырмасынан кейін тазыға қатысты заң қабылданды. Оны қорғауға, көбейтуге, танытуға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінген соң, іс алға басты. Иә, осы мәселемен ертерек айналысатын мүдделі адамдар табылғанда, тазыны бірнеше жыл ерте тіркегенде қазір әлемге танытып қояр ма едік, кім білсін. Меніңше, қазір де кеш емес, дәл уағында қолға алдық деп ойлаймыз.
– Көрші елдерден ұлттық мұрамызды меншіктеп алуға әрекет жасағандар болды ма?
– Ондай қауіптің болғанын жоққа шығара алмаймын. Тазының атауын өзгертіп, әрекет жасағандар болмады емес, болды. Осы ақпарат бізге жеткен соң, «сақтықта қорлық жоқ» деп, жұмысқа барынша жылдам кірістік. Атауының өзін «қазақ тазысы» деп бекітіп, шешуші қадам жасадық. Енді біздің тазымызды ешкім өзіне меншіктей алмайды. Бұл біздің, мемлекеттің ғана емес, ата дәстүрді үзбей, аңшылықпен айналысып жүрген ұлтқа, ұлттық құндылықтарға, төл мұрамызға жанашыр азаматтардың жеңісі. Себебі қазақ тазысы – халқымыздың ұлттық болмысының ажырамас бөлігі. Енді бұл тұқым халықаралық кеңістікте дәл біздің халқымыздың құндылығы ретінде қорғалып отыр. Бұл – ғасырлар, беріде ондаған жыл бойы тазыларды сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген аңшылардың, зоотехниктердің, жанашыр жандардың еңбегі.
– Әлемде иттердің алуан түрі бар. Араб елдерінде тазыға ұқсас ит түрі кездеседі. Олардан біздің, яғни қазақ тазының артықшылығы неде?
– Ит – ақылды үй жануары. Қызметтік иттер бар, есірткі заттарын табатын, зағип жандарға жәрдемдесетін иттерді білеміз. Әрбір иттің өзінің қабілеті, қасиеті бар. Соның ішінде біздің тазы аңшылыққа бейім. Шыдамды, жүйрік, есту, көру сезу қабілеті жақсы дамыған. Жаз жайлау, қыс қыстауда ұзақ қашықтықты аттың қасына ілесіп жүріп-ақ бағындырады. Аборигенді тұқым. Яғни 4 мың жылдық тарихы бар тазы ғасырдан-ғасырға адамның араласуынсыз өзі көбейіп, қазақ даласына бейімделген. Тазы тұқымдас иттің қазақ даласында пайда болу кезеңі ислам дінінің таралу уақытымен тұспа-тұс келеді (IX–X ғасыр). Себебі біздің тазылар тұқымы жағынан араб даласынан шыққан «салюки» итіне көбірек ұқсайды. Тазыны үйге кіргізген. Демек қазақтың тазыға деген құрметі ерекше болған. Жеті қазынамыздың бірі. Иә, басқа елдерде де аңшылыққа шығатын иттер бар. Мысалы, ағылшындардың «грейхаунд» тұқымды иті әлемде ең жылдам саналады. Жылдамдығы сағатына 70 шақырымға дейін жетеді деседі. Бірақ қазақ тазысының одан артықшылығы ұзақ қашықтықты емін-еркін еңсеруінде. Тазы аңның соңына түскенде 5-6 шақырымға дейін қуып жетеді. Аңды көзден таса қылып алса, иісін сезіп тауып алып, қайта қуа жөнеледі де, шаршатып барып уысқа түсіреді. Оның кеуде қуысы басқа аңшы иттерге қарағанда үлкенірек. Тіпті шынтағына дейін түсіңкі болады. Бұл тазының терең тыныс алуына көмектеседі. Аяғының ұзындығы, бұлшық еттерінің мықтылығы, тіпті тырнағының қаттылығына дейін артықшылықтары болып саналады.
– Сөздің түйіні, қазақ тазылары далалық өлкеге әбден машықтанып, дамыған иттің нағыз төресі дейсіз ғой?
– Иә, тазы қазақ халқымен бірге дамыды, жетілді десем, жаңсақ айтқандығым болмас. Себебі оның ерекшеліктеріне қарасақ, халқымыздың тұрмысына байланысты қалыптасқанын аңғару қиын емес. Оны жоғарыда айттым. Тазының дене бітімі далалық жерде аң аулауға машықтанған. Мысалы, «неміс овчаркасы» – жасанды түрде будандастырудан пайда болған ит. Аборигенді емес. Мал бағуға қолайлы болсын деп шығарған. Қызығы, неміс овчаркасының да басқа будандастырылған иттер секілді генетикалық кемшіліктері бар. Айталық, дұрыс тыныс ала алмайтын тұқымдары кездеседі. Оның қасында қазақ тазысы – теңдессіз ит. Қазір біз ғана емес, басқа да елдер өздерінің аборигенді иттерін мемлекеттік деңгейде қорғауға алып жатыр. Неге десеңіздер, осыған дейін өзінің аборигенді тұқымын жоғалтып алған елдер көп. Тазы да сондай, жоғалудың аз-ақ алдында тұрған сәттерді еңсеріп келеді. Елімізде ресми тіркелген 3000-нан астам тазы бар. Тіркелмегендерін анықтайтын арнайы экспедиция ұйымдастыру қажет. Бір мысал келтірейін, жапондар өзінің «акита-ину» тұқымды итін қастерлейді. Ол – біз көрген «Хатико» фильміндегі ит. Жапондар сол итті соғыс жылдарында жойылуға жол бермей, кейін халықаралық федерацияға тіркетіп, қорғауға алған. Содан бері акита-ину бүкіл әлемге тарады. Біз де қазір тазыны әлемге танытып, атын шығару үшін дұрыс бағытта келе жатырмыз. 3 қыркүйекте қазақы ит тұқымдарының күні аталып өтеді. Мұның барлығы алда қолға алатын үлкен жұмыстардың тек бастамасы.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Сәндібек АСАНӘЛІ,
«Egemen Qazaqstan»