Алматыда қала әкімдігінің қолдауымен Қазақ мемлекеттік циркінің 55 жылдығына орай өткен III Халықаралық Almaty Circus Festival цирк өнері фестиваліне әлемнің 10-нан астам елінен артистер қатысты. Биыл фестивальге қатысу үшін Ресей, Қытай, Украина, Вьетнам, Израиль, Якутия сияқты 20 мемлекеттен 100-ден астам өтінім келіп түскен, деп жазады Egemen.kz.
Фестивальдің ашылу салтанатында Қала әкімі Дархан Сатыбалды Алматы өнер мен мәдениет үшін ашық алаң екенін және халықаралық мәдени байланыстың маңызын атап өтті.
Қазақ мемлекеттік циркінде «Hassak» тобының өнері ерекше қойылымдардың қатарында аталды. Артистер бұрын-соңды қайталанбаған трюктерді орындады. Бұл рекордтық нөмірді халықаралық қазылар жоғары бағалады. Осылайша «Hassak» фестивальдің Бас жүлдесін жеңіп алды.
Фестиваль қатысушылар үшін маңызды мәдени оқиғаға айналып, әлемдегі ең ірі 10 цирк форумының қатарына кірді.
Байқау бағдарламасында әуе гимнастары, эквилибристтер, акробаттар мен ерекше жанр иелері өнерлерін паш етіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
АЛМАТЫ