Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Үкімет отырысында геология мен тау-кен саласындағы мамандықтардың беделін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
Оның айтуынша, маусым айының 16–21 аралығында Қарқаралы оқу-геологиялық полигонында II «Сәтбаев» геологиялық Универсиадасы өтті. Бұл шараға еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен Семей геологиялық барлау колледжінің 100-ден астам студенті қатысқан.
Сондай-ақ шілденің 8–15 аралығында Семей қаласында мектеп оқушылары арасында II Республикалық далалық геологиялық олимпиада ұйымдастырылып, еліміздің барлық өңірінен 16 команда бақ сынаған.
Иран Шарханның айтуынша, мұндай іс-шаралар жастарды ерте кәсіби бағыттауға, геология саласына қызығушылықты дамытуға, дарынды оқушыларды анықтауға және отандық геологиялық білімнің халықаралық деңгейдегі абыройын көтеруге ықпал етеді.
«Мұндай іс-шаралар ерте кәсіби бағдарлауға, мамандыққа қызығушылықты қалыптастыруға, дарынды жастарды анықтауға және отандық геологиялық білімнің халықаралық беделін нығайтуға ықпал етеді. Тау-кен ісі мен геология мамандықтарына деген қызығушылық артуда. Егер бұған дейін жыл сайынғы бітірушілер саны 1,2 мың адам болса, соңғы екі жылда бұл көрсеткіш жыл сайын 3 мыңнан асып отыр. Сонымен қатар түлектердің 98%-ы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып жатыр», деді вице-министр.