Маңғыстау облысында, Ақтау қаласында ауызсуға, электр энергиясына, қыста жылуға қатысты мәселелер жиі орын алады. Тұрғындардың үнемі наразылығы мен ренішін туындатып, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде айтарлықтай келеңсіздікке киліктіретін бұл мәселелердің шешімін табуы да созыла береді.
Жыл сайын жаз маусымына ауызсуға қатысты айқай ере келетін өңірде биыл жарықтың оқыс жалп етіп сөнуі, яғни электр энергиясында іркілістің орын алу жағдайы қайталанды. Аптап ыстықта тұрмыстық техникалық жабдықтардың жұмыс істемей қалуы, апат салдарынан кейбіреулерінің бұзылып, істен шығуы тұрғындардың ренішін туындатты. Орын алған оқиғаға орай Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясы (МӨЭК) АҚ кешенінде орналасқан жылу электр стансасына барып, апаттық жағдайды жою жөнінде кеңес өткізді.
Мәселе қайдан, қалай туындап тұр? Бір ғана себеп – ауызсуы жоқ, яғни табиғи ағынды сулары жоқ Маңғыстауда су да, тоқ та, жылу да МӨЭК-тің мойнында. Ал 30–40 жыл бойы жөндеу көрмей, «қаққанда қанын, сыққанда сөлін алып» мігірсіз қысы-жазы аяусыз «тепкесін» аталған кешен мен кешендегі жабдықтар барынша тозған. Оның үстіне сауатты, кәсіби маман да тапшы. Тозу мен маман жеткіліксіздігінің үстіне, өзімізде өндірілмейтіндігі салдарынан, қажетті құрал-жабдықтардың сырттан сатып алынатыны тағы бар. Демек жағдай күрделі. Бұл жағдайға қалай жеттік? Ашығын айтқанда, бүгінде халық биліктен көріп, биліктегілер бірінен-бірі көретін мәселеге биліктегілер кінәлі. Әр жылдардағы еліміздің энергетика министрлігінің, Маңғыстау, Атырау облыстарының, Ақтау қаласының тізгінін ұстағандар бұдан бірнеше жыл бұрын мәселеге назар аударып, алдын алғанда бүгінгі апаттар болмайтын, Маңғыстаудың жүрегі деп жүрген МӨЭК-тің халі мұншалықты мүшкіл күйге түспейтін еді. Салғырттықтың салдарын халық енді тартып отыр. Бірақ биліктегілер тарапынан осы мәселеге қатысты аса қапылған қамданыс байқалмайды – сол баяғы ұзын арқан, кең тұсау, Маңғыстауда жазда да, қыста да бітпейтін мәселеге еті өліп кеткен тәрізді.
Жалпы, өңірде жарыққа қатысты қызметке сапалы деген жоғары бағаны ешкім бере алмайды. Сөйте тұра жарық, тоқ бағасы барынша жоғары, уақыт өткен сайын көтеріліп келеді. Көрші Атырау, Ақтөбе облыстарынан 4–5 есеге қымбат ақы төлеп, сапалы қызмет ала алмайтын Маңғыстау тұрғындарының өкпе-реніші орынды.
Мысалы, Ақтауда соңғы апта ішінде жабдықтардың тозуы салдарынан үшінші энергоблок екі рет қатарынан істен шығып, нәтижесінде Ақтауда электр қуатын өндіруде уақытша іркіліс орын алды, өндіріс секторында уақытша шектеулер енгізілді. Кейін күрделі жөндеуден шыққан екінші энергоблок сынақ режімінде іске қосылды.
«МӨЭК» АҚ бас директоры Кеңес Орақовтың айтуынша, қазіргі таңда станса электр жүйесіне жалпы 357 МВт береді. Үшінші энергоблоктегі ақауға байланысты ТЭС-2 толық жүктемеде жұмыс істеген.
– Энергоблоктің температурасын 160 градусқа дейін төмендетпей, құрылғыны ашып, техникалық тексеру жүргізу мүмкін емес. Бұл үдеріс 2–3 күнге дейін созылады. Бүгінде үшінші энергоблок суыту кезеңінде. Қазіргі уақытта екінші энергоблок күрделі жөндеуден шығып, сынақ режімінде іске қосылды, ол да толық қуатта жұмыс істей бастайды. Нәтижесінде, өндіріс секторындағы шектеулер жойылады, – деді К.Орақов.
Тозуға қатысты мұндай жағдайлар бұрын да болған, бүгін де бар, болашақта да болады. Әбден сілікпесін шығарып тоздырмай, қадағалауға болмады ма екен деген өкініш әр маңғыстаулықтың көкейінде тұр.
Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, МӨЭК-тің үш энергоблогін толықтай жаңғырту жоспары бар. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
– Ақтау қаласындағы электр желілерінің 66%-ы жерасты жүйесінде орналасқан, көпшілігі кеңестік кезеңде салынған. Жалпы ұзындығы 75 шақырымға жуық желі күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл бағытта нақты шаралар қабылданып жатыр. Қажетті материалдарды сатып алуға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Арнайы кабельдер мен сымдар негізінен шетелден жеткізіледі. Бұл белгілі бір уақытты қажет етеді. Дегенмен материалдар жеткізіле салысымен, жұмысқа бірден кірісеміз, – деді Н.Қилыбай.
Маңғыстау облысында, әсіресе облыс орталығы Ақтау қаласы мен оған көрші аудандарда халық саны жылдан-жылға артып келеді. Тұрғын үй құрылысы бірнеше жылдардан бері қызып-ақ тұр. Ақтауға көшіп келушілер саны азаяр емес. Оның үстіне туристік бағытты дамытып, туристік орталыққа айналамыз деген өңірде нағыз қажетті су, жарық, жылуға қатысты мәселелерді шешу дәл қазіргі шаршап-шалдыққан, тозып-тоқыраған МӨЭК-ке едәуір күш.
Осы орайда Маңғыстау облысында салынатын, қуаттылығы 160 МВт болатын бу-газ қондырғысы көңілге сәл үміт береді. Жақында Маңғыстау облысының басшылығы Қытайдың CHDOI компаниясының вице-президенті Чжоу Цинкемен кездесіп, Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты мен Қытайдың «Huadian Kazakhstan Energy» компаниясының бірлескен «Ақтау энергетикалық компаниясы» кәсіпорны аясында қуаттылығы 160 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу жобасын талқылады. Заманауи электр стансасы газ турбиналық, бу турбиналық екі бөліктен тұрады. Жобаны іске қосу өңірдің электр энергиясына деген өсіп жатқан сұранысты қанағаттандырып, жоспарлы жөндеу жұмыстары кезінде МӨЭК қуатын үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаға жергілікті әкімдік те, қытайлық компания да ынта танытып отыр. Әкімдік қызметкерлері жоба стратегиялық маңызға ие, аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді деп білсе, қытайлық компания өкілдері жобаны сәтті жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерін жұмсауға дайын, сондай-ақ жергілікті ресурстар мен жұмыс күшін барынша пайдалануға ниетті екендіктерін айтып сендірді. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң станса толығымен МӨЭК-тің басқаруына өтеді. Бұл МӨЭК-ке қосымша күш, тұрғындарға жаңа бір тыныс. Алайда қазірде нысан құрылысына қажетті жер учаскесі бөлініп, жұмыстары енді басталып жатқан жоба әзірге жақсы сөз, тәтті қиял күйінде, нәтижесін уақыт көрсетеді.
Маңғыстау даласындағы азынаған жел мен шыжғырған күннің ыстығы «жасыл энергетика» ретінде пайдалануға сұранып тұр, бірақ біз барды жарата алмай, белгісіз аралықта теңселіп жүрміз. Жел мен күн аймақтың мәселесін толықтай, түбегейлі шешпегенмен ішінара, МӨЭК толық жөнделгенге дейінгі аралықта кең көлемде қолдануға болатын байлық, оны тұтынуға қажеттілік бар, құнт болса МӨЭК жұмысын біраз жеңілдетіп, кәсіпорын мойнындағы ауыртпалықты бөлісетін құрылғы болары анық. Елдің көңілінде «МӨЭК-ті мандыта алмай, қауіпсіз, көл-көсір «жасыл сутегі» арқылы алынатын табиғи энергияны пайдалана алмай, қызыл сөзді қыздырып, бос жүре бермесек еді» деген де алаңдаушылық бар.
Маңғыстау облысы