Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында шаңды дауыл мен найзағай күтіліп отыр. Кей жерлерде бұршақ жаууы ықтимал. Жел екпіні 15-20 м/с, кей өңірлерде 23-28 м/с-қа дейін жетеді. Қызылорда мен Түркістанда түнде де ауа райы құбылып, найзағай мен қатты жел сақталады.
Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарында найзағай мен қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл болады деп болжануда. Түнгі және таңғы уақытта тұман түседі. Аталған өңірлерде де желдің жылдамдығы артып, қатты екпінмен соғуы мүмкін.
Алматы облысының таулы аймақтарында, Жетісу мен Шығыс Қазақстанда найзағай ойнап, жел күшейеді. Көптеген аймақта жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып отыр. Қауіптілік деңгейі әсіресе Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Абай облыстарында жоғары.
Мегаполистерде де жағдай тұрақсыз:
Алматыда күндіз найзағай, желдің екпіні 18 м/с-қа дейін күшейеді.
Шымкентте де найзағай, дауыл және шаңды дауыл болады.
Астанада бұршақ пен найзағай болжануда, желдің жылдамдығы 20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Метеорологтар тұрғындарды сақ болуға, алыс жолға шықпауға және ауа райына бейімделген қауіпсіздік шараларын ұстануға шақырады. Қауіпсіздік мақсатында төтенше жағдайлар қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.