• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мирас Кеше

Қазақ тазысы халықаралық көрмеге қатысады

130 рет
көрсетілді

Қазақ тазылары Финляндия астанасы Хельсинкиде өтетін WDS 2025 Дүниежүзілік ит көрмесіне аттанды. Қазақстан кинологтер одағының мүшелері, тазы қожайындары сапарға «Бәйтерек» мону­ментінің алдынан жол тартты.

7–10 тамыз аралығында өтетін көрмеде Қазақ тазысы алғаш рет FCI мойындаған, халықаралық деңгейде та­нылған ит тұқымы ретінде ресми таныстырылады. Жол шалғай, ұйымдастырушылар шамамен 8 мың шақырым жолды еңсеріп, 5 күнде жетеміз деп отыр. Тазылар жарыстың алғашқы кезеңінен өтіп жатса, финал­дық бәсекеге шығады. Көрмеде тазы­лардың өзін-өзі ұстауына, жүріс-тұры­сына да мән береді. Жыл сайын көрмеге 100-ден астам ел 25 000-нан астам ит алып келетінін ескерсек, бәсеке барынша жоғары болатыны сөзсіз.

Көрмеге алып баратын тазылардың дайындығы туралы Қазақстан кинологтер одағының президенті Бауыржан Серікқалидан сұрадық.

– Тазылардың ішінде осалы жоқ, бәрі стандартқа сай. Олар кинологтер одағының ішкі іріктеу комиссиясының шешімімен анықталды. Жалпы, осындай ірі көрмелерге апаратын тазыларға талап қатаң. Еуропалық одақтың ветери­нарлық талаптарынан өтудің өзі қиын. Келешекте осының барлығын елеп-ескеріп, ірі жарыстардың алдында іріктеу турнирлерін ұйымдастыру жос­парда бар. Осы жолы көрмеге апаратын тазылардың барлығы түрлі жарыс­тарда чемпион болған немесе жүлде алған. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Өскемен, Семейдің «Азат», «Тамерлан», «Сакура», «Пана», «Лашын», «Ару», «Көк­серек», «Алтын» атты тазылар, – деді Б.Серікқали.

Көрме аясында «Қазақстан кинологтері одағы» қоғамдық бірлестігі қа­зақы тазы тұқымын ресми түрде халық­аралық қауымдастыққа таныстырады. Бұл оқиғаны тазы тұқымы­ның әлемдік тұсаукесері десек те болады. Қонақтар тазының шығу тарихы, экстерьерлік ерекшелігі мен аңшылық қабілеті туралы жан-жақты ақпарат алады.

Қазақы тазы мен төбетті қорғап, жаһанға таныту мәсе­лесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске асып келеді. Былтыр Халықаралық кинология одағы (FCI) қазақ тазысын бөлек тұқым ретінде «шартты түрде» тіркеді. Қа­зақы тазынының толық мойындалуына кемінде 10 жыл уақыт қажет. Осы аралықта бұл бағыттағы жұмысты жүйелі, табанды түрде жал­ғастыра беру керек.