Тамыз айының алғашқы жексенбісі – Көлік қызметкерлерінің күні. Көлік кешені – ел экономикасының күретамыры, қозғаушы күші, отандық экономиканың басты, стратегиялық сегменттерінің бірі.
Көлік қызметі елдің өнеркәсіптік, технологиялық әлеуетін нығайтуда, өңіраралық, халықаралық байланыстарды дамытуда үлкен рөл атқарады. Өндіріс, сауда, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, логистика сияқты секторлардың дамуына тікелей әсер етеді. Халықтың өмір сүру сапасы көбінесе осы саланың сенімді, үздіксіз жұмыс істеуіне байланысты.
Қазіргі таңда еліміздің көлік кешені қуатты өндірістік, ғылыми-техникалық, кадрлық әлеуетке ие. Сала қызметкерлерінің күнделікті тынымсыз еңбегінің, кәсібилігінің, іске жауапкершілікпен қарауының арқасында кешенді жаңғырту, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру, жүктерді жеткізу, қызметтер мен жұмыстардың аясын кеңейту, көлік инфрақұрылымын жетілдіру, озық технологиялар енгізу, өңірлік, халықаралық байланыстарды нығайту, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсат-міндеттер барынша ойдағыдай жүзеге асырылып келеді.
Жақсы дамыған көлік инфрақұрылымы – шетелдік, отандық инвесторлар үшін де тартымды фактор. Ол өндірісті кеңейтуді жеңілдетеді, тауар мен қызмет айналымын қамтамасыз етеді, мыңдаған адамды жұмыспен қамтиды. Қала мен ауыл, аймақтар мен елдер арасындағы экономикалық қатынасты нығайтады. Ішкі нарықты біріктіріп, экономикалық теңгерімді қамтамасыз етеді.
Сала қызметі темірдей тәртіпті, жоғары жауапкершілікті талап етеді. Осы тұрғыда күн-түн демей, аптап ыстыққа, қақаған суыққа қарамай, қоғам өмірінің барлық саласында еселі еңбектің көрігін қыздырып, ел экономикасына еселеп үлес қосып жүрген бейнеткеш қауым қандай құрмет, мақтауға болсын лайық.
Көлік қызметкерлерінің бүгінгідей «адал азамат» ұғымы қадірлі құндылықтарымыздың бірі ретінде алдыңғы қатарға шығып, жұмысшы мамандықтар кеңінен насихатталып жатқан кезеңде мән-маңызы тіптен арта түседі. Бір сөзбен, көлік инфрақұрылымы – экономиканың драйвері, елдің тыныс-тіршілігінің негізгі көрсеткіші. Демек оны дамыту барша байлықты, ресурстарды тиімді пайдалану, халықтың әл-ауқатын арттырудың бірден-бір жолы, көзі болып қала береді.