• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қаржы Бүгін, 09:50

Зейнетақы қорының көлемі артты

40 рет
көрсетілді

Салымшылардың жеке зейнетақы шоттарындағы зейнетақы жинақтары олар аударатын жарналардан, зейнет­ақы активтерін басқару нәтижесінде алынған инвестициялық кірістерден құралады. Барлық зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген 2014 жылғы 1 сәуірден бастап 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жинақтардың жалпы көлеміндегі таза инвестициялық кірістің үлесі жүргізілген төлемдерді ескергенде 40,5%-ды құрады, жинақ­талған таза инвестициялық кірістің көлемі 12,18 трлн теңгеден асты.

2025 жылдың алғашқы айларында байқалған қысқамерзімді ауытқуларға қарамастан, 6 айдағы инвестициялық кіріс шамамен 350,7 млрд теңгеге жетті. ҚРҰБ басқаратын, міндетті, міндет­ті кәсіптік, ерікті жарналар есебінен қалыптастырылған зейнетақы актив­терінің кірістілігі 2024 жылғы шілдеден бас­тап 2025 жылғы маусымға дейінгі кейінгі 12 айда 12,22%-ды құрады, инфляция 11,8% болды. ЖМЗЖ-ның кейінгі ­12 айдағы табыстылығы – 12,15%.

Неғұрлым ұзақ кезеңді қарастырар болсақ, орта, ұзақ мерзім ішінде зейнетақы жинақтарының жинақталған инфляция деңгейінен асатын оң, нақты кірістілігі қамтамасыз етіледі. Мәселен, 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап 2025 жылғы 1 шілдеге де­йін жинақталған инвестициялық кірістілік 996,28%-ды құрады. Бүкіл кезеңдегі ­инфляция 892,73%-ға тең.

Келтірілген сандар зейнетақы актив­те­рінің жекелеген қысқамерзімді кезең­дердегі кірістілігі оларды басқа­ру тиім­ділігінің көрсеткіші бола алмай­тын­дығын көрсетеді. Өйткені қысқа мер­зім ішінде есептелген қаржы құрал­да­ры, басқа операциялар бойынша сыйақы түріндегі кірістер әрдайым осы кезеңдегі бағалы қағаздар мен валюта бағамдарының өзгеруін жаба бермейді. Сондықтан инвестициялық кірісті объективті бағалауды кем дегенде бір жыл ішінде жүргізген жөн.

Елімізде инфляция деңгейі ескері­ле отырып, міндетті зейнетақы жарнала­рының сақталуына бірегей кепілдік беріледі. Салымшының төлемге құқы­ғы басталған кезде жинақталған кірістілігі­не кері әсерін тигізген жекелеген кезеңдер­дегі кірістіліктің төмендеуі жағдайында айырманың өтемақысына мемлекет кепіл­дік береді. Зейнетақы активтерін инвес­тициялық басқару мен есепке алу жүйесі толықтай ашық. Әрбір салымшының enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қо­сым­шадағы жеке кабинетінен өзінің инвес­тициялық кірісін көруге мүмкіндігі бар.