Абайды оқу бір басқа да, тану бір басқа. Табыну бөлек әңгіме... Өйткені Ибрагим біз әлі түсінбеген, тілін білмеген, ескермеген, елемеген, ұқпаған, ұға алмай жүрген дүниелерді баяғыда қағазға түсірген екен.
Сонау ХІХ ғасырда Шыңғыстау етегіндегі Құнанбайдың қара баласы қиырда жатқанымен, көңілі Еуропа мен Петерборда болған сияқты. Заманнан оза туған ақындармен үндестігіне риза боласың. Бұл кезең – Ресей сонау Қиыр Шығыс пен Кавказ, Орта Азия мен Қазақ жеріне әбден енген уақыт. Орыс әдебиеті мен мәдениетінің мол да мәуелі шағы-тын. Пушкин, Лермонтов, Тургенев, Достоевскийлердің мол мұрасы кітапханаларға қаланған кезі.
Абайдың өзегі өзіне жақын, танымы мен толғамы ұқсас «тәңір қосқан» Татьянасы ортақ Пушкинмен рухани жақын болғанына таңғаласың, таңданасың. Менің жазбам тек режиссерлік көзқарас. Сондықтан да әдебиет көшесіндегі «әкімдерден» артық кетсем, сөге жамандамаса деймін.
Жақында ойламаған жерден А.Пушкиннің «Элегиясын» қайта қарауға тура келді. Әрине, оның ұлы ақын екеніне дау жоқ. Ұлылығы философиясында, дәлірек айтсам, лирикалық пәлсапасында.
«Безумных лет угасшее веселье
Мне тяжело, как смутное похмелье
Но как вино-печаль минувших дней
В моей душе чем старе, тем сильней
Я путь уныл. Сулит мне труд и горе
Грядущего волнуемое море...»
Ал енді Абайға келейік.
«Есіңде бар ма жас күнің...
Кімді көрсең – бәрі дос.
Махаббат, қызық, мал мен бақ,
Көрінуші еді досқа ортақ.
Үміт жақын, көңіл ақ,
Болар ма сондай қызық шақ?»
Элегия. Лирикадағы бұл жанр поэзияда, музыкада баршылық. Баянсыз махаббаттың мұңы бірте-бірте ақынды сарыала сағыныш пен өзекті өртеген шерге бөлейді. Өзінің жастық атты бекеттен байқамай түсіп қалғаны қынжылтады, қинайды. Сондықтан да сал ақын сағым қуған дүниеге сыймай барады.
Элегия көп ақындарда кездесе бермейтіні рас. Әсіресе коммунистік кезеңде кеңес елінде элегияға орын жоқ деген қағида болған. Екі ақында да өткенге деген сарыала сағыныш сары самаурынның қақпағынан төгілген ыстық судай кемеріне сыймай тұр. Өткенге қимастық бар. Екеуі де пойыздың терезесінен қол бұлғап қала берген бағаналар тәрізді. Тек санадағы жалт-жұлт еткен жарықтай. Мұхтар Құл-Мұхаммед айтпақшы, «перекличка гениев». Болмаса, ұлылар үндестігі. Олар өткен жастық шағын, кімді көрсең бәрі дос балаң кезді, махаббат қызық, мал мен бақ – мастықты, ұйқысыз түндер мен алаңсыз таңдарды аңсайды. Иә, дәл солай. Қазіргідей ақ таңға асыққан албырт жүректердің ақшаға мән бермейтін мәрт кезі.
«Болар ма сондай қызық шақ...» Бұл сұрақ емес, өкініш. Адамның балалығын, балғын кезін сағынғандай, болмаса, көрші үйге қонаққа келген балауса қыздың саған ұрлана қарап жымиғанындай. Немесе әлгі арудың алысқа, тым жыраққа біржола кетіп бара жатып соңғы рет саған қарағанының көрінісі.
Поэзияның құдіреті кез келген оқырманды баурап алуында. Ақынның өлеңі таңғы шықтай мөлдір болса, әр үйдің терезесінен сәуле боп кіреді. Нұрын шашады. Сондықтан да шын ақын – досың, сырласың, серігің. Лүпілдеген жүрегіңнің соғысы іспетті.
«Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар?
Ақырын-ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау құрғырлар».
Абай өткен жылдарды емес, махаббатын іздейді, қымбатына аһ ұрады. Жанына жақын, жүрегіне жылы «құрғыр» сезімдерін сағынады. Бір ауыз сөзде қаншама сыйластық, сағыныш жатыр.
Абай – суреткер. Тек бояудың орнына сөзбен сурет салады. Қиыннан қиыстырған ер данасы. Қараңызшы:
«Ақырын-ақырын шегініп...»
Осы сөйлемде «ақырын» сөзі қайталанып тұр. Теңіздегі толқынның қайтқанындай қайталанады. Өзі айтқан алдыңғы толқын ағалар кейінгі толқын інілер.
Алға қарай жылжиық.
Пушкин:
«Но не хочу, о други, умирать;
Я жить хочу, чтоб мыслить и страдать;
И ведаю, мне будут наслажденья
Меж горестей, забот и треволненья:
Порой опять гармонией упьюсь,
Над вымыслом слезами обольюсь...».
Бұл жердегі «вымысел» сөзінің мағнасын өнер мен өлеңнен іздеген жөн. Пушкин өлімнің заңдылығын біле тұра, өлгісі келмейді. «Я жить хочу, чтобы мыслить и страдать...» дейді.
Біздің Абай:
«Жалынасың, боқтайсың,
Сағынасың, жоқтайсың,
Махаббат кетті, дос кетті,
Жете алмайсың, тоқтайсың.
Көзіме жас бер, жылайын,
Шыдам бер, сабыр қылайын.
Жаралы болған жүрекке
Дауа бер, жамап сынайын».
Жүрегі кеудесіне сыймаған ақын бір сәт пендешіліктің емес, адамдықтың шыңына өрмелеп шығып Құдаймен тілдескендей, тіл табысқандай, сыбырласқандай, сырласқандай. Бұл – хакім Абай емес, ақын Абайдың биіктігі.
Шың басында қос ақын тұр. Олар беймәлім таныс достар. Екеуі де рухани үзеңгілес. Екеуі де зар заманда запыран ішкен қос мұңлық. Оларға ортақ табиғат пен тылсым күш. Поэзия һәм философия. Ойшыл оғландар. Баяғыда бір жазғаным еске түсті. «У гениев не бывает национальности». Шыны солай. Адамзатқа күн ортақ, жер ортақ, су ортақ және дана ақындар.
Алайда осы жерде екі ақын қос өзеннің бөлінген сағасындай. Еділ мен Жайықтай екіге айырылады.
Егер Пушкин өмірінің соңғы сәтінде бәрінен қалған көңіліне махаббаттың сәулесі тағы бір рет жарқ ететініне үміттенетін болса... Абай «көзіме жас бер жылайын, шыдам бер сабыр қылайын» деп Құдаймен тілдеседі. Құдды біртуар Абайды осы сәтте Желмаяға мініп Жерұйығын іздеген Асанқайғы дерсің. Болмаса қобызын қолына алып тіршіліктің тамызығын қалай тауыспауға болар деп ажалмен арпалысқан Қорқыт па дегің келеді.
Әлемде Сократ салған пәлсапа соқпағында талайлардың ізі жатыр. Ал маған жақыны, бізге етене танысы – Абай пәлсапасы.
«Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?
Өткір тіл, бір ұялшақ қыз болмай ма?
Махаббат ғадауатпен майдандасқан
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?..»
Ойшыл Абай осындай.
Шыңғыстаудан жоғары ұшып сонау көк аспанға, иә, ғарышқа беттеген. Құдды қайран елі қазағының көңіліндей тым асқақ, тым биік.
Талғат ТЕМЕНОВ,
кинорежиссер, Қазақстанның Халық әртісі