Қазіргі заманғы оқыту стандарттарына сай бірыңғай кеңістік құру арқылы еліміздегі орта білімнің деңгейін көтеруді көздеген стратегиялық бастамалардың бірі – «Келешек мектептері». Алайда бүгінгі таңда қалалық һәм ауылдық мектептер арасындағы білім сапасында, инфрақұрылымда, технологиялық мүмкіндіктерде елеулі айырмашылықтар бар. Осы орайда «Келешек мектептері» жобасы бұл алшақтықты азайтып, барша оқушыларға тең мүмкіндік беруге жұмылады деп үміттенеміз.
Білім – баршаға ортақ құндылық болғандықтан, әрбір бала қайда тұрса да, сапалы білім алуға тең құқылы. Егер ауыл оқушылары заманауи білімге қол жеткізе алмаса, бұл – ұлттық әлеуеттің толық пайдаланылмай жатқанын білдіреді. Ауыл баласын заман талабына сай жайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асып жатқан бұл бастама оның қарым-қабілетіне қарамастан, кез келген балаға жайлы орта болмақ. Атап айтсақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар жеткіншектер үшін де жеке санитарлық бөлмелер, жеделсаты, пандустар, арнайы белгілер, психолог, логопед және дефектолог кабинеттері қарастырылған. Ал пән мұғалімдері интерактивті технологиялар мен пәндік зертханаларды қолдана отырып, әр оқушының қызығушылығы мен қабілетіне қарай тұлғалық дамуына жол ашады. Сонымен қатар «Адал азамат» тұжырымдамасының негізінде оқушыларды еңбекқорлыққа, адамгершілікке, адалдыққа баулитын құндылықтар жүйесі де қалыптаспақ.
Мемлекет тарапынан қолға алынған «Келешек мектептері» жобасы – тек жаңа ғимараттар салу немесе инфрақұрылымды жаңарту ғана емес, сонымен қатар білім беру мазмұнын түбегейлі жаңғыртуға бағытталған кешенді өзгеріс. Мұндай мектептерде оқушының білім алу траекториясы жеке қабілеті мен қызығушылығына сәйкес құрылады. Бұл тәсіл бала бойындағы жасырын таланттарды ашуға, оны жан-жақты дамытуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Осы тұста мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, педагогикалық кадрлардың заман талабына сай жаңаша ойлауына жол ашу – басты назарда. «Келешек мектептері» тек оқушыға емес, мұғалімге де жаңа мүмкіндіктер ұсынып, оны үздіксіз дамуға жетелейді. Ауыл мен қала мектептеріне тең мүмкіндіктер сыйлап отырған бұл жоба – үлкен үміт пен сенім ұялатып отырған бастама. Яғни ауыл баласы үшін де кең жол ашылып, цифрлық білімге, сапалы оқу ресурстарына, интерактивті технологияларға қол жеткізу мүмкіндігі артады. Сонымен қатар ауылдық мектептерге жоғары білікті педагогтерді тарту, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, үздіксіз кәсіби даму курстарымен қамтамасыз ету арқылы оқыту сапасын арттыру – бұл саладағы жүйелі өзгерістердің маңызды бөлігі болмақ. Білім саласындағы тең мүмкіндіктер – әлеуметтік әділеттіліктің көрінісі ғана емес, сонымен қатар ұлттық даму мен өркендеудің берік негізі. Қала мен ауыл мектебі арасындағы алшақтықты азайту арқылы біз нағыз сапалы, инклюзивті және бәсекеге қабілетті білім жүйесін қалыптастырамыз. Осылайша, еліміздің интеллектуалдық әлеуетін арттырып, жарқын болашаққа жол ашып, бәсекеге қабілетті ұлт тәрбиелей аламыз деген сенімдеміз. Себебі білім жүйесін түбегейлі жаңғырту, қауіпсіз әрі заманауи оқу ортасын қалыптастыру – сан мыңдаған баланың арманына апаратын жол болып, олардың дарыны мен қабілетін толық іске асыруға мүмкіндік беретін нақты қадам болмақ.
Гүлзада МАНАТАЕВА,
№12 жалпы білім беретін орта мектеп директорының міндетін атқарушы
Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы