• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Энергетика Бүгін, 09:35

Әр желі – елдің стратегиялық тірегі

40 рет
көрсетілді

Елдегі энергетика жүйесі – тіршіліктің тамыры іспеттес. Энергетикаға мемлекеттік тұрғыда мән берілетіні де сондықтан. Көршілес мемлекеттерге тәуелді болмай, жарықтың самаладай жарқырап тұруының астарында мыңдаған энергетиктің зор еңбегі тұр. Қазіргі уақытта «KEGOC» энергетиктері ауа райының түрлі тосын мінезіне қарамастан алдағы қыс маусымына дайындық жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр.

Күз табиғаттың сынағы десек, қыс – шынайы төзімділікті тексеретін кезең. Ал осы сын сағатқа елдің энергетикалық жүйесін тас-түйін әзір ету – «KEGOC» акционерлік қоғамының тікелей міндеті. Компанияның қарамағында бүгінде еліміздің барлық аумағын қамтитын 28 мың шақырымды құрай­тын транзиттік тасымалдау желісі мен 83 қосалқы стансасы бар.

Мұның бәрінің шашауын шығар­май ұстап тұру үшін компания науқан­дық жөндеу жұмыстарын жыл сайын жүргізеді. Ол сәуір айында басталып, қазан айына дейінгі аралықты қамтиды. Бүгінде компания жер-жерде жөндеу жұмыстарын еңсеріп қалды. Кешегі күні шалғай жатқан елді мекендердегі жөндеу жұмыстары­на БАҚ өкілдері куә болды. Тілші қауы­мы ат басын тіреген мекен – Ақша­тау кентінің бойындағы желі­лер. Қазір­де мұнда жөндеу жұмысы кестеге сай ­сапалы орындалып жатыр.

Компанияның деректеріне жүгін­сек, бекітілген өндірістік жоспарға сәйкес, 2025 жылы 99 әуе электр жеткі­зу желісі мен 43 қосалқы станса жаб­дығы жөндеуден өтуге тиіс екен. Қазірде оның 57-сі мен 14 жаб­д­ығы сапалы түрде жаңартылып үлгерген.

Жұмыс еліміздің барлық өңі­рінде қауырт. Өйткені әр күн ертеңгі жарық үшін зор мәнге ие. Айталық, «Орталық ЖЭТ» филиалында да мамырдан бері қызу еңбек жүріп жатыр. Бұл өңірде 12 желі мен 18 жабдық жөнделуге тиіс болса, оның 8 желісі мен 6 жабдығы бүгінде толық жаңартылған. Жоспар – кестеге сай, қадағалау – нақты. Ерте көктемде бастау алған жөндеу әзірге қарқынынан жаңыла қойған жоқ.

Ақшатау-Қайрақты аралығын­дағы желілер де жіті назарда. Бұл аумаққа жақын орналасқан Балқаш аймақтық электр торабы – транзиттік 220 кВ 2188-Ж әуе электр жеткізу желісі. Осы науқан аясында Балқаш өңірінде 220 кВ қуатты желілер жөндеуден өтуде. Бұл – Балқаш қаласы мен Ақтоғай ауданына тірек боп тұрған маңызды желі. Сол себепті де жұмыстың сапасына айрықша мән беріледі. Мұнда арнайы бригада уақытпен санаспай еңбек етуде.

«Біздің басты міндетіміз – күзгі-қысқы кезеңге дейін барлық жабдықты сапалы әрі уақытылы дайындау. Бұл – тек техникалық талап емес, тұтас еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Жөндеу науқанының әрбір кезеңі нақты бақылауда, біз бекітілген мерзімнен ауытқымай жұмыс істеп келеміз. Қазіргі уақытта Балқаш АЭТ-тің транзиттік 220 кВ 2188-Ж әуе электр жеткізу желісінде жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл желі Ақтоғай ауданы мен Балқаш қаласын жарықпен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Сондықтан әрбір учаскедегі сапалы жұмыс – Балқаш өңірінің үздіксіз электрмен жабдықталуының кепілі», — дейді «Балқаш» қосалқы стансасының электр желілерін жөндеу жөніндегі 4-разрядты электрмонтері Әділжан Исабаев.

Бригада мүшелері желілерді жан-жақты тексеруде. Қажет болған жағ­дайда оның жабдықтары ауыстырылып, кем-кетіктері бүтінделеді. Әр күн, әр сәт – жауапты.

– Біз әуе электр желілерінің бойын­дағы әр тіректі толыққанды тексерістен өткізудеміз. Ақау анықтал­са, бірден қосалқы бөлшектерді алмастырып, жаңартамыз. Әр тіректі жөндеуге жобамен 40 минут аралығында уақыт жұмсаймыз. Біздің бригадада тоғыз маман бар. Бес электрмонтер, бір шебер және көлік жүргізушілері. Біз бесеу болғандықтан, әр тірек сайын өзара алмасып, кезекпен жұмыс істейміз. Сәтін салса, жөндеу жұмыстарын бекітілген кестеге сай тәмамдаймыз, – деді электрмонтері Виктор Спирин.

«KEGOC» АҚ-ның бұл науқанды жос­парлы және жүйелі жүргізуі – еліміздің сенімді әрі тұрақты энергетикамен қамтамасыз етуге септеседі. Қуат – көзге көрінбейтін күш. Бірақ оның астарында күн сайын салқар далада, тірек басында, трансформатор жанында тәуекелге бел байлап еңбек еткен жүздеген инженер мен электро­монтердің тынымсыз еңбегі жатыр. Бұл арада сан емес, сапа негізгі мән­ге ие. Себебі әрбір әуе желісі – елдің стра­тегиялық тірегі десек, артық болмас.

 

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ