• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Абай Бүгін, 09:50

Құнды қолжазбалар

70 рет
көрсетілді

Абайдың өз қолтаңбасын танытатын қолжазба, өкінішке қарай, бізге жетпеген. Ақын шығармаларының әр жылдары басылған Академиялық толық жинағы, негізінен, Мүрсейіт Бікіұлының 1905 (1906), 1907 және 1910 жылдары көшірілген қолжазбалары бойынша дайындалған. Сондай-ақ әр жылдары көшірілген Сәдуақас Шорманов, Князь Худашев, Төлеу Түгелбайұлы, Шериаздан Марсеков, Турағұл Абайұлы (Ибрагимов), Ахат Шәкәрімұлы тарапынан араб графикасындағы қолжазбалардың да абайтану саласында алар орны ерекше. Сондай-ақ хакім мұрасына қатысты кейінгі жылдары табылған анонимдік үш қолжазба да абайтанушылар тарапынан арнайы зерттеуді қажет етеді.

Бүгінгі ғылымға Абай шығар­малары қамтылған оннан аса қолжазба белгілі болып отыр. Оларды кадикология-мәтінтанулық тұр­ғыдан зерттеп-зерделеу маңызды. Бізге дейін жеткен сол құнды қолжаз­балардың қысқаша сипаттамасы төмендегіше:

1) 1897 жылы көшірілген Кінәз Худашевтің қолжазбасы. Қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін жинаумен айналысқан К.Худашев өз заманында Абайдың бір­неше өлеңін көшірген. Қадымша қол­жазбаның бірінші бетінде: «Кінәз Худашевтің қолжазбасы (автограф). 1897 жылы жазылған» деген мәлімет берілсе, екінші бетінде «А.Қ-ұлының қазақ елінің осы замандағы пейілдеріне қатысты (толғау) өлеңдерінен», деп көрсетілген.

Қолжазбада Абайдың өлеңдерімен бірге қоғам қайраткері, ақын Садуақас Шормановтың да (1849–1927) бірнеше өлеңі қалған. Екі ақынның өлеңдерін ажыратып жазу үшін кәтіп (көшіруші) К.Худашев өлеңдердің соңына кімнің қаламына тиесілі екендігін («А.Қ.; С.Ш.») деп ашып көрсетіп отырған. Худашев бұл өлеңдерді өзі үшін көшіргендіктен, дәстүрлі қолжазбаларға тән қағидаларды көп ескере бермеген. Сондықтан да бірізділік сақталмаған.

Худашевте Абайдың он алты өлеңі берілген. Көшіруші ақын өлеңдерінің кей­бірін жүйелеп беруге тырысқан. Ақын­ның бүгінгі жинақтарда жеке ­туын­­ды ретінде беріліп жүрген «Жігіт­тер,­ ойын арзан, күлкі қымбат», «Талай сөз мұ­нан бұрын көп айтқанмын» өлең­дері «Сұхбат» деген атпен бір өлең ретін­де берілсе, «Ұрлық, сұмдық, қулықпен мал табылмас», «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей» деген шығармалары «Кәсіп» деген атпен біріктірілген.

Ғылымда «Худашев нұсқасы» аталып кеткен бұл қолжазбаның көлемі шағын болғанымен де, хронологиялық тұрғыдан Абайдың көзі тірісінде көшірілгендігімен ерекшеленеді.

2) Қоғам қайраткері, ақын Садуақас Шормановтың «Басшы» деген атпен жи­нақтаған қолжазбасы (Садуақас Шор­манов, 1897). 1897 жылы көшірілген. Қолжазбаның көшірілу себебін кәтіп (көшіруші) былай түсіндірген: «Мына пақырдан кейбір қазақ бауырларымыз өтініп айтты: «Қазақ тілінде болып айтылған мақал, бәйіттер, мәсрийә (жоқтау), атақты адамдар туралы (айтылғандарды) жиып, жинақ жасасаң. Жарыққа шықса, біздің шығармаларымыз да зая кетпестен, майданға түссе, пайда болмаса, зияны болмас еді», деген өті­ніш­теріне орай бірнешеуін жиып, басқаларға басшы болсын деген үмітпен осы кітап­шаға «Басшы» деп ат қойдым Әмин. Әр бәйіттің соңына кімнің жазғаны белгілі болуы үшін айтушылардың аттарын да бір-екі әріппен ишара еттім. Садуаққас Мұсаұлы Шорманов, 1897».

С.Шормановтың өзі жазғанындай, «Басшы» деп аталатын қолжазбада Абай өлеңдерімен бірге қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерінен үзінділер де бар. Мұнда Абайдың оншақты өлеңі берілген.

Садуақас Шормановтың «Басшысы» кәсіби тұрғыда көшірілген. Әр беттің соңында келесі бәйіттің бастапқы сөзі тұр. Дәстүрлі қолжазба дайын­дау қағи­да­лары қатаң сақталған. Мәтін­дердің орналасуы ортағасырлық үлгілерге ұқ­сайды. Деректерде Садуақас Шорма­нов осы жинақты бастыру үшін Санкт-Петербург қаласына алып барып, Пе­тербург университетінің профессоры, белгілі түркітанушы ғалым П.И.Мелиоранскийге табыстағаны көр­сетілген. Алайда осы сапарында С.Шорманов сырқаттанып елге қайтып кеткендіктен де, кітап етіп шығара ал­маған. Еңбек (көлемі 153 бет) дер кезін­де кітап болып халық арасына тара­мағанымен, Абайдың көзі тірісінде көші­рілгендігімен ерекшеленеді.

Жалпы, Кінәз Худашев пен Садуақас Шормановтың қолжазбаларын 1946 жылы Ленинградтағы География қоға­мының архивінен тауып, ғылыми айна­лымға қосқан академик Әлкей Марғұлан болатын. Табылған күннен абай­танушылардың қызығушылығын оят­қан еңбектер Абай мұрасын жарыққа шығаруда көп септігі тигені белгілі.

3) Мүрсейт Бікіұлының ғылымға белгілі үш қолжазбасының бірі – 1906 жылы көшірілген. Осы уақытқа дейін бұл нұсқа 1905 жылы хатқа түсті деген пікір қалыптасты. Алайда Мүрсейіт өлеңдердің көшірілуі туралы: «Автор Ибраһим марқұм Құнанбайұлының қазақтың мінездері туралы айтқан сөзі мен насихаты, жәдігер Микәйіл Ибраһимұлына тиесілі, пайғамбарлардың соңының (яғни, Мұхаммед) һижретінің 1324 жылы, миләди 1906 жылы жазылды» депті. Осыдан-ақ Мүрсейіт Абайдың ұлы Микәйілге арнап 1906 жылы көшіргенін аңғаруға болады.

Қолжазба екі негізгі бөліктен тұрады. Алғашқы жартысында ақынның өлеңдері берілсе, екінші бөлігінде – қара сөздері. Қара сөздер төртке бөлінген: қара сөздері, «Китәб тасдиқ», «Насихат» және «Сохрат хакімнің сөзі». Өкініш­тісі, 202 беттік қолжазба тозған, алғашқы һәм соңғы беттегі жазулар оқылмайды. Алғашқы сегіз беттегі өлең жолдарының оң жақтағы бөлігінің бас жағы өшіп қалған. Кейбір беттері жыртылса, кейбір беттері жоғалған.

4) «Кітап Ибраһимның «Қазақтың мінәзлары». Мүрсейіт көшірмесінде» деген атаумен сақталған Мүрсейіттің келесі қолжазбасы да абайтану үшін өте құнды дереккөз болып табылады. Оның екінші беті, «Китәб ‘әқли» де­ген­ жерде: «Ибраһимның қазақтың мінез­дері... жазып жәдігер қалдырған сөзін жаз­дым... Бікіұлы, һижреттің 1325 жылы,­ мухаррам (айы), миләди 1907 жыл,­ март» деп көрсетілген.

Бұл да екі бөліктен тұрады. Алғашқы жартысында ақының қара сөздері беріл­ген. Олар төртке бөлінген: «Китәб ‘әқли», насихат, «Китәб тасдиқ» және «Сохрат хакімнің сөзі».

«Китәб тасдиқ» бөліміндегі кейбір сөйлемдер қара қарындашпен хашия түрінде таңбаланған. Әсілі кәтіп көшірген уақытта ұмытып кетіп, кейін­нен түзетіп, айналасына қайта жазып шыққан болуы ықтимал. Осы «Иман кітабы» жазылған беттер дұрыс сақ­тал­мағандықтан, қағаздың төменгі жақтарына су тиіп, әріптері өшіп кеткен.

Абайдың қара сөздерін «Сохрат хакімнің сөзі» аяқтайды. Содан кейін ақынның өлеңдері орналасқан. Өкінішке қарай, қара сөздер аяқталып, өлеңдер басталатын жерде екі бет жетіспейді. Ақынның өлеңдері «Екеуінің бірі жоқ ауыл кезіп, Не қорлық құр қалжыңмен күн өткізбек?» деген жолдармен басталған. Ақынның «Біреуден біреу артылса, Өнер өлшеніп тартылса» деген өлеңдерінің «Ит көрген ешкі көзденіп, Елерме жынды сөзденіп» деп басталатын бесінші шумағы қара сиямен жазылса, осы өлеңнің алтыншы һәм жетінші («Кісімсіп белгілі білгіш, Біреуге сондай-ақ күлгіш» деген жолдан бастап) шумақ­тары хашия түрінде берілген. Соған қарағанда, кәтіп қолжазбаны көшіріп шыққан соң, кейіннен үстінен қарап, қара сиямен қайта толықтырған болуы мүмкін. Кейіннен қайта толықты­рылған мұндай тұстар бірнеше жерде кездеседі.

Абай өлеңдерінің топтамасы «Қара­саңшы бойыңа, Баяғы ұзын құлақ қал­пың ғой. Жұрт ергені соңыңа, — Үстін­дегі алтын ғой» деген жолдармен аяқтал­ған. Алайда осы беттің төмен жағын­да «Сонымен бет-бетімен тарқап кетті, Әйтеуір, тарқайтұғын уақыт жетті» деп, «Масғұт» поэмасының соңғы екі шумағы келтірілген.

Қолжазбаның 228-229 беттері жо­ғал­ған. Соңғы үш бетінде «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы ­туралы» қара сөзінен басы не аяғы жоқ үзінділер берілген.

5) Мүрсейіт Бікіұлының келесі бір қолжазбасы 1910 жылы көшірілген. Кәтіп бұл қолжазба туралы: «Кітап тасдиқ» қайырлы сағатта жетсін деп Дайырбай Хожанұлына арнап жаздым, һижреттің 1327, миләди бойынша 1910 жылы, сәуірдің 20-шы күні жазған Мүрсейіт Бікі Мырығыұлы». Бұдан Мүрсейіт бұл нұсқаны Дайырбай Хожанұлына арнап көшіргендігі белгілі болады.

Мұнда Абайдың шығармаларымен бірге Турағұл мен Мағауияның да өлең­дері бар. Олар қолжазбаның соңғы жағынан орын алып, кейбір өлеңдердің кімдікі екені нақтыланған.

Қолжазба екі бөліктен тұрады. 1-166 беттер арасында Абайдың (ара-арасында Мағауия мен Турағұлдыкі) шығармалары берілсе, 168 беттен бастап соңына дейін Мағауияның «Медғат-Қасым» (Мүрсейіт 1910: 168-186), «Қисса Дағыстан Жүсіп» (Мүрсейіт 1910: 187-204) поэмалары орналасқан. 167 бетте, яғни «Мағауия» деп, осы беттен кейінгі шығар­ма­лар кімге тиесілі екені анық тұр.

Қолжазбада Абай шығармалары не­гізгі үш бөліктен тұрады: бірінші бө­лім – «Китәб тасдиқ», «Китәб ‘әқли», «На­си­­хат», «Сохрат хәкімнің сөзі»; екінші бө­лім: Абай өлеңдері мен аудармалары; үшінші бөлім: «Ескендір патша әңгімесі», «Масғұт әңгімесі».

Жалпы көлемі 218 беттен тұратын бұл еңбек бүгінгі абайтанудағы негізгі дереккөздерден саналады.

6) Абай өлеңдерін көшіріп жазған тағы бір кәтіптің (көшірушінің) бірі – Төлеу Түгелбайұлы. 1913–1914 жылдар аралығына тиесілі. Төлеу Түгелбай­ұлы туралы нақты дерек жоқ. 91 бет­тен мұрада ақынның біраз өлеңдері хат­талған.

Өлеңдердің берілу тәртібі осыған дейінгі Абай шығармаларына қатысты қолжазбалар мен 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген литогра­фия­ға жақын келеді. Алайда көшіруде қай нұсқаға арқа сүйгені белгісіз. Себе­бі мұнда ақын өлеңдері біраз «өңде­ліп», яғни өзгертіліп көшірілген. Мысалы, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңін­­дегі мына шумақтар «Жаратқан махаб­батпен адамзатты, Сен де сүй ол Алла­ны жаннан тәтті» деген жолдар­дағы сөздердің орналасу тәртібі ауысып түскен. Мұндай өзгеріске түскен жолдар жиі кездеседі. Яғни кәтіп Төлеу ақын­ның шығармаларын көшіргенде өзіне дейінгі қолжазбалардағы өлеңдерді беру тәртібін қабылдағанымен де, көбінесе Абай жырларының ел арасындағы ән­мен айтылу жағына баса назар аударған сияқты.

7) Абай шығармаларын көшірген­дердің бірі – Шериаздан Марсеков (1882–1938). Өз заманында көзі ашық жандардың бірі болған Ш.Марсеков Абай мен Шәкәрімнің шығармаларын 1934 жылы қайта көшіріп шыққан.

Қолжазба басталатын тұста «1-ден бас­тап 84-ке дейін Абай Құнанбайұлының тәлімдері, 85-тен аяғына дейін Шәкерім Құдайбердіұлының тәлімдері» деп жа­зыл­ған. Бұдан қолжазбаның алғашқы бетінен 84-бетке дейін Абай өлеңдері көшірілгенін аңғарамыз. Екінші бетінде орта тұста қара түсті сиямен «Жинау­шы Шериаздан Марсеков» деп көрсеткен. Хакім өлеңдері аяқталар тұста кәтіп «1934.ІІІ.16» деп, 1934 жыл наурыздың 16-шы жұлдызы екенін айғақтаған.

Марсеков 1909 жылғы алғашқы басылымды басшылыққа алғаны анық. Тіпті сол жинақта берілген Кәкітайдың алғысөзін де қоса көшірген. Алайда тасбаспада берілген өлеңдердің кейбірі бұл қолжазбада кездеспейді. Және басқа нұсқалар мен алғашқы тасбаспалардан басты айырмашылығы – жәдид үлгісінде, яғни төте жазуда көшірілгендігінде. Кәтіп төте жазудың барлық талаптарын сақтамағанымен, бір дыбысқа бір таңба қағидасынан алшақ кетпеуге тырысқан.

8) Абайтану үшін маңызды қол­жазба­лардың бірі – Ахат Шәкә­рім­ұлы­­ның (1903–1984) нұсқасы. Ол неме­ре атасының шығармаларын қайта көші­ріп, кейінгі ұрпаққа жеткізуді өзі­не міндет санаған секілді. 1949 жылы араб­тың төте жазуымен көшірілген. 255 беттен тұрады. Бүгінде ғылыми ай­налымға көп түсе қоймаған. Бір қарап шыққанда, Абайдың өлеңдері идея-тематикасына байланысты бірнеше бөлікте қарастырылғаны байқалады. Мұндай тақырыптар мен бөлімдерге бөліп жазу 1909 жылғы литографиядан басталды. Ахат Шәкәрімұлының алғашқы жинақпен таныс болғаны анық. Сондай-ақ ғылым әлеміне белгілі қол­жазбалардың кейбірімен таныстығы талас тудырмайды.

9) Ғылым әлеміне белгілі, бірақ көп зерттеле қоймаған қолжазбаның бірі – Абайдың ұлы Турағұлдың қолжазбасы. Көшірілген жылы белгісіз. Жазылу графикасына қарап бертінде, яғни Ахмет Бай­тұрсынұлының төте жазуы қол­да­нысқа енгеннен кейін таңба­ланға­нын аңғарамыз. Көнеріп тозған және құрылымы іштей бірнеше тақырыптар мен бөліктерден тұрады. Өлеңдері­мен бірге қара сөздері де бар. Сондай-ақ Абайдың орыс классиктерінен аудармалары да енген. Толық зерттеп, ғылыми айналымға түсіру келешектің ісі.

Бұл қолжазбаның құндылығын арттыра түсетін екі нәрсе бар. Біріншісі – Турағұл Абайдың кіші ұлы. Әке мұра­сына барынша жанашыр. Екіншісі – Абайдың алғашқы жинағын бастыру­шылардың бірі. Яғни 1909 жылы Санкт-Петербургтегі «Восточная» баспасына ұсынуға тікелей атсалысқан.

10) Абай шығармалары көшірілген қолжазбалардың ішінде көшірушісі белгісіз нұсқалар да бар. Соның бірі – Жақыпов Аманжанға телініп жүр­ген нұсқа. Төте жазу таңбасында. Мұқаба­сын­да: «Абайдың 1909 жылы Санкт-Петербург жинағының қолжазбасы. Абай өлеңдері қолжазба түрінде Қытай, Шығыс Түркістан қазақтары арасында осы қол­жазба түрінде тарап сақталған. Лермон­тов пен Крыловтың мысал өлеңдері бар», де­лінген. «Жазылған мерзімі мен жері» де­ген тұста «Санк-Петербург, 1909 жыл» деп көрсетілген. Қолжазбаның соңғы бе­тінде мәтін көшірілген қаламнан басқа түстегі сиямен 1943 жылы жазыл­ғаны көрсетілген. Бұдан осы нұсқаның ­1909 жылы Санкт-Петербургте басылған литографиядан 1943 жылы көшірілгенін аңғаруға болады.

Көшіруші 1909 жылы қадім үлгісінде басылған алғашқы жинақты төте жазумен қайта көшіріп шығуға тырысқаны­мен де, ол жазудың орфографиялық өзгешеліктерін толық сақтай бермеген. Екі түрлі жазу мәнері аңғарылады. Бірінші қолтаңбада әрбір әріп тік әрі нақты таңбаланса, екіншісі – оңға қарай қисайта жазылған, яғни жүгіртпе жазуға келеді.

Жазылу мәнерінің екі түрлі болуы – не кәтіптің екі түрлі күйде көшіргенін немесе қолжазбаның екі адамға тиесілі екенін аңғартса керек.

11) Кәтібі (көшірушісі) белгісіз қолжазбалардың кейбірінің қашан көшірілгені де анық емес. Соның бірі – «Әдебиет жинағы. Бұл жинақта Абай, Шәді, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрәм, тағы басқа ақындардың өлеңдері бар» деген атпен сақталған. Яғни қолжазбада Абайдың өлеңдерімен бірге сол заманның сөз зер­герлерінен Шәді төре Жәңгірұлының, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің және Шәкә­рім Құдайбердіұлының өлеңдері бар. Өкінішке қарай, бұл қолжазба туралы нақты мәлімет болмағандықтан әрі мәтін­нің ішінде кәтіп не жазылу тарихы туралы жазба кездеспегендіктен де, авторы һәм тарихы туралы ашып айту келешектің ісі дер едік. Екінші бетінде: «Ыбрай Құнанбай оғлұның ақынлықмен айтқан, назым қылыб, ғибрат алмаққа айтқан бәйітлері», деп жазылған. Өлең­дердің орналасу тәртібі мен құрылымы 1909 жылғы Санкт-Петербург нұсқасымен сәйкес келеді. Кәтіп кейбір өлең жолдарына түзетулер енгізгенін аңғару қиын емес. Мысалы, ақынның «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген өлеңін «Қартайсаң, қайғы ойлайсың, ұйқы сергек» деп көшірген.

141 беттен тұратын бұл еңбек өте жақ­сы сақталған. Бояуы қанық, әріп­тері анық түскен. Сондықтан да зерттеу­шілердің әлі де тереңірек үңілуіне қиын­дық туғыза қоймасы анық.

12) Ғылым әлемінде Мүрсейіт Бікі­ұлының атына телініп жүрген бір қол­жазба бар. Бірақ қаншалықты Мүр­сейітке тиесілі екендігі белгісіз. Мұқаба­ның ішкі бетінде кейінірек орыс ті­лін­де жазылған «Рукопись Мурсеита Бекина» деген жазу кездеседі. Жазыл­ған жылы белгісіз. Қадім һәм төте жазу белгілерін аңғаруға болады. Бізге бел­гілі Мүрсейіттің үш қолжазбасы да қадімша терілген. Көлемі 160 беттік мына қолжазбада Абайдың өлеңдері мен он жеті қара сөзі берілген. Тағы бір ерекшелігі – түбірге жалғанған кейбір жалғау, жұрнақтардың қадімша (ескіше) емес, бүгінгі тілдік нормалар тұрғысы­нан жазылуы дер едік. Сондықтан екінші бетінде бұл нұсқа Мүрсейттің қаламына тиесілі екендігі жазылғанымен, оның қаншалықты шындыққа жанасатынын анықтап білу келешектің ісі дер едік.

Абай мұрасы қамтылған бізге бел­гілі қолжазбалардың қысқаша сипаттамасы осындай. Осы аталған қолжазба көшірмелерін өзара салыстыра зерттеу­дің абайтану үшін маңызы зор болмақ.

 

Төрәлі ҚЫДЫР,

ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент