• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Абай Бүгін, 09:15

Абай тойы – ел мерейі

30 рет
көрсетілді

Биыл ұлттың ойын жаңа арнаға салып, әдебиеті мен өнерін биік деңгейге көтерген дала данышпаны Абай Құнан­бай­ұлының туғанына 180 жыл толды. Бұл – еліміз бен халқымыз үшін айтулы дата, маңызды мерекенің бірі. Себебі, қазақ өркениеті бүгінде Абайға дейін және Абайдан кейін деп сараланады. Дәуірлерді жіктеген данышпанның тойы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жаңажылдық құттықтау сөзінде «Ұлы Абай­дың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек» деп арнайы тапсырма берген еді.

Абай – халқы ескі мен жаңа­ның өткелінде тұрған алмағайып дәуірде туған, ұзақ заманалар бойы Ұлы даланы ен жайлаған елдің еркі өзінен кетіп, «болу мен бордай тозу» сұрағын өзіне шарасыз қоюға мәжбүр болған шақта өмірге келген кемеңгер. Халықты қасіреттен арашалайтын ерен тұлғалар осындай қиын шақта өмір есігін ашатынын әлемдік тарихтан жақсы білеміз. Абай арқылы қазақ халқы жаңа ой көкжиегіне көтерілді әрі әлемге қосар үлесіміз, философиялық тұжырымымыз мол екенін көрсетті. Абай біз үшін ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан айтқандай, «Тағдырдың өзі сыйлаған сом алтын». Ұлттың әлеуеті осындай тұғырлы тұлғаларымен көрінеді. Себебі әлемнің өзге халықтарды данышпандары арқылы танып, солардың күллі әлемге шуақ шашқан сәулелі ойлары мен сапалы туындылары арқылы қабылдайтыны ежелден орныққан, дәстүрге айналған аксиома. Осы тұрғыдан келгенде, хакім Абайды ұлттың пас­порты деуге толық негіз бар.

Дана мұрасының кемелді сала­ларының бірі, ұлттық танымның ұстынына айналуға тиіс тұғырлы дүние – толық адам ілімі. Бұл адамның рухани кемелденуін үш негізде, атап айтсақ, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек сынды үш айнымас темірқазыққа байлайды. Хакім айтатын «қашық болуға тиісті бес нәрсе, бойға сіңірерлік «бес асыл іс», «атаның емес, адамның баласы болу», «адамзаттың бәрін бауырым деп сүю» осының бәрі де осы ізгі ілімнің тараулы жолы, танымдық негізі. Түптеп келгенде, бұл тұжырымдар қазақ дүниетанымын жүйелеп, түркі ғұламаларының «жүрек ілімімен» тамыры ұштасып жатқан ұлттық кодты бекітетін жаңа ілім, ұлттық ойды өзгеше ағынға бастаған жаңа арна болатын.

Бұл – бүгінгі заманауи тәрбиенің, сая­сат­тың, экономиканың, дін мен ғылымның мәнін тереңнен қозғап, қыры мен сырын жүрек құпияларынан іздейтін тұрпаты бөлек таным, шындығында, адамзаттық тұтастыққа негізделген ұлы идея. Осы ілім арқылы хакім адам мен қоғам арасындағы байланысты, мемлекеттің тірегі – әділетке жаны құштар азамат, пайымы парасатқа табан тірейтін саналы тұлғаның қалыптасуын, тіпті, ұлт­тық өркениеттің болмысын жаңаша сипаттайды.

Ол дәуірдің бетбұрыс кезеңінің басында тұр. Хакім сүйікті ұлы Әбішті жоқтауында:

«Жаңа жылдың басшысы – ол,  

Мен ескінің арты едім.

Арман деген ащы сол,

Сүйекке тиді, қарт едім» деп толғанады. Ақын алда жаңа кезең келе жатқанын ишаралайды. Бұл тұрғыдан Мемлекет басшысының «Біз Абайды ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген данышпан ретінде әлемге танытуымыз керек. Сонымен қатар оны ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор ретінде дәріптеуге міндеттіміз» деген толғамды тұжырымының Абайдың өз танымымен тамырлас, пайымымен үндес шыққанын айтуымыз керек.

Сондай-ақ қазақ ойын жаңа арнаға түсірген Абай өзін «ескінің арты едім» дейді. Жаңаның басын өзінен кейінгі буыннан, Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлдарының замандасы Әбдірахманнан көріп отыр. Бұл да хакімнің бір даналығы, келер заманды оймен болжап отырған көрегендігі болса керек. Алда қазақ ренесансының көшбасшылары Алаш қозғалысының сойы бөлек, сом алтын тұлғалары келе жатыр еді. Абай үміт артқан, Абай сенген осы буын қазақтың ең алғаш­қы білім жүйесін, ғылымын, тер­минологиясын, тіл ғылымы мен әдебиет теориясын қалыптастырды. Мем­лекетшілдіктің негізін қалады. Бұл Абай арнаға түсірген қазақ рене­сан­сының шарықтау шегі болатын.

Абай қазаққа, өзі туған, өзі ержет­кен ортаға жаңа сұрақ қойды. Оған дейінгі сұрақтардың дені дидакти­калық танымға негізделіп келсе, хакім сұрақты өзгертті: адам деген не, адам не үшін өмір сүреді, би­лік пен байлықтың мәні қандай, Адам болып өмір сүру мен адамзат бо­лып тірлік етудің ерекшелігі қан­дай деген сұрақтарға жауап іздеді. Заманды жаңа сұрақ өзгертеді. Сұрағы жаңармаған қоғам жаңармайды. Абай қазақ қоғамына ғана емес, адам­затқа ортақ сұрақтарды көп қой­ды. Өзіне сұрақ қоя алған адам – жаңа­шыл адам. Оның кез келген қара­сөздері мен жырларынан біз өте өзекті сұрақтарға жолығамыз. Әсіресе Отыз сегізінші сөзіндегі сұрақтар талай оқымыстылардың жауап іздеп, Абаймен сұхбаттасуына себеп болып келеді. Данамен рухани дидарласқан адамның адасқаны жоқ. Ал Абаймен мұңдасқан, Абаймен сырласқан, ойымен дос, ниеттес болған адам – бақытты адам. Абай – қайталанбас мұраның авторы ғана емес, ол – тірі адам. Оның ойы сенің жаныңда, рухыңда, болмысыңда күнделікті өмір сүрсе, ғұмырыңның текке өтпегені, зая кетпегені. Еліне қызмет етем деген адам Абайдан алыстаса, оның ұрпаққа арнаған сұрағына мән бермесе, түптің-түбінде опық жеуі бек мүмкін. Абайды тыңдау, оны кие тұту – кемел ойларынан дәйексөз алу ғана емес, дана идеясымен өмір сүру деп ойлаймыз. Абайды оқымай, арман-мұратын сіңірмей, қағидаларын ескермей күн кешу – ұлтты ойлаған азаматқа жат тірлік.

Хакімнің туғанына 180 жыл то­луын мерекелеу – Абай рухына тағызым ғана емес, ұлы ойшылды жаңа қырынан танып, оның мол рухани байлығынан тағылым алатын елдік мейрам, ұлт­тық толғам болуға тиіс. Себебі неміс жұрты үшін Гете, қытай халқы үшін Конфуций қандай құрметті болса, біз үшін Абай сондай. Ол «Адамзаттың бәрін сүй» деген дегдар гуманизмді, «біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ұлттық бірегейлікті өсиет еткен данышпан. Үндінің ұлы дегдары Рабиндранат Тагор: «Адамзат мәдениетінің тарихына жалғыз да болса дара данышпан тудыру арқылы үлес қоспаған ұлттың – өркениетті заманда өмір сүруге қақсы жоқ»,  деген. Бұл тұрғыдан халқымыз әлем ақыл-ойына Абайдай бірегей тұлға сыйлағаны үшін әр қазақ кеуде керіп мақтануға қақылы деп ойлаймыз.

Абай Құнанбайұлының биылғы мерейлі мерекесін ел болып атқару баршамыздың перзент­тік парызымыз. Себебі Абай тойы – ұлттың рухани түлеуінің өзегі, қазақтың жоғалтқанын қайта тапқан, ұмыт­қанын қайта еске салған тарихи белес. «Той тойламақ не керек?» дейтін атүсті пікірді өрбітіп отыратын да адамдар жетерлік. Мұндайда орыс тарихшысы В.О.Ключевскийдің: «Данышпан адам әрбір ұлтқа қажет! Оның мерейтойын өткізу – ұлттық қажеттілік. Ұлының жүрегіне үңіле отырып, біз ұлтымыздың өткенін тал­даймыз, бүгінгі күніне баға бере­міз, сондай-ақ күні ертеңгі даму болаша­ғымыздың бағдарын анықтап, шешім қабылдаймыз», деген сөзі еске түседі.

Абай тойы елдің рухани өмірін серпілтіп қана қоймай, әлеуметтік тұрғыдан да өңірге пайдасын тигізіп, жұрт есінде қалар өнегелі шара болуға тиіс. Хакім тойына дайындық барысында осы түйінді басты назарға алғанымыз жөн.

Мерейтой жылының өңірімізге ең басты сый­лығы – Мемлекет басшысының қол­дауымен басталған «Абайға құр­мет» акциясы. Хакімнің тойында еліміздің әр өңірі жаңадан құрылған облысымызға бір нысаннан салып беретін болды. Қазір кейбір өңірлер құрылысты бас­тап жатса, жалпы барлық аймақ бүгінде қандай сыйлық жасайтынын жариялап үлгерді. Атап айтсақ, Маңғыстау – Достық үйін, Шымкент – шығармашылық орталық, Түркістан – көрме орталығын, Астана – жайлы мектеп, Ақтөбе – жекпе-жек орталығы, Павлодар облысы – Үстел теннис орталығы, Шығыс Қазақстан – Ертіс жағажайын жасап беруге ниеттеніп отыр. Өзге өңірлер де хабарласып, ықылас-пейілін білдіріп жатыр.

Бұл жолы Абай тойы 10 күндік ретінде өтіп жатыр. Облыс орталығы Семей қаласында басталған дүбір­лі тойдың түйіні 9-10 тамызда кіндік жұрт Жидебай-Қарауылда түйінделеді. Абай тойы, ең алдымен, той тойлайтын емес, ой ойлайтын басқосу болмағы лазым екенін барша жұрт айтады. Мерейтой тек сахналық мереке ғана емес, ұлтқа пайдалы мұра қалдыратын нақты жобалар кезеңі де болуға тиіс. Бұл тойдың бедерінде елге игілікті біраз шаруа атқарылды. Той тарап, әбігер басылған соң да ел игілігіне қызмет ете беретін дүниелер жасауды мұрат еттік.

180 жылдық құрметіне «Абай-Шә­кә­рім» кесенесі аумағында «Этно ауыл Жидебай» кешені бой көтереді. Абай ауданының тумасы, меценат Бектас Медғатовтың бастамасымен жүзеге асатын, 60 гектар аумақты қамтитын кешен өңірдегі туризмді дамытып, рухани-мәдени мұраны дәріптеп, Жидебайды халықаралық туристік бағыттардың біріне айналдыруға қызмет етері сөзсіз. Жыл бойы жұмыс істейтін кешенде киізүйлер мен бунгало үлгісіндегі қонақүйлер, этно-SPA орталығы, қоғамдық тамақтану орындары бар. Сондай-ақ иппадром, хайуанаттар бағы, конференц-зал, тимбилдингке арналған арнайы аймақтар, электромобильдерді қуаттау стансалары мен қымыз құю желісі қызмет етпек. Бұл – дүбірлі тойдан кейін де ел игілігіне қалатын дүние.

Сонымен қатар Жидебай мен Бөріліде антенна-діңгекті құрылғы орнатылып, интернет қосылады. Демек, Абай тойы қарсаңында Абай ауданы 100 пайыз интернетпен қамтылады. Облыстық бюджет есебінен жүзеге асатын бұл жұмыс туристер ең көп келетін қасиетті орынның ғана емес, аудан жұртшылығының қажеттілігін өтеп, ел игілігі үшін қызмет ететін болады.

Сондай-ақ Абай мұрасын толық бір интернет платформаға жинақтап, осы кезге дейінгі Абайтанудың барлық қазыналары мен Абай төңірегіндегі барлық мәліметтерді топтастырған «Абай академиясы» порталы іске қосылады. Бұл ізденушілер үшін ең ауқымды академиялық алаң болмақ. Бұлар көптеген мәдени іс-шаралар мен салтанатты кештерден, хакім құрметіне шығып жатқан кітаптар мен ғылыми конференциялардан бөлек атқарылып жатқан шаруалардың бір парасы ғана.

Қысқасы, Абайдың мұрасы – ұлттық өркениетіміздің ең биік шыңы. Әдебиет, театр, кино, музыка, бейнелеу өнері бәрі де Абай рухында жаңа биікке көтерілуге тиіс. Абай идеяларын үнемі заманауи платформаларда насихаттау – біздің міндетіміз. Бүгінгі ұрпақ хакімнің мерейлі датасын тойлап қана қоймай, оның идея­ларын іске асыруға, оны өмір сүру дағдысына айналдыруға ұмтылуы керек. Сонда ғана бұл той нағыз ел мерейі болмақ.

Бүгінде ұлттық идеологияда Абай идеялары басты орынға қойылып, Абай ауданы мен Семей қаласының рәміздік маңызы артты. Семей бірнеше ғасырдан бері ұлттық ойдың бастауы, ұлттық өркениеттің ең мәнді нүктесі болып келе жатқаны белгілі. Абай, Алаш арыстары – бәрінің негізі рухани орталығы осы ескі шаһар болға­ны бүгінде барлық отандастарымыз үшін мақтаныш. Абайдың туған өлкесі – Жи­дебай мен Шыңғыстау бірте-бірте әлем­дік зиярат орнына айналып келеді.

Сөз соңында әйгілі испан ғалымы, кезіндегі ЮНЕСКО бас директоры Федерико Майордың «Абай – заманалар есімін өшіре алмайтын дана» деген байламы ойға оралып отыр. Иә, Шыңғыстаудың бауырында туып, даналықтың шыңына шыққан хакім Абайдың есімін ешқандай уақыт дауы­лы, заман құйыны өшіре алмай­ды. Дана рухы қазақ хал­қы­ның өркениетінің өзегі, біздің дамуымыздың қозғаушы күші болып қала бермек.

 

Берік Уәли,

Абай облысының әкімі