• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 10:50

Бала қауіпсіздігі – басты назарда

30 рет
көрсетілді

Оқушы мектепте өзін қауіпсіз сезінуі қажет. Сондай ортада ғана бала өзін еркін ұстайды, бұл оның жақсы білім алуына, тұлға болып қалыптасуына, дамуына ықпал етеді.

Біздің мектеп 2025 жылы 19 ақпан күні жаңадан ашылды. Жобалық қуаты 1 500 оқушыға арналған мектебімізді қауіпсіз мекеме деп айтуға болады. Өйткені мұнда оқушы қауіпсіздігін қамтамасыз ету қолға алынған. Атап айтқанда, барлық «Келешек мектептерінде», соның ішінде біздің мектепте де ал­ғашқы медициналық көмек көрсе­тетін пункт, мектепке кіріп-шығу­дағы бақылау, бейнебақылау жүйесі, төтенше жағдайлар кезіндегі қауіп­сіздік, қосалқы шығу жолдары, өрт қауіп­сіздігі жүйесі, зорлық-зомбы­лық­тың, буллингтің алдын алу бағытын­дағы шаралар, сыныптардың, мектеп ас­ханасының, спорт залдың санитар­лық жағдайы, ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылар үшін арнайы жағдай, психолог мамандармен жұмыс жүйесі іске қосылған. Сонымен қатар оқушылардың мектепке келіп кету жолдары да басты назарда.

Мәселен, біздің мектепте оқушы мен персонал қауіпсіздігі үшін 180 бейнебақылау камерасы орнатылған. Олардың 116-сы мектеп ішінде болса, 64-і мектеп ауласында орналасқан. SOS түймелерінің саны – төртеу. Ал төтенше жағдай кезінде қосалқы 16 есік қолданылады. 12 турникет бар. Мектепте интернет жылдамдығы – 120 м/бит секунд, ол екі желіге бөлінеді. Мектеп ғимаратының төбесіне шығатын 2 есік; 5 люк баспалдақ қолдануға дайын тұрады. Мектепте жалпы 66 өрт сөндіргіш, 30 гидрант орнатылған, ол ғимараттың әр қабаты­на және жертөлеге ретімен бөлінген. Бұған қоса мектепте 3 жерде байланыс телефоны қойылған.

«Келешек мектептері» жобасы аясында салынғандықтан, мектебімізде бала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жеке санитарлық бөлмелер, кең кабинеттер, жеделсаты, пандустар, арнайы белгілер, психолог, логопед және дефектолог кабинеттері толық жабдықталған.

Мектебіміздің тағы бір ерекшелігі – кіруді бақылау жүйесі ID карта арқылы өтеді. Бастауыш, орта және жоғары буын оқушылары бөлек-бөлек, өздеріне арналған есіктен кіріп, өз оқу блоктарына өтеді.

Біздің мектеп күні кеше ашылса да, оқушыларымызды түрлі жағдайдан сақтандыратын іс-шаралар кешенін өткізіп үлгердік. Мысалы «Қауіпсіздік және электр энергиясы: трансформаторлық күркелер мен электр қосалқы станцияларына неге жақындауға болмайды» атты сынып сағатында жетекші инженер Мейрамгүл Болатқызы оқушыларға түсіндіру жұмысын өткізді. «Қауіпсіз жол» жобасы аясында Азаматтық бас­тамалар қауымдастығы SAMGAU мүшелері және Шаған полиция бөлімі қызметкерлері мектепте бас­тауыш сынып оқушыларымен профилактикалық акция ұйым­дастырды. Аналар күніне және республикалық репродуктивті денсаулық апталығына орай оқу­шылар №6 емхананың дәрігері Жадыра Жақсылыққызымен кездесті. БҚО Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерімен де тұ­рақты іс-шаралар өтіп тұрады. Бул­лингтен қорғау қауіпсіздік сабағы, «Саламатты ұрпақтың – салауатты өмірі» тақырыбында өткен қауіпсіз­дік сабақтары балаларға пайдалы болғаны анық. Ал Шаған полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Мөлдір Қадимқызы қатысқан «Қауіпсіз қоғам», «Құқықтық мәдениет және оның маңызы» секілді кездесулер оқушыларға заң мен тәртіпті түсіндіріп, өз құқын қорғауға көмегін тигізді деп ойлаймын.

Шындығында оқушы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – болашақ үшін жасал­ған қадам. Қауіпсіз ортада тәрбие­лен­ген бала еркін ойлайтын, білімді, жауапкершілігі жоғары тұлғаға айналады. Сондықтан білім беру ұйымдарында қауіпсіздік мәселесі үнемі басты назарда болуға тиіс. Мемлекетіміз осы мәселені маңызды деп танып, алғы шепке қойып отыр. Президент тапсырмасымен салынған ұлттық жоба – «Келешек мектептері» тек жаңа ғимарат пен заманауи жабдық емес, ең алдымен баланың жан-жақты қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірден бір ортаға айналды.

 

Самал РАХМЕТУЛЛИНА,

№52 мектептің директоры

 

Орал