Әдебиет тарихында ең ықпалды шығарманың бірі болып саналатын Марсель Прусттың «Жоғалтқан уақытты іздеу» (өкінішке қарай, қазақшаға аударылмаған) атты шығармасы жайында «Не туралы?», «Оның мағынасы не?» деген сұрақтарға берілген жауаптарды әдебиеттанушылар бірнеше топқа бөлген екен. Оның бірі: «Бұл өткен шақ пен болашақ, олардың арасындағы байланыс туралы», енді бір тобы: «Бұл қоғамның айнасы, жазушының қоғамға көзқарасы», деп топшылаған. Тағы бір тобы: «Бұл өмір мен өлім туралы» десе, келесі тобы «Шағын құбылыстар арқылы тұтас әлемді көру» деген пікірлер айтқан. «Жоқ, бұл оқырман туралы, осы романды қолына алып, оқып тұрған адам туралы» деушілер де бар.
Расымен, шынайы көркем шығарманы оқыған адам қиялына ерік беріп, өресіне, біліміне, құндылығына, дайындығына сай көз алдына өз әлемін елестетіп, керегін алады. Екінші жағынан, таяуда ғана бір әдебиеттанушы қарапайым болып көрінетін екі шумақтан тұратын өлеңді 11 тәсілмен талдап, оның әрқайсысын қолдана отырып, түйінделген тұжырым сол екі шумақты жаңа қырынан ашып, өзгеше ой қорытуға жетелейтінін көрсетті.
Оқырман ретінде мен мұны әдебиеттің ғажайыбы дер едім. Әдебиеттің ғасырлар бойы адам баласына тартымды болуы да, мүмкін, оқырманды жетелей, талғамын жетілдіре, бойында құндылық қалыптастыра келе, сонымен қатар оған белгілі бір деңгейде еркіндік беріп, қиялын шарықтатуында болар. Осы күндері ұлт және мемлекет болып 180 жылдық мерейтойын ұлықтап жатқан кемеңгер Абайдың мұрасы жоғарыдағы сипаттар тән мазмұнды көркем шығармалар мен тұңғиық дүниетанымдық, философиялық толғауларды ұштастыра бүгінгі қоғам, ұлт және азамат пен адам алдында тұрған өзекті сұрақтарға жауап іздерде бағдар беретін темірқазық болатынына оқыған сайын көзіміз жетеді. Абайды оқыған әр адам одан өзіне керегін табады. Ақын шығармалары арқылы әр оқырман өзін көреді, өзін түсіне алады. Абайды оқыған әр адам ұлы ойшылдың ұстанымдарымен, бағамдарымен өз ұстанымын салыстырып, өзінің бағалау жүйесін жетілдіре алады. Абайды оқыған әр адам өзінің сынын берер айна табады. Сонымен қатар әр адамның Абайға қайта оралған сайын оны жаңаша, тереңірек түсінетіні де – басы ашық дүние.
Бұл, әрине, Абай шығармаларының тұңғиық тереңдігі мен асқақ биіктігі және ұлттың дүниетаным көкжиегін кеңейткен ғажап ықпалының көріністері. Ұлт тарихындағы ең күйзелісті заманда – бодандықтың қамытын киіп, тізгіннен айырылып, ел жақсылары сыртқа жүгінуге мәжбүр болған тұста – ақын Жаратқанның қазаққа жіберген сыйы секілді еді. Хакім көкжиегімізді кеңейтті. Абай ұлтты жаңа кезеңге дайындады. Сол себептен де, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы Абайды «Қазақтың бас ақыны» деді.
Абай жолы әр жанның көкейінде қалыптасады. Ендеше, «Абай шығармалары не туралы? Абай шығармаларының мағынасы не?» деген сұрақтарға жауап іздеушілер Марсель Прусттың әйгілі шығармасын талдағандай, алуан түрлі жауаптар топтамасын қалыптастыра алады. Шығармаларын адам мен әлем, әлемдегі және адамзат тарихындағы біздің орнымыз, ұрпақтар арасындағы сабақтастық тамырлары, махаббат пен ғадауат, өмір мен өлім, өткен мен болашақ туралы деп шексіз жалғастыруымызға болады. Оны оқығанда әркім өзіне керегін табады, өз өресіне сай өз жолын салады. Абай жолы әркімнің көкірегінде бөлек қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясындағы іс-шаралардың тұтас кешенді тұжырымдама аясында тоғысып, әркімнің өз керегін іздеуге мүмкіндік беретіні қуантады.
«Абай академиясы» энциклопедиялық порталының ашылуынан бастап, «Желсіз түнде Жарық ай» гала-концертіне дейін; «Абай әлемі» рухани кеші мен «Өлең сөздің патшасы» мүшәйрасы «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым» деп аталатын ақындар фестивалі және «Адамзаттың Абайы» ақындар айтысы; Семей – Қарауыл марафоны мен «Жеті қазына» байқауы және басқа да ғылыми, мәдени, дүниетанымдық, әдеби іс-шаралардың барлығы ақын тұлғасының жан-жақтылығын, мұрасының тереңдігін және күрделілігін көрсете отырып, әрбір жанға Абай арқылы өзін тануға мүмкіндік беретін жан-жақты кешенді бағдарламаны құрап тұр.
«Жеті қазына» бағдарламасында тоғызқұмалақтың болуы, жеңімпаз ойыншыға көлік тігілуі Тоғызқұмалақ қауымдастығына да бір серпіліс беріп отыр. Абайдың тоғызқұмалақты өзі ғана ойнап қоймай, маңайындағы жастарды топтастырып, жарыстар ұйымдастырып, мектеп қалыптастырғаны да белгілі. Бұл туралы Әрхам Кәкітайұлының естеліктерінен, Мұхтар Әуезов жазбаларынан деректер табуға болады. Тағы бір оң үдеріс – онкүндіктің негізгі бағдарламасы Абай облысында, Абай ауданында, Семейде жоспарланғанымен, осы күндері мемлекетіміздің барлық өңірінде Абайға, Абай тағылымына арналған көптеген іс-шаралардың өтуі. Біздің тоғызқұмалақ қауымдастығы да APEMS академиясымен бірлесіп, тұңғыш рет жасанды интеллект пен үздік ойыншылар арасында сайыс өткізбекші. Бұл да тікелей Абайдан бастау алатын үдеріс. Себебі хакім ұлттық дәстүрімізді, ділімізді, дінімізді, тілімізді көзінің қарашығындай сақтап, дамыта келіп, сонымен бірге әрдайым оны біліммен, озық технологиямен ұштастыруға үндеді.
Ұлы ақын рухына тағзым ете отырып, бәріміз де осы күндері Абай алдында іштей есеп береміз. Осы сынақтан әрдайым абыроймен өтуді нәсіп етсін.
Әлихан БАЙМЕНОВ,
Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы