Түркістан өңірінде облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Абаймен ойлан, Абаймен толған» атты онкүндік өтті.
Ағартушылық бастама аясындағы іс-шаралардың алғашқысында кітапхана директоры Жанат Сәдібекқызы онкүндік – ақын мұрасын терең танып, санамызға сіңіру жолындағы маңызды мәдени оқиға екенін қаперледі. Түркістан қалалық мәдениет үйінің әншілері Абайдың әндерін орындап, «АКА» шығармашылық орталығының актерлік үйірме мүшелері «Бала Абай» сахналық қойылымын көрермен назарына ұсынды. Балалар мен жасөспірімдер көркемсөз оқу үйірмесінің оқушылары және Ұлттық ұлан 5574 әскери бөлімінің сарбаздары ақынның өлеңдерін оқып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Сондай-ақ онкүндік аясында «Абай даналығы – халық мұрасы» тақырыбында өткен ғылыми конференцияда абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент М.Әліпхан, философия ғылымдарының докторы, профессор Д.Кенжетай, облыстық ардагерлер кеңесі, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейі өкілдері ұлы ойшылдың әдеби және философиялық мұрасына терең үңіліп, Абай ілімінің қазіргі қоғамдағы өзектілігі мен маңызын атап өтті. Ғылыми тұжырымдар мен тың идеялар айтылды.
«Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары» атты әдеби кеш те әсерлі өтті. «Абай жолы» деректі фильмінің көрсетілімімен ашылған әдеби кеште ақынның өнегелі қара сөздері, даналыққа толы өлеңдері оқылып, әндері орындалды. Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ» сынды сырлы сазға толы әсем әндері «Көзімнің қарасы» атты ән кешінде де шырқалды. Ал онкүндік аясында өткен «Абай – қазақтың рухани ұстазы» атты оқырман аудиториясымен кездесуде ұлы ойшылдың өмір жолы, шығармашылық мұрасы мен философиялық тұжырымдары жайында деректер келтіріліп, қара сөздері мен өлеңдерінен үзінділер оқылды.
Түркістан облысы