Кейінгі жылдары елімізде білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды жобалар іске асырылып келеді. Солардың ішінде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – ерекше назарда.
«Келешек мектептері» – бұл тек жаңа ғимарат салу емес. Бұл – баланың жан-жақты дамуына қолайлы, қауіпсіз және инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған ұлттық деңгейдегі стратегиялық жоба.
Мемлекет басшысы бұл жобаны елдегі орта білім сапасын арттыру, ауыл мен қала арасындағы білім алшақтығын жою үшін ұсынды. Ең бастысы, бұл жоба барлық балаға тең мүмкіндік беруді көздейді.
2023 жылдан бастап жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру басталды. Қазірдің өзінде бірқатар өңірде жаңа форматтағы мектептер ашылды. Биылғы жылдың соңына дейін мұндай форматтағы 217 мектепті қолданысқа беру жоспарланып отыр. Бұл – 460 мыңнан астам оқушы орны. Соның ішінде 40 пайыздан астамы ауылдық елді мекендерге тиесілі. Бұл – ауыл баласы да қаладағылармен бірдей жағдайда білім алуын қамтамасыз етеді деген сөз.
Біріншіден, жаңа форматтағы мектептер кең әрі эргономикалық тұрғыда тиімді етіп жобаланған. Типтік мектептерге қарағанда 15-20%-ға үлкен. Әр оқушыға жеке шкаф, трансформер-парта, тынығу аймағы қарастырылған.
Екіншіден, Ұлттық жоба аясында салынған мектептерде қауіпсіздік жүйелері күшейтілген. Мектептер заманауи бейнебақылау және ғимаратқа кіріп-шыққандарды қадағалау жүйелерімен қамтамасыз етілген. Бастауыш және жоғары сыныптар бөлек-бөлек блоктарда оқиды. Мұның барлығы баланың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына бағытталған.
Үшіншіден, бұл мектептерде STEM-зертханалар, IT кабинеттер, аспаздық және тігін шеберханалары, 2-4 спорт залдары, роботтехника кабинеттері жұмыс істейді. Бұл – оқушыларға тек теория емес, практика арқылы үйренуге мүмкіндік береді. Барлық мектеп заманауи жиһаздармен, оқу құрал-жабдықтарымен жабдықталып, әрбір оқу кабинеті үшін қажетті техникалық құралдар жиынтығы қамтамасыз етілген. Мұның барлығы ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың білім сапасын көтеруге мүмкіндік береді.
Әр мектепте ерекше білімді қажет ететін балалар үшін толық жағдай жасалған. Лифт, пандус, арнайы дәретханалар, инклюзивті кабинеттер, логопед, психолог қызметі – барлығы қолжетімді. Білім барлық балаға бірдей болуы керек. Бұл – жобаның негізгі ұстанымдарының бірі.
Мұғалімдер интерактивті технологиялар мен пәндік зертханаларды қолдана отырып, әр оқушының қызығушылығы мен қабілетіне қарай тұлғалық дамуына жол ашады. Білім беру үдерісінде Президент белгілеген «Адал азамат» тұжырымдамасының негізінде оқушыларды әділдікке, еңбекқорлыққа және адамгершілікке баулитын құндылықтар жүйесі қалыптасқан. Мектептегі білім беру үдерісі тек оқыту емес, өмірге бейімдеу, жауапкершілік сезімін ояту және қоғамдық сананы дамытуға бағытталған.
Бұл мектептерде балалардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау, ресурстарды үнемді пайдалану сияқты жауапкершілікті сезіну дағдыларын дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Осы қағидалар Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» идеясын балаларға мектептен бастап сіңіруді көздейді.
Біз тек ғимарат салып қоймаймыз, сол мектептерге арнайы даярлықтан өткен мұғалімдерді жіберуді көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде 3 мыңнан астам педагог арнайы курстардан өтті. Олардың бәрі цифрлық құралдар, жаңа әдістемелермен жұмыс істеуге машықтанып жатыр.
Сонымен қатар жетекші педагогикалық жоғары оқу орындарымен бірлесіп, арнайы кадр даярлау жүйесі жолға қойылды. Ал мектеп директорлары «Білім беру саласындағы 1000 көшбасшы» жобасының қатысушылары арасынан таңдалады.
Жоба шеңберінде бастауыш сыныптан бастап кәсіптік бағдар беру жүйесі енгізіледі. 7-сыныптан бастап бейінді пәндер, жеке оқу бағыттары, менторлық жүйе жолға қойылады. Қазір «Мансап компасы» атты цифрлық платформа әзірленіп жатыр. Бұл оқушыға өзінің қызығушылығы мен қабілетіне қарай болашақ мамандығын таңдауға бағыт береді.
Білім сапасын, инфрақұрылымын дамыту – адам капиталына салынған инвестиция. Біз білімді, бастамашыл, жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу арқылы мемлекеттің болашағын қалыптастырып жатырмыз. «Келешек мектептері» – тек білім ошағы емес, ол заманауи ойлайтын, ұлттық құндылықты қадірлейтін, технологиялық сауатты тұлғаның қалыптасу ортасы.
Майра МЕЛДЕБЕКОВА,
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі