Өткен аптаның соңында Еуропа төріндегі Хельсинки қаласында «World Dog Show-2025» халықаралық иттер көрмесі өтіп, отандық делегация тазыны жеке тұқым ретінде тұңғыш рет жаһанға таныстырды.
Әлемнің түкпір-түкпірінен келген мыңдаған асыл тұқымды ит бақ сынаған ауқымды іс-шарада қазақы тазылардың маңдайы жарқырап, қанжығамызға бес бірдей жүлде байланды.
Рас, өнер тілімен айтқанда, Хельсинкидегі әлемдік премьерамыз тазының текті тұқымын мойындатып қана қоймай, ұлттық құндылығымыздың халықаралық деңгейге шығуына жол ашып отыр. Бұл сүйінші жаңалыққа Мемлекет
басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ризашылығын білдіріп, қазақы тазы тұқымын халықаралық деңгейде ұлттық бренд әрі қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі ретінде насихаттаудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан Кинологтер одағына құттықтау жеделхатын жолдады.
Жалпы, ықылым заманнан бері «құмай тазы қуғанын алады» деп сидам бітімді, кең омыраулы, дөңес жонды, сопақ бас сүйріктей тазыны жеті қазынаның бірі санап, ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлшегіне айналдырған халықпыз. Содан болар Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазақы тазыны зерттеу және халықаралық деңгейде насихаттау жұмыстары жалғасуға тиіс. Бұл бағытта Қазақстан кинологтері, ғалымдары мен мамандары тығыз жұмыс істеп, қазақы тазының әлемдік беделін арттыруға үлес қосуы қажет», деуі сол атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтың маңызын тіпті арттырды.
Президенттің осы бір тапсырмасынан кейін ит жүгіртіп, құс салып, аң аулап серуен құру қанына сіңген халқымыз қазақы тазыға ерекше көңіл бөле бастады. Мәселен, былтыр Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) бас комитеті қарны аш болса да, аштығын білдірмейтін дегдар тазымызды ресми мойындап, халықаралық деңгейде асыл тұқымды иттер тізіміне қосты. Қазақстан Кинологтер одағының президенті Бауыржан Серікқали Хельсинкидегі «World Dog Show-2025» дүниежүзілік иттер көрмесіндегі жетістік осы бір игі жаңалықтың жалғасы екенін айтады.
Қош, сонымен әлемнің небір асыл тұқымды иттері додаға түскен әйдік көрмеде Темірлан атты тазымыз көптің көңілін жаулап, «Әлемнің жас чемпионы» атағын жеңіп алды. Ал Лашын мен Ару атты қос тазы Әлем және Финляндияның чемпиондары атанса, Көксерек пен Пана «Әлемнің вице-чемпиондары» болып олжаға кенелді.
«Финляндияның астанасы Хельсинки қаласынан негізінен үш жетістікпен оралдық. Оның алғашқысы – Қазақстан тұңғыш рет Халықаралық кинологиялық федерациясының Бас Ассамблеясына толыққанды дауыс беруге құқылы мүше болып қабылданды. Екінші жетістігіміз – дүние жүзінен 25 мың ит қатысқан көрмеге сегіз тазыны апарып, оның бесеуі жүлдеге лайық деп танылды. Көрмеге алғаш рет қатысып, бірден мұндай жетістікке жеткен ел жоқ. Үшінші олжамыз – Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) бас комитеті асыл тұқымды ит ретінде мойындаған тазының ресми таныстырылымының жоғары деңгейде өтуі болды», дейді Қазақстан Кинологтер одағының президенті Б.Серікқали.
«Біз Хельсинкиге рингте өзіндік қасиеттерін таныта алатын тәжірибелі тазыларды таңдап апардық. Ел ішіндегі түрлі сайыстан топ жарған, арнайы комиссияның іріктеуінен өткен, Еуроодақтың қатаң ветеринарлық талаптарына сай тазыларды халықаралық қауымдастыққа таныстыруда жаңаша қадам жасай алдық. Осылайша, жеті қазынамыздың бірі саналатын тазы әлем назарына ілігіп отыр», деді Бауыржан Серікқали.
Тазы – қазақ халқының мақтанышы һәм ең құнды жәдігері. Бүгінгі таңда бұл сөзді ауызбен ғана айтып қоймай, нақты қадамдармен дәлелдей бастадық. Мысалы, мұны 3 қыркүйекті «Қазақы ит тұқымдары күні» деп жариялағанымыздан да байқауға болады. Тіпті қазір тазы халықаралық дипломатияда өзіндік орны бар жәдігер санала бастады. Өткен жылдары Мемлекет басшысы қазақ еліне келген Франция Президенті Эмманюэль Макронға қазақы тазының екі күшігін тарту еткені, кейін Парижге барған сапарында француз басшысы сол тазыларды мақтан ететінін айтқаны осының айғағы болса керек.
Қалай десек те, тазалығымен басын тік, кеудесін кере төрге озған асыл текті тазы тұқымы Финляндияның астанасы Хельсинкиде әлем назарына ілінді. Ол назар жұмыр жер бетіндегі елдердің Қазақ еліне деген көзқарасына да оң ықпал етеріне сенім мол.
Руслан Желдібай,
Президент кеңесшісі – Баспасөз хатшысы:
Президент тазы мен төбетті ұлттық бренд ретінде кеңінен насихаттау жөнінде тапсырма берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «World Dog Show-2025» дүниежүзілік көрмесіне қатысып, халықаралық аренада лайықты бағасын алған қазақы тазыны ұлттық бренд, мәдениетіміздің ажырамас бөлшегі ретінде халықаралық деңгейде толық таныту ортақ міндет екеніне назар аударды.
Атап айтқанда, тазы тұқымын дамыту және бірегей қасиеттерін сақтау, жүйелі ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу, халықаралық көрмелерге тұрақты қатысу сияқты бағыттардан тұратын бұл іске Қазақстан Кинологтер одағымен қатар мемлекеттік органдар да белсенді атсалысуға тиіс.
Президент Іс басқармасы, Экология және табиғи ресурстар, Ғылым және жоғары білім, Ауыл шаруашылығы, Сыртқы істер министрліктері және басқа да құзырлы органдар, сондай-ақ жергілікті әкімдіктер бірлескен жүйелі жоспар аясында тиісті ұйымдастыру шараларын қолға алуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев төбет тұқымын да ерекше қамқорлыққа алып, мемлекеттік органдардың қолдауымен дәл осы ауқымда жұмыс атқару міндетін жүктеді.
Аталған мәселе Президент Әкімшілігінің ұдайы бақылауында болады.