Алдағы аптада Астанада әлем кітапханашылары бас қоспақ. Еліміз осыдан екі жыл бұрын Халықаралық кітапханалар қауымдастықтары мен мекемелері федерацияларының (International Federation of Library Associations) шешімімен кезекті 89-конгресі өтетін ел болып белгіленген еді.
«Білімді біріктіріп, болашақты қалыптастырамыз» атты жаһандық бұл жиын 18 тамызда Астананың ЭКСПО Конгресс-холында басталып, 22 тамызда қорытындыланады. Оған әлемнің 114 елінен 1 мың 600-ден астам делегат қатысады. Қазақ жеріне әлемдік кітапханашылар қауымын IFLA президенті, Квинсленд (Аустралия) кітапханасының бас директоры Вики Макдональд бастап келеді.
Еліміз тарапынан «Kazakh Tourism», Астана қаласының әкімдігі, Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты ЖОО кітапханалары қауымдастығы бірлесіп үйлестірген осы іс-шара мәдениет, білім, туризм саласына серпін береді.
IFLA – кітапхана ісіндегі кәсіби мамандардың ең ірі жаһандық ұйымы. Ол 1927 жылы Шотландияның Эдинбург қаласында құрылған. Қазір бұл мәдени ұйымның штаб-пәтері Нидерландтың Король кітапханасында (Гаага) орналасқан. Халықаралық ұйым түрлі елдердегі кітапхана ісінің озық тәжірибесін жинақтап, талдап, қызмет көрсету мен ақпарат алмасу ісін ұйымдастырып отырады.
Астанада өтетін IFLA-ның Дүниежүзілік конгресі еліміздің іскерлік туризм ұстанымын нығайтуды, сондай-ақ сала мамандарының кәсіби деңгейін жетілдіру мен ақпараттық қызмет сапасын арттыруды көздейді. Маңызды жиын Орталық Азия кітапхана қауымдастығының кәсіби беделін де көтереді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен отырысында кітапхана саласына мемлекеттік, қоғамдық көзқарастың жүйелі, дәйекті болуын атап өткені мәлім. Жуырда ғана «100 кітап» ұлттық сауалнамасының қорытындысы жарияланды. IFLA конгресі әр елдегі кітапханаға қатысты тың жобалар мен әлемдік мәдени ықпалдастықты толық қолдайды.
«IFLA-ның Дүниежүзілік конгресін өткізуге Қазақстан ЖОО кітапханалар қауымдастығының сәтімен атсалысқаны – маңызды қадам. Өйткені жоғары мектептің негізгі бағыты кітапхана жүйесін жетілдіруге және әлемдік жаңа әдебиеттерді қолжетімді етуге бағытталған. Университеттер – қашанда білім, ғылым, мәдениет үштағанының үйлесімі», дейді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Туризм бағытына келсек, бұл конгресс Астанаға шамамен 2 млн еуро табыс әкелуге тиіс. Қаржылық кіріс шетелдік делегаттардың қонақүй, көлік, тамақтану, т.б. қызметтерге жұмсаған шығындары есебінен құралады.
Конгресс аясында Астанадағы жоғары оқу орындары мен мәдениет мекемелерінде айтулы кездесулер, пікір алмасулар өтеді.
Сабыр ШӘРІП