• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Абай Бүгін, 08:17

Қастерлі құндылық

50 рет
көрсетілді

Абай ұлт та­рихында өзі­нің өшпес ізін қалдырды. Қа­зақ­­тың жаз­­­ба әдебие­­­тінің негізін қа­лап, өмір­­шең өлең­дерімен биікке көте­рілді. Тағылымға толы қара сөздерін қалдырып, компози­торлығымен қаншама сыршыл әндер тудырды. Қоғамды мәдени, рухани, білім жағынан өркендетті. Ғұлама, ойшыл ретінде де танылып, ұлттың ұпайын түгендеген дара да дана тұлғаға айналды. Сондай-ақ Крылов, Пушкин, Лермонтов шығармаларын қазақша сөйлетті. Сондықтан Абайды сан қырынан танимыз.

Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газетінің 1914 жылғы санында: «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен- күнге артылар. Бірінші ақынымыз деп халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар», деп жазған болатын. Шынында жыл өткен сайын біз хакім шығармаларын жақын тұтып келеміз. Өлеңдері мен қара сөздері құнын жоймайтын қазына іспетті. Данышпан ойларына жүгінген сайын айы­мыз оңынан туып келеді. Себебі Абай шығармалары – шындықтың шыңы. Өлеңдері мен қара сөздерінде қазақтың дүниетанымы мен ұлттың бүкіл болмысы жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет», деп жазды. Расында, Абайдың сөзі – ұлттың темірқазығы. Әр сөзінде сом алтынға пара-пар ғақлия бар. Кім сол сөздің сырын түсініп, қажетіне жаратса, асығы алшысынан түскені. Себебі танимын, дамимын деген адамға қазынасы жеткілікті.

Сол себепті заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Поэзияда, музыкада қоғамдық-азаттық ой-пікір саласында өлмес-өшпес шығармалар берген Абай қазақ халқының өткен замандағы өмірін зерттеуші біздің ұрпаққа таңғажайып тұлға болып көрінеді. Ол өз халқының тарихында тау шынарындай биік тұр», деп жазды.

Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамед­ханов айтқандай, «Абайдың ақындық еңбегі қазақ әдебиетін жаңа бағытта ілгері дамытумен бірге, қазақ қоғамының дамуына да игі әсер етті». Иә, ақын өлеңдері мен қара сөздері арқылы қазақ халқының рухани-мәдени дүниетанымын жаңа сатыға көтерді, осылайша қазақ қоғамына ықпал етті.

Біріншіден, Абай қоғамның білім-ғылымға деген көзқарасын өзгертті. Ол өз шығармаларында («Ғылым таппай мақ­танба», «Интернатта оқып жүр», т.б) оқу-білімнің маңызына ерекше тоқталып, қазақ халқын надандықтан арылтып, ғылым мен өнерге ұмтылуға шақырды. Білімсіз қоғам­ның болашағы жоқ екенін айтып, халықты оятуға тырысты.

Екіншіден, этикалық құндылықтарды, яғни ихсанды дәріптеді. Яғни хакім Абай шығармалары арқылы адамгершілік, адалдық, әділдік, еңбекқорлық секілді қа­сиеттерді жоғары бағалап, керісінше өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік сияқты жаман мінездерді сынады. Сол арқылы адамдардың санасына «қоғамның жаңаруы үшін әр адамның ішкі жан дүниесі өзгеруі керек» деген ой салды. Ақын қоғамды осылайша жаңартуды көздеді.

Үшіншіден, қазақтың тілі мен әдебиетін жаңа деңгейге көтерді. Бұл туралы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек; ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек; мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған. Бұлардың үстіне, Абай көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған. Абайда өлең сөздің неше түрлі үлгісі, өрнегі табылады», деген. Ол қазақтың әдеби тілін құнарландырып, ұлт әдебиетін жаңа деңгейге көтерді. Қазақ поэзиясына философиялық тереңдік, психологиялық талдау және жаңа стиль енгізді. Мұны Ахмет Байтұрсынұлы: «Абай көп нәрсені білген, білген нәрселерін жазғанда, «мынау халыққа түсінуге ауыр болар, мынаның сыпайышылыққа кемшілігі болар», деп таяқтан тартынбаған. Хақиқатты хақиқат қалыбында, тереңді терең қалпында жазған. Хақиқатты тануға, тереңнен сөйлеуге, бойына біткен зеректіктің үстіне, Абай әртүрлі Еуропа білім иесілерінің кітаптарын оқыған», деп түсіндірген болатын.

Төртіншіден, ақын қоғамдық сана мен ойлау жүйесін жаңартты. Себебі Абай ақын ғана емес, ағартушы-ойшыл болды. Қара сөздері арқылы қоғамның болмысын, адамның табиғатын, тәрбие мен дін мәселелерін терең талдады. Сонымен қатар қазақ халқы өзін-өзі тануына, ұлттық сана-сезімінің қалыптасуына әсер етті. Сол арқылы халықтың тағдырына алаңдаушылығын, ұлтқа деген жанашырлығын білдірді.

Бесіншіден, Шығыс және Батыс әдебиетін үндестірді. Абай қазақ фольклорын терең таразыдан өткізіп қана қоймай, Шығыс пен Батыстың сөз өнерінен де сарқылмас нәр алды. Ақын «Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім» деп жазғанындай, ғылымға сүйенген Батыстың да, сенімге сүйенген Шығыстың да қазынасын сүзіп, қазаққа керегін алды. Мұхтар Әуезов ол жайында: «Абайдың Батысынан Шығысы басым, ол Батысқа барғанда Шығысқа арқа сүйеп, өз ойын сол тұрғыдан айтатын», деген болатын. Абай Фирдоуси, Низами, Науаи бастаған Шығыс шайырларынан алған даналық пен Еуропа һәм орыс әдебиетінен алған сөз асылын терең сүзгіден өткізіп, өз шығармаларына арқау етті. Ол екі өркениеттің ұтымды жақтарын біріктіре отырып, қазақ қоғамын жаңа белеске шығарды. Халықтың көзін ашып, жас ұрпаққа жаңа бағыт көрсетті. Әдебиет арқылы ұлттық сананың өсуіне жол ашты. Сол себепті біз Абай шығармаларын оқу арқылы ұлттық жаңғыруға жол ашамыз.

Ақын шығармаларында дін мәселесіне де айрықша мән берілген. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған бол­­мас» деген Абай иман мәселесін басты орын­­ға қойған. «Мүмин болсаң, әуелі иман­ды бол, Пендеге иман өзі ашады жол» деп мұ­сыл­манның басты қаруы иман деп білсе, «Иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек» деп, оны сақтау­дың жолы ауыр екенін айшықтайды. Соны­мен қатар хакім адам бойындағы рухани-адам­гершілік құндылықтарды білдіретін «Имани гүл» ұғымын енгізді. Отыз сегізінші қара сөзінде адамды бұзатын нәпсі, ашу, на­дандық туралы айта келіп: «Осы үшеуін жеңу үшін үш нәрсе керек – махаббат, әділет, ха­қиқат. Осы үшеуі – имани гүл», – деп тү­сін­­дірсе, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы тахкиқ біл.

Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,

Басты байла, жолына малың түгіл.

Дін де осы, шын ойласаң, тағат та осы,

Екі дүние бұл тасдиқ – хақтың досы»,  деп жырға қосады. Көкбай Жанатайұлы: «Абайдың діні мұсылманшылықтың ішіндегі осындай жолмен, үлкен сынмен табылған таза ақылдың діні еді», десе, Мұхтар Әуезов: «Абайдың діні – сыншыл ақылдың, адамгершіліктің діні», деген болатын. Бұл пікірлер Абайдың дін мәселесіне өте ыждағатпен қарағанын білдіреді. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласында: «Абайдың асқан ойшылдығы оның діни талғам-танымынан да айқын көрінеді. Ол Отыз сегізінші қара сөзінде Аллаға деген көзқарасын толық білдіреді. Абайдың рухани өресіне баға берген дінтанушы философ ғалымдар оның «кәміл мұсылман» ұғымына ерекше назар аударады. «Кәміл мұсылман» ұғымы тек қазаққа ғана емес, бүкіл мұсылман әлеміне қатысты айтылса керек. Міне, хакім Абай – әлемдік деңгейде осы діни көзқарасы арқылы да биіктей беретін тұлға», деп жазды.

Абай – біз үшін биік тұлға. Ал Абай мұрасы, Президент айтқандай, «ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық». Ендеше, осы құндылықты қадірлеуді ешуақытта ұмыт қалдырмауымыз қажет.

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ төрағасы, бас мүфти