• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 09:50

Жаңа стандарт жаңа міндет жүктейді

30 рет
көрсетілді

Тамыз конференциясы негізінен үлкен екі бөліктен тұрды. Біріншісі – панельдік секциялар, екіншісі – пленарлық отырыс. Биыл панельдік секциялардың саны бұрынғыдан әлдеқайда көп болды.

Енді жаңашылдықтарға тоқтал­сақ, бірінші рет «зерттеуші» және «педагог шебер» санатын растаған педагогтер аттестаттау тестінен босатылады. Бірақ соның есесіне олар 5 жыл ішінде өзінің тәжірибесін таратып, шеберлігін көрсетіп, әріптестеріне әдістемелерін дәлелдеуі керек. Мемлекеттік грантта оқыған, дипломындағы GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары болса, кез келген мектепке конкурссыз жұмысқа қабылдана алады.

Қазақстан Республикасында жалпыға міндетті білім стандарты бар. Биыл қаңтарда сол құжатқа өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер 2027 жылдың 1 қыркүйегінен бас­тап күшіне енеді. Оған дейін осы жаңалықтар туралы қоғамға, ата-аналарға, педагог қауымға түсіндіріп, өзгерістерді қанатқақты жоба ретінде апробациядан өткіземіз. Әлемдік банк өз зерттеулерінің нәтижесінде Қазақстандағы мектеп оқушыларында оқу жүктемесі тым көп, ауыр екенін көрсеткен. Осыған орай жаңартылған стандарт негізінде біз мектептерге еркіндік бергелі отырмыз. Бұл – әлемдік тәжірибе. Мысалы, қазір еліміздегі мемлекеттік мектептерде 15 міндетті пән бар, соның санын 8 пәнге азайтамыз, қалған 7 пән таңдау пәні болады. Сонда педагогикалық ұжым, сынып, ата-ана қауымдастығы бірлесіп, сол 7 пәннің қайсысын оқитынын таңдайды. Айталық, бір сынып түгелімен гуманитарлық бағытты таңдайтын шығар, олар соған сәйкес керек пәнді апталық оқу жүктемесінен асырмай өздері іріктейді. Егер таңдау бағыты екі бөлек болса, бір сынып екіге бөлініп таңдау жасай алады. 2027 жылы күшіне енетін стандартта қоғамда қызу талқыланып жатқан алгебра мен геометрия пәндеріне қатысты айтайық. Негізі бір нәрсені ескеру керек, ТМД елдерінен басқа мемлекеттерде геометрия деген пән жоқ. Осы екі пәнді математика пәніне кіріктіріп, мектептердің өзіне таңдауға мүмкіндік береміз, егер оқи береміз десе, оқи береді. Стандартқа қатысты тағы бір өзгеріс тәрбие мәселесіне байланысты. Қазір оқушылардың тәрбиесіне сынып жетекшісі, директордың тәрбие жөніндегі орынбасары ғана жауапты. Енді сол стандарт талабына сәйкес әр педагог өзі жүргізетін оқу үдерісінде ұлттық құндылыққа негізделген тәрбие үлгілерін пайдаланып, жоспарын соған қарай құруы қажет.

 

Қаныбек ЖҰМАШЕВ,

Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы