Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылдан бері осы халықаралық жарыстарда медаль алған оқушылар мен олардың ұстаздарына қаржылай сыйақы беріледі.
Қазақстан – олимпиада жеңімпаздарын ынталандырудың мұндай жүйесін енгізген санаулы елдердің бірі.
Бүгінгі оқушылар химия (IChO), математика (IMO), физика (IPhO), биология (IBO), география (IGeO), лингвистика (IOL) және информатика (IOI) пәндері бойынша әлемдегі ең мықты командалармен лайықты бәсекелесіп, жеті ірі халықаралық зияткерлік олимпиадада жарқын жеңістерге қол жеткізді.
Биыл ұлттық құрамамыздың қоржынына 27 медаль қосылды. Біз география пәнінен әлемде екінші орын алдық, химиядан үш мәрте әлем чемпионы атандық, ғылыми физикадан абсолютті чемпион болдық, ал Балқан математикалық олимпиадасында екі жыл қатарынан ең үздік үш команданың қатарына кірдік.
Жоғары дәрежелі марапаттардың саны екі есе артты. Халықаралық зияткерлік жарыстарға қатысқан әрбір екінші оқушы елге жүлдемен оралды. 2024–2025 оқу жылында 34 олимпиада мен байқауда ел намысын қорғаған 1712 оқушының 1002-сі жүлдегер атанды, оның ішінде 193-і алтын медаль иеленді.
Бұл деректер – оқушыларымыздың зияткерлік сайыстардағы жетістіктерінің сенімді өсімін, олардың таланты мен еңбексүйгіштігін, ұстаздардың кәсіби шеберлігін және мемлекет тарапынан көрсетілетін жоғары сенім мен қолдаудың айқын дәлелі.
Ал биылғы Тамыз кеңесінің береріне келсек, біз дарынды балаларды дайындаудың қыр-сырын үйрететін секцияларға қатысып, өзімізге көп қор жинап алдық. Онда республикалық деңгейдегі мамандар білгенін үйретіп, еліміздің зияткерлік әлеуетін әлемдік аренада көрсететін ел ертеңін қанат қақтыруға шабыт сыйлады.
Жанар БЕЙСЕНБАЕВА,
«Астана дарыны» орталығының директоры