• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 14:07

Батыс Қазақстанда бұқаралық спорттың бәсі биік

30 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында 285 941 адам дене шынықтырумен және спортпен жүйелі айналысады, бұл облыс халқының 41,2%-ы. Өңірде бұқаралық спортты дамыту үшін жүйелі жұмыс жасалған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Спорт күні қарсаңында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақберген Сәбитов өңірде салауатты өмір салтын ұстану, бұқаралық спортты дамыту және жастарды спортқа тарту бағытында жасалып жатқан жұмыстар жайлы айтып берген еді.

Бақберген Маратұлының айтуынша, облыста 45 939 бала спортпен қамтылған. «Бұл әр үш баланың біреуі спортпен шұғылданады деген сөз, мұның өзі болашақ ұрпақтың дені сау, белсенді азамат болып қалыптасуына үлкен негіз» дейді ол.

Сондай-ақ өңірде ұлттық спорт түрлерімен – 31 250 адам (10,9%) айналысса, мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында 2 856 адам (24,7%) спортты өзіне серік еткен. Жалпы облыс халқының 1000 адамына шаққандағы спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі – 65,8%.

Батыс Қазақстан облысында халықтың басым көпшілігін өзіне баураған спорттық ойындар жиі өтеді. Жақында ғана Орал қаласында өткен дәстүрлі облыстық «Ақ бидай» додасына 12 ауданнан 1104 спортшы қатысты. Төрт күнге созылған, төрт жылда бір өткізілетін «Ақ бидай» облыстық VIII ауыл спорты ойындары өте қызықты, тартысты өтті. Спорттың 15 түрінен өткен жарыста Ақжайық ауданы 1-орын, Бөрлі ауданы – 2-орын, Шыңғырлау ауданы – 3-орын иеленді. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, спартакиаданы ұйымдастыру комитеті, Жайық Арена спорт кешені ұжымына, «Орал» спорт клубы ұжымы, Деркөл кенті әкімдігі, төрешілер корпусы жұмылып, асқан ұйымшылдық көрсетті.

- Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың 4-ші отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі. Соңғы жылдары мемлекет қолдауының нәтижесінде балалар спорты қарқынды дами бастады, - деп спорттың дамуына баса назар аударған болатын. Осы орайда өңірімізде спорттың дамуына жан-жақты жағдай жасалып келеді. Облыстың барлық аудан орталығы заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенімен қамтылды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының өңірге жұмыс сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес өткен жылы Орал қаласында - «Жайық Арена» көп функционалды спорт кешені ел игілігіне берілді, – деген еді облыс әкімі Нариман Төреғалиев. Қазір ауыл округтерінде де жаппай спорт ғимараттары ашылып жатыр. Өңір басшысы жақын арада облыстың ірі ауылдарында 14 спорт нысаны пайдалануға берілетінін айтты.

Көп әріге бармай-ақ, соңғы күндері ғана спорт саласында өңірде болған жаңалықтарға тоқталып өтейік:

Көгалдағы хоккейден жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты Орал қаласында өтті. Оған 150-ге жуық спортшы қатысты. Ақтау, Алматы, Шымкент секілді ірі қалалардан келген командалар тартысты ойын көрсетті.

Қызылорда қаласында ауыр атлетикадан өткен халықаралық турнирде Батыс Қазақстан облысының спортшы қыздары – Елемес Айымгүл (69 кг) және Епболова Жансая (77 кг) – алтын медаль жеңіп алды. Бұл – оралдық спортшылардың халықаралық деңгейдегі табысы.

Семей мен Қарауыл төбесі арасындағы 180 шақырымдық ультрамарафонда оралдық Баубек Ильясовтің мәреге 19 сағат 9 минут 45 секундта жетіп, дара келгенін бүкіл қазақ халқы көрді ғой. Бұл – үлкен төзімділіктің, ерік-жігердің нәтижесі.

Сондай-ақ дзюдодан ардагерлер арасындағы Қазақстан чемпионаты Орал қаласында өтті. БҚО спорт қайраткері Қазболат Сағынғалиұлы Кұрмашевтің құрметіне арналған бұл жарысқа еліміздің 12 облысынан 250-ге жуық спортшы қатысты.

Облыстың спорттық өмірі осындай жаңалықтарға толы. Спорт күніне орай да сала қызметкерлері арасында тоғызқұмалақ, дойбы және шахмат ойындарынан, жасөспірімдер арасында флорболдан, жасөспірімдер және ерлер командалары арасында жағажай волейболынан түрлі жарыстар өтті. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру және сауықтыру кешені ашылды.

«Атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктер облысымызда спорт саласы дамып, бұқаралық спорттың кең етек алғанын көрсетеді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасып, спорт мәдениетін көтеру жолында жүйелі іс-шаралар жүзеге асады», дейді Бақберген Сәбитов.

Батыс Қазақстан облысы