• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:25

Туризм көрсеткіші жол сапасымен өлшенеді

20 рет
көрсетілді

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Алматы облы­сы бойынша филиалы БАҚ өкілдеріне баспасөз-турын ұйымдастырды. Онда Қапшағай суқоймасына апаратын жолдың сапасы, тоқтайтын кешендер, жолды күтіп-ұстау жұмысы және Қонаев-Күрті тас жолының құрылысы ­таныстырылды.

Алматы-Қонаев тас жолы­ның қашықтығы – 42 шақы­рым, облыстың туристік нысандарын қолжетімді ететін маңызды көлік торабы. Осы бағыт арқылы Қапшағайға, одан әрі Алакөл демалыс орнына баратын туристер саны жыл сайын артып келеді. Биыл Қапшағай суқоймасына демалыс маусымының басынан бері 860 мың турист демалуға барса, ал маусым соңында 1,6 млн адамға жетеді деген болжам бар.

Республикалық маңызы бар жолдардың сапасы артқан са­йын жолаушылар ағыны да еселене түскен. Алматы-Қонаев тас жолында тәулігіне 30 мыңға жуық, ал демалыс күндері 50 мың­нан аса көлік жүреді. Бұл – Алматы облысындағы ең қар­қын­ды, қозғалыс жыл бойы тоқ­та­майтын белсенді бағыттың бірі.

«Алматы-Қонаев» ақылы тас жолы екі бағытты, үш жолақты. Онда көлік иелері жолақысын төлеуге арналған 12 терминал іске қосылған. Әрбір терминалда отырған операторлар жолаушыларға төлем жасау, жол бағытына қатысты кеңес береді. Мұндағы мамандар жолақысын дер кезінде тө­лемесе, кептеліс туындайтынын айтады.

«Көлік тізгіндеген әрбір жүр­гізуші жолға шығар алдын­да жолақысын төлеу қажеттігін ұмытпаған абзал. Жолақысын төлемеген жолаушылар терми­налға келгенде төлем жасап, уақыт алады. Соның кесірі­нен кептеліс болады», дейді «КАЖсервис» ЖШС инженер-архитекторы Дәурен Закиров.

Алматы-Қонаев тас жолында жолаушылар үшін жол бо­йына ұлттық стандартқа сай жанармай бекеттері ашылған. Турист ағыны өскен сайын ондай кешендерге деген сұраныс артып келеді. Мамандар мұндай кешендердің стандартқа сай әрбір 25 шақырым сайын орналасу қажеттігін атап айтты.

Жергілікті билік өкілдері­нің айтуынша, Қапшағайға демалу­шылардың артуына тегіс жолдар оң ықпал етіп жатыр.

«Демалыс маусымы аяқтал­ғанға дейінгі есеп бойынша Қапшағайға шамамен 1 млн 600 мың адам келуге тиіс. Оның ішінде шетелдік және ішкі ту­ристер де бар. Алматы агломе­рациясы маңайындағы тұрғындар да осы жерде демалады. Жол сапасы осы туристік ағынның артуына тікелей байланысты», дейді Алматы облысы Туризм басқармасы бөлімінің басшысы Шерхан Есентеміров.

 

Алматы облысы