• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 08:10

Абай еліне велосипедпен саяхаттады

60 рет
көрсетілді

Абайдың 180 жылдығына орай 63 жастағы зейнеткер Сланбек Досыбаев Астанадан Семейге жол талғамайтын жүрдек көлікпен емес, қазақы ұғымға шайтанарба атауымен сіңген қос дөңгелекті велосипедпен жетті.

Қарулы күштердің полков­ник ше­нін­дегі ардагері Сланбек Досы­баев осы күні Байқоңыр ауданын­дағы ­Бел­сен­ді ұзақ өмір сүру орталы­ғының бел­сен­ді мүшесі. Зейнет жасына шықса ­да, Абайдың қарасөздері мен Мұхтар Әуезовтің шығармаларын жас­тармен бірге талдап, әлі де «шәкірттік» өмірін жалғастырып келеді.

«Шілденің 31-і күні елордадан «Қайдасың, Қарауылтөбе?» деп жолға шық­тым. Арқа даласының самалы бетке ұрып, таңғы салқынмен шыққан сапар оңай болған жоқ. Күн ыстық, кейде жел қарсы соғады, кейде жаңбыр жауып, жолды ауырлатады. Бірақ тоқтамадым. Жолда дәм-тұзын ұсынған жомарт жандардың қонақжайлығын көрдім. Бесқарағайда мешіт имамы қарсы алып, қонақ қылды. Павлодар­да Мәшһүр Жүсіп мешітінде болдым. Қасқабұ­лақтағы жайсаң жігіттер қойын со­йып, дастарқан жайып күтіп алды. Сол күні Айбар Еркін деген бауырымызбен таныстым. Ол да Қытайдан велосипедпен 2600 шақырым жолды артқа тастап келіп отыр екен. Осылайша, жеті күн өткенде 6 тамызда Семейге жеттім», дейді ол.

Ойлы-қырлы, төбе-адыры көп дала жолымен жалғыз жортқан жолаушы бұл сапарды жай ғана саяхат деп санамайды.

«Алыс жолға көлікпен қалай тез жетсең, дәл солай әсері де тез ұмы­ты­лады. Ал мен бұл сапарға екі ай бұрын дайындалып, хакімнің өлеңдері мен қарасөздерін, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын толық оқып шықтым. Мінеки, осылайша жеті күндік сапар барысында шығармаларды ойша қорытып, сон­дағы тарихи жерлерді көріп, бөлек әсер алдым», дейді Сланбек Досыбаев.