• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:45

Тозған саябақты түлеткен

20 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің елең-ала­ңында тараздықтар орта­­лықтағы сиқы қаш­­­қан Тұрар Рысқұлов атын­дағы саябақ уақыт өте келе адам танымастай өзге­реді деп ойламаған ­болар. Биік ағаштар әудем жерден көзге түскенімен, қоршауы жоқ болған соң, бұл саябақ қожасы жоқ мекендей көзге қораш көрінетін. Қаланың қақ ортасында орналасқан саябақты кім қамқорлығына алып, демалыс орнына айнал­дыратыны да белгісіз еді.

«Біз 1998 жылы конкурсқа қатысып, саябақты меншігімізге алдық. Ол кезде мұнда 5 аттрак­цио­н ғана бар еді. Саябақта қоршау, жарық жоқ, аллеяда сусыған құм жататын. Қиын кезең еді ғой. Қысқасы, саябақ ешкімге керексіз күйде қалған. Ол жылдары иелігімде жастық шығаратын цех бар еді. Сол цехты саудалап, осы саябақты алдық. Қаражат тапшы кезде қиыншылықты көп көрдік. Мұнда тіпті дәретхана да болмады. Жұмысшылар әзіл-шынын араластырып: «Егер сіз дәретхана салсаңыз, сізге ескерт­кіш қоямыз», деді. Сізге өтірік, маған шын, дәретхананың мәсе­лесін айтып, сол кездегі әкім Болат Жылқышиевқа бардым. Ол кісі: «Дұрыс мәселе көтеріп отырсыз. Тек заң аясында істеңіз», деді. Ал заң рұқсат бермейді. Сол жылдары қоғамдық орында дәретхана дегеніңіз жер астында болуы керек екен. Мәселенің ушығып тұр­­ғанын әкімге қайта жеткізген соң ғана рұқсат алдым», дейді орта­­лық саябақтың иесі Асан Қош­­мамбетов сол жылдары туын­­даған қиындықтарды еске алып.

Қазір қарасаңыз, Тұрар Рыс­құлов атындағы саябақ тотыдай таранып тұр. Мұндағы жанға жайлы атмосфера баршаны өзіне шақырып тұратындай кө­рінеді. Биік талдардың саясында тынығуды қалаған жұрт осы жаққа ағылып жатады. Ондаған аттракционға қызыққан жұрт балаларын осында әкеледі. Жұмыс­шылар саябақтың сәнін келтіру жолында ала таңнан қара кешке дейін тынымсыз еңбек етіп жатыр.

«Иелігімізге алған жылы сая­бақта талдар қурап жатты. Айтып-айтпай не керек, жедел іске кірістік. 6–8 жасар екі қызым 5–10 сантиметр сайын тал көше­тін екті. Оларға бұл жұмыс оңай соққан жоқ. Қыздарым: «Әке, елдің балалары ойнап жүр ғой», дейтін. Қына ағаштың орнына мальба отырғыздық. Айтсаң, мақ­танғандай боласың. Дегенмен ел аумағындағы көптеген саябақ­ты аралап көрдік. Сонда сан түр­лі аттракционы ең көп, түрлі тал­­ы мен гүлі жайқалып тұр­ған саябақ біздікі екеніне көзіміз анық жетті. Сондықтан 30 жылға жуық уақыт бойы атқар­ған еңбегімізбен мақтануға болатын секілді. Барымызды осы сая­баққа салдық», дейді Асан Қошмамбетовтің жары Айдина Нұрлыбекқызы.

Саябақтағы сусыған құмнан аспанға көтерілген шаң жұрттың мазасын кетіретін. 90-жылдары келген жұрт пісте шағып, демалыс орнын қоқысқа толтыратын. Сол олқылықпен күресу мақ­сатында саябақ басшысы аумақты қор­шауға бел буды. Қолға алған істі сәтімен аяқтады. Әуелі мұнда бар болғаны 5 ат­трак­­цион орналасса,­ А­.Қошмамбетов саябақты мен­­шігіне алған соң, мұндағы әткен­шектер мен аттракциондар саны қырықтан асыпты.

«Саябақ ішінде салынған даладағы сахнаны келушілерге тегін береміз. Мұнда 702 орын бар. Цирк келсе де, концерт қоя­мыз деген әншілерге де тегін ұсы­намыз. Тек тазалықпен айна­лысатын азаматтарға тиесілі ақы­ны төлесе болғаны. Сахнаны әйгі­лі Юрмаладағы жоба негізінде жасадық. Онда 1 500 орындық болса, біздің саябақтағы сахнада 702 орын бар. Айырмашылық сол ғана. Мұнда себезгі бөлмесі де, дәретхана да бар. 100 адамға арналған киім ауыстыру бөлмесі де қарастырылған», дейді А.Қош­мамбетов.

Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­­дарында қандай да бір істі бастаудың машақаты көп еді. Одан бөлек, саябақтағы қыз­меткерлердің жалақысын уақтылы өтеу де оңай шаруа емес. Табыс табу жолында уақыт сұранысына сай іскер болуың керек. Жұмысшыларға жақсы еңбекақы төлеу үшін саябақ басшысы жаңа қадамға баруды жөн деп тап­қан. Ол қызметкерлерімен ақыл­даса келе, «күлкі бөлмесіне» қажетті «қисық айна» шығаруға тәуе­кел етіпті. Осылайша, табыс­ты есе­леуге ден қойған менеджер А.Қош­мамбетов кейіннен артына шағын вагон­дар тіркелген трактор құрас­ты­­рып, оны да нарыққа шы­ға­рып­ты.

Қиын-қыстау кезеңде А.Қош­мамбетовтің отбасы үшін несие алу да оңайға соқпады. Зайыбы Айдина Нұрлыбекқызының айтуынша, әуелі аналарына тиесілі үйді кепілге қойып, аттракцион алыпты. Кейіннен сол аттракцион­дарды тағы да ке­пілге қойып, жаңа аттракциондар алу арқылы саябаққа келушілердің санын арттырған. Осылайша, әр екі-үш жыл сайын саябақты түрлендіріп отырған. Сапаға мән берген басшылық барлық қиындыққа қарамастан, бағасы 100 мың доллардан асатын ресейлік әткеншектерді әкеліп жүрді. Айтуларынша, тек бір ғана аттракцион Қытайдікі екен.

«Алған аттракциондардың ең қымбатының бағасын 50 миллио­н деп есептейікші. Ол кезде билеттің бағасы – 200–300 теңге. Шығынды қайтару үшін қанша адам келуі керек? Аттракцион өз-өзін мүлде ақтамайды. Өйт­кені халық маусым-қыркүйек аралы­ғында ғана келеді. Сондықтан  қызметкерлермен ашық диалог орнаттым. Табыс артқан кезде олар да көп табыс тапты. Қанша қаражат түскенін өз­дері есептеп, электрикке қанша жалақы, басқаға қанша айлық төлейтінімізді солар шешті. Бюд­жетті өздері реттеген соң, маған айлық төлеу мәселесі жеңіл болды. Жұмысшылардың алдында адал болғанымнан ұтыл­ған жоқпын. Олар маған қай кезде де сенім артады.

Ашықтық дегеніміз сол, өзіме көлік алу үшін де қызметкер­лер-ден рұқсат сұрадым. Өйткені пандемия кезінде көлігімді сатып, жаяу қалған едім. Оларға ашық болсаң, құрметтесең, қыз­меткерлер де сені қадірлейді. Жұмысқа келе жатқанымда қыз­меткерлерім қандай талап қояды деп қаймы­ғып отырамын. Басшы жұмыс­шыларымен есеп­тескен­де ғана жұмыс жүйелі жүреді», дейді А.Қошмамбетов.

Қазірде Тұрар Рысқұлов атын­дағы саябаққа келушілер саны аз емес. Әсіресе балдырғандар мұндағы «Аймер» аспалы арқан­ды аттракционына қатты қы­зығады. Сондай-ақ «Rollglider», «Манеж», «Петушок», «Гингант» аттракциондары мен саябақ ішін­­дегі түрлі үйірме балалар­ды өзіне шақырып тұрады. А.Қошмамбетовтің өз қолынан шыққан түрлі бұйым да бал­дыр­ғандарды қызықтырады.

Қалай десек те, тәуекелге бел буып, тозған саябақты иелігіне алып, түлетуге, түрлендіруге ниет еткен А.Қошмамбетовтің іскер­лігі көпке үлгі. Бүгінде саябақ басшысы 32 адамды тұрақ­ты жұмыспен қамтып отыр. Сая­баққа келушілер саны артқан жаз мезгілінде тағы да қосымша қыз­мет­керлер алады. 32 адамға жыл он екі ай жалақы төлеу оңайға соқпаса да, іскер азамат білікті мамандардан айырылып қалмау жолында жанын салып еңбек етіп жатыр.

 

ТАРАЗ