Жарқайың ауданының диқандары күзгі жиын-терінді бастады. Әзірге 15 мың гектар алқаптың бидайы мен арпасы бастырылып жатыр. 13,5 мың тонна астық жиналды. Гектар берекесі 9 центнерден айналып отыр.
Астықты аудан ерте көктемде көпжылдық екпе шөпті қосып есептегенде 695,7 мың гектар алқапқа дән сіңірген. Оның ішінде бұршақ дақылдары да бар. Аудан диқандары бидай (572 мың гектар) мен арпадан (90,2 мың гектар) бөлек, картоп пен көкөніс өсіруге де көңіл аударып отыр. Астық үшін арпалыс сәтті өтсе, 604,2 мың тонна өнім жиналуға тиіс. Сары алтындай мөлт-мөлт етіп, самал желмен тербелген масақ көз қуантады. Жазда күннің ыстық болуы себепті сабағында тұрып пісіп те қалды. Енді диқандар тікелей оруға көшпек. Бұл әдістің бір жақсы жері уақыт пен қыруар күш-жігер үнемделеді.
Майлы дақылдар алқаптары 8 центнерден өнім беріп отыр. Мал азығы дақылдары 9,8 мың гектарға отырғызылған. Оның ішінде біржылдық және көпжылдық екпе шөптер де бар. Биылғы шығымы – жақсы.
Жарқайыңдық диқандар биыл сапалы тұқымнан қиындық көрген жоқ. Зиянкестердің алдын алу жұмыстары тиянақты жүргізілді. Бұл тарапта 600 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мұқият өңделіп, ойға алған шаруа 100 пайыз орындалды. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржының есебінен 16,3 мың гектар жер шегірткеге қарсы өңделді. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржының арқасында 136 мың гектар алқап зиянкестерден тазартылды. Егінді аурудан емдеу үшін 42,9 мың гектар алқапқа дәрі себілді.
Биылғы егін орағына ауданда 974 астық жинайтын комбайн қатыстырылмақ. Алдын ала есепке қарағанда, әрбір астық жинайтын комбайнға 696 гектардан келеді екен. Ауа райы қолайлы болса, егін орағын 20–22 күнде толық аяқтап шығуға әбден болады. Ауданда алқаптан қырманға астық таситын 338 жүк машинасы бар. Оған қосымша 266 трактор тіркемелері көмекке келмек. Орақ науқанына қажетті жанар-жағар май да жеткілікті. «Есіл» мұнай базасына келісімшарт бойынша әзірше 762,374 тонна жанар-жағар май жеткізілген. 485,9 мың тонна астық сақтайтын 9 астық қабылдау кәсіпорны да тас-түйін дайын. Оған қоса ауыл шаруашылығы құрылымдарында 324 мың тонна дән сақтауға мүмкіндік бар. Барлығын қосқанда ауданда 809,9 мың тонна өнімді сақтауға әбден болады.
Аудан диқандары қазірдің өзінде келер жылдың егіні үшін қамданып отыр. 88 мың гектар алқап парға жыртылды. Жемшөп жайы да жақсы. 38,5 мың гектар алқаптың шөбі шабылып, сапалы шөп қыстақтарға жеткізілді.
Ақмола облысы,
Жарқайың ауданы