Мемлекеттің әлеуметтік саясатында зейнет жасына жеткен жандарға да ерекше көңіл бөлінеді. Соның бір мысалы – еліміздің әр өңірінен ашылған белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары. Бес жыл бұрын қолға алынған ілкімді жобаның игілігін бүгінде шалғайдағы қарттар да көріп отыр. Президенттің халыққа Жолдауында айтылған тапсырмаға орай бұл күнде мұндай орталықтар аудандарда да бой көтеріп жатыр.
Мұның барлығы да 2021–2025 жылдар аралығында жүзеге асатын «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспары аясында қолға алынды. Бес жылдың бедерінде оның индексі сараланып, бірқатар игі шаруа атқарылды. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы туралы естігенде тереңірек білуге әуестігіміз артқаны рас. Әсіресе қалада тұратын зейнет жасындағы жандардың саламатты өмір салтын ұстанып, уақытын пайдалы өткізуіне осындай орталықтар қаншалықты серпін береді деген сауал бізді сонда жетелеп әкелді.
Астана қаласы Байқоңыр ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы Абай даңғылының бойында орналасқан. Емен есікті ашқанымызда, үш қабатты зәулім ғимараттың ішінде зейнеткерлердің бірі йогамен, енді бір тобы ісмерлікпен айналысып, тағы бір шоғыры тоғызқұмалақ тақтасында ақыл ой бәсекесін қыздырып жатты.
Алдымен орталықтың директоры Роза Қарабекқызымен аз-кем сұхбат құрдық. Әкімдікке бағынысты орталыққа келуші зейнеткерлер үшін кез келген үйірмеге қатысу – тегін. Зейнетке шыққанын растайтын куәлігін тіркеу бөліміне көрсетеді. Мұндағы мамандар әр зейнеткердің мүмкіндігіне қарай үйірмелерге бөледі. Орталыққа келетін зейнеткерлердің арасында 92 жастағы қария да бар екен. Байқоңыр ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында бүгінде 2 740 зейнеткер тіркеліп, өздерінің уақытын игілікке жұмсайды.
– Орталық мемлекеттік мекеме саналғандықтан негізінен келушілерге әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Түрлі бағыттағы үйірмелерге жазылушылардың да қатары жыл санап артып келеді. Мұнда келушілердің басым көпшілігі – зейнеткерлікке шыққанға дейін түрлі салада жемісті еңбек етіп, елдің іргесі нығаюына өзінің үлесін қосқан жандар. Қартайған шағында да үйде қол қусырып отырмай, орталыққа жазылып, әлі де қоғамға өзінің пайдасын тигізіп келеді, – дейді Р.Қарабекқызы.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында бірнеше клуб жұмыс істейді. Олардың ішінде «Ұрпаққа аманат» клубының мүшелері мектеп, колледждерде жиі кездесу өткізіп, жас буынға ұлттық құндылықтарды насихаттап, ұрпақ сабақтастығын арттырып келеді. Пікір-сайыс клубына жазылушылар қалалық сөз сайыстарына қатысып, бәйгелі де болыпты.
Шығармашылық бағыттағы үйірмелерге қатысатын қарттар түрлі аспаптарды меңгеріп, сахнаға шығып ән шырқап та өзінің талантын дамыта алады. Біз алдымен емдік гимнастика, йогамен шұғылданушылар залына бас сұқтық.
– Мұнда жасы 87-ге келген қарттар да жаттығуға қатысады, – деді бізді күлімдей қарсы алған маман.
– Ал керек болса! Рас па?
– Сенбесеңіз, жүріңіз. Дәл бүгін арамыздағы тоқсанға таяған қариямыз келмеді. Есесіне атамыздың замандастарымен тілдесе аласыз, – деді йога залына қарай жол бастаған оңалту гимнастикасының жаттықтырушысы білікті маман Гүлшат Тұрарбаева. Бірінші топтың қатысушылары қызу жаттығу үстінде екен. Жасы жетпістен асқан, тіпті сексенді орталаған әжелердің спорттық жаттығуды еркін жасауы дағдыдан, – деді бапкер.
Орталыққа келгенде ең алдымен дәрігерлер зейнеткердің медициналық дәптерін қарап, денсаулығын тексеріп, бақылаудан өткізеді екен. Егер де созылмалы сырқаты болса, физикалық күш түсіретін үйірмеге жазылмайды. Оларға да уақытын тиімді өткізуге қолайлы мүмкіндік мол. Үстіңгі қабатта ісмерлер алқа қотан отырып, түрлі қолөнер бұйымдарын жасайды. Міне, спорттық жаттығуға денсаулығы жарамайтын жандар тоғызқұмалақ ойнап, болмаса қолөнерді дамытып, ине сабақтап уақытын тиімді өткізе алады.
Біз алдымен йогамен шұғылданушылардың жаттығуын бақылап, бір сағаттай шыныққан қарттардың қайсарлығына тәнті болдық. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына жаттықтырушы болып келгенге дейін Г.Тұрарбаева медициналық мекемеде мейірбикелік қызметті атқарыпты. Мұнда келушілердің көпшілігі – өзінің анасындай, әкесіндей жандар. Олар жасы үлкендігін малданбайды, бәрі де тәртіпке бағынып, талапты мүлтіксіз орындап, жаттығуды қалт жібермей жасайды.
– Көрдіңіз бе, – деді маман, қаз-қатар тізіліп, жаттығуды айна-қатесіз жасап жатқан зейнеткерлерді нұсқап. – Бұл кісілер осы орталыққа аптасына үш рет келеді. Ерекше атап өтетінім, кешікпеуге, аса маңызды себеп болмаса қалмауға тырысады. Жер ортасы жасынан асқан қарттардың тірек-қимылы, буындары сыр беретіні белгілі. Бірақ йогамен шұғылданған жандар ұйқысының сергек екенін айтып келеді. Ал жаттығудан қол үзіп қалса, керісінше, әлсіздік басып, көңілсіз жүретінін айтады, – дейді маман. Жаттықтырушы орталыққа емдік гимнастикаға жазылған зейнеткер шәкірттерінің кейбірі дәрі ішуді доғарғанын, қарттардың сырқатынан айығып келе жатқанын мақтанышпен жеткізді.
Қадағалап отырмыз, маман 45 минут өзі бірге жаттығу жасап, қарттардың ішінде жүрді. Қарт та бала секілді, мақтау сөзге марқайып, мерейі өсіп қалады. Ал қату айтсаң, көңіліне кірбің түсетіні анық. Гүлшат Тұрарбаева әрбір зейнеткерді еркелетіп, жаттығуды дұрыс жасай алмаса, дауыс көтермей жайдары қалпында түсіндіреді. Содан кейін де келушілер ерекше құрмет тұтады.
Астаналық зейнеткер Сәуле Рахметова орталыққа келгенге дейін белі ауырғанын айтты. Екі жылдан бері Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының белді мүшесіне айналыпты.
– Алғашында басқа жаттығу залына бардым. Кейін осы орталыққа келіп қатысып көрдім. Гүлшат Төлебекқызы – өте білікті маман. Ойыңды айтқызбай ұғады, тәлімгерлік тәжірибесі де мол. Өзге жаттықтырушылардан артықшылығы көп. Ең бірінші адами қасиеті жоғары, бәрін бірдей көреді, жанының тазалығымен баурайды. Өзім 40 жылға жуық Арқалық қаласындағы педагогикалық институтта оқытушылық қызмет атқардым. Кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметін атқарып, зейнетке шықтым. Баламыз Астанаға қоныс аударған соң немерелерге қарайласайын деп көшіп келдім. Жасым сексеннен асты, белім ауыратын еді, емдік гимнастикамен шұғылданғалы сырқатым бұрынғыдай мазаламайды, – дейді.
Зейнеткер өзінің замандастарын да орталыққа келуге шақырды. Әттеген-айын да айтып қалды. Зейнетке шыққан шағынан-ақ шұғылданғанда жүрісіміз бұдан да ширақ болар еді деп күлді.
– Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын ашып, қарттарына осындай мүмкіндік сыйлаған мемлекетімізге зор алғысымызды білдіреміз. Мұнда келіп, емдік гимнастикамен, йогамен шұғылданғалы сылтып басатын аяғымызды тіктедік, жүрісіміз ширады. Ең бастысы, уақытымыз тиімді өтеді. Замандастармен қауқылдасып, әңгіме-дүкен құрамыз. Жас кезімізде жұмыс деп қарбаласта жүріп өзіміздің денсаулығымызға көңіл бөле алмадық. Енді бүгінде зейнеткерміз, осы орталыққа келіп саламаттылыққа бейімделіп, белсенді өмір сүруге дағдыланып жүрміз, – дейді 67 жастағы зейнеткер Гүлбаршын Сейітқасымова.
Үшінші қабатқа көтерілгенімізде, үстелді айнала қоршай отырған он шақты әже ісмерлікті ермек етіп, әркім өзіне тиесілі шаруасын атқарып жатыр екен. «Еңбек терапиясы» деп аталатын үйірменің жетекшісі Альфия Чернатевич ісмерлікпен 67 зейнеткер шұғылданатынын айтты.
– Мұнда бойжеткен шағынан ине жіп сабақтап, кесте дестелеп, ұршық иіре білетін жандар келеді. Олар үйірмеге алты ай жазылып, ісмерлік өнерлерін шыңдай түседі. Одан кейін басқа топты қабылдаймын. Үйірме мүшелері өздерінің қолынан шыққан бұйымдарын сатылымға шығарып, сыйға тарту ететін құнды заттарды жасайды, – дейді үйірме жетекшісі Альфия Захарқызы. Орталықтың ісмерлеріне тіпті сырттан қыз жасауына, тойбастарға тапсырыс та алып, кәсіпкерлікке де бет бұрып келеді.
Ісмерлердің арасынан 86 жастағы Айман Асмаеваға сөз берді.
– Қарағым, сенсең, мен осы жасқа келгенше ине сабақтай алғаныммен, кесте тігіп көрмеппін. Өйткені өмірдің ағысымен жанбағыс үшін бел шешпей еңбек еттім. Бертінде осы орталық туралы ақпарат алып, келдім де бірден «Еңбек терапиясы» үйірмесіне жазылдым. Мұнда бізге еңбекке баулу пәнінен 30 жылдан астам тәжірибесі бар білікті шеберлер, талантты мамандар дәріс береді. Үйірмеге келгелі жаңа туған нәрестелерге шұлық, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қажетті киім-кешек тоқып, басқа да тапсырыс аламыз, – деді зейнеткер.
Орталықтан шыққанымызда таңертең жаттығуға келген алғашқы лектің зейнеткерлері де үйлеріне қайтып бара жатты.