Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында елорданы сумен қамту мәселесі қалай шешілетіні туралы жазды, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына слтеме жасап.
Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда елордада жылу қуатын арттыру бойынша нақты шаралар қабылданған. Бұл, әсіресе, газ жылу станцияларын (ГЖС) салу есебінен жүзеге асуда.
«Біз қазірдің өзінде газ жылу станцияларының құрылысы арқылы қаланың жылу қуатын ұлғайттық. Бұл жаңа нысандарды пайдалануға беруге мүмкіндік береді», деді Жеңіс Қасымбек.
Сондай-ақ жаңа қосалқы электр станциялары салынып, қолданыстағы нысандар жаңғыртылып жатыр.
2023 жылдың көктемінде Астанада су тапшылығы мәселесі орын алған еді. Бұл жағдайдың қайталанбауы үшін кешенді шаралар қабылданып, сол жылы жазда жаңа су құбыры мен үшінші сорғы-сүзгі станциясы (ССС-3) іске қосылған.
«Қазіргі уақытта қалада қуат тапшылығы жоқ. Бұдан бөлек, алдағы жылдарға арналған қор да бар», деп атап өтті қала әкімі.
Астананы қосымша тұрақты сумен қамту мақсатында «Телман» сорғы станциясында техникалық су құбыры салынып жатыр. Бұл жоба сорғы станциясының жобалық қуатын тәулігіне 160 мың м³ көлемінде толық іске қосуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Нұра жерасты су орнында су құбыры салу жобасы әзірленіп жатыр.
Ұзақмерзімді шаралардың бірі ретінде, Қ.Сәтбаев атындағы арнадан жаңа су құбыры мен төртінші сорғы-сүзгі станциясының (ССС-4) құрылысы басталды. Бұл жобаның негізгі көрсеткіштері:
Су алу нысанының өнімділігі – тәулігіне 342 мың м³,
ССС-4 қуаты – тәулігіне 210 мың м³.
Аталған жобаның іске асырылуы 2035 жылға дейін қала халқын таза ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Хусейн бен Талал көшесінен Сығанақ көшесіне дейінгі су құбырын тұйықтау жобасы әзірленіп жатыр. Бұл Тұран даңғылының батыс бөлігіндегі тұрғын аудандарды сумен қамту мәселесін шешеді. Жобалау жұмыстары 2025 жылдың желтоқсанында аяқталады.