Үкіметте Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен автожолдың сапасын арттыру мәселесі бойынша жиын өтті. Көлік желісін жаңғыртуға қатысты Президент қойған міндеттер ескеріліп, саланың ағымдағы жағдайы мен даму жоспары қаралды.
Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров автожолдың сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шара туралы баяндады. Биыл 13 мың км жол қамтылмақ. Оның қатарында республикалық 2 мың км астам жол реконструкцияланып, облыс орталықтары арасындағы 6,6 мың км жол жөнделмек, ал жергілікті жерлерде 4,1 мың км жол жаңартуға жатады. Биыл республикалық маңызы бар жолдардың нормативтік жай-күйін 94%-ға, жергілікті жолдардың нормативтік жай-күйін 91%-ға жеткізу жоспарланған.
Заңнамалық деңгейде бірқатар түзету қабылданды. Соның негізінде сапа орталығының ескертулерін жоймай, нысандарды пайдалануға қабылдауға тыйым салынды, ал 2023 жылдан бері барлық орташа жөндеу жобалары жобалық шешімдердің және олардың құнының дұрыс қолданылуына қатысты ведомстволық сараптамадан өтуге міндетті.
Жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде өткен 7 айдағы қорытынды да сапасыз жол-құрылыс материалдары мен ақаулар санының 2%-ға төмендегені, жергілікті жолдарды қиыршық тастан асфальтбетон төсеміне ауыстыру 14%-ға өскені байқалды. Жобалық шешімдерді оңтайландыру 1 млрд теңгеден астам қаржы үнемдеуге мүмкіндік берді, ал жергілікті жолдарды диагностикамен қамту 50%-ға жетті.
Жол-құрылыс үдерісіне қатысушылар жауапкершілігін арттыру мақсатында жұмыстың барлық кезеңінде сараптаманы автоматтандырудың цифрлық жүйелері мен тетіктері енгізілді, 384 асфальтбетон зауытына кешенді тексеру жүргізілді.
«ҚазЖолҒЗИ» АҚ президенті Арман Әлібаева жол саласына цифрлық технологияларды енгізу туралы хабардар етті. Кейінгі 5 жылда институт автожолдарды салу мен жөндеу технологияларын жетілдіруге бағытталған 20-дан астам ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Бүгінде елімізде бірнеше цифрлық жобалар жүзеге асырылып келеді. Жобалау сапасын арттыру мақсатында жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасы мен нақты климаттық жағдайларға және қозғалыс қарқындылығына материалдарды дәл таңдау есебінен берік және сенімді жол төсемдерін пайдалануға бағытталған Superpave технологиясы енгізілді.
Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздегі жолдар желісін одан әрі дамыту қажеттігін айтты. 2030 жылға дейін 4 мың км жуық автожол қайта жаңғыртылады. Биыл бірқатар негізгі жобаны аяқтау жоспарлануда, бұл ретте жобалық құжаттаманың дайындығы жоғары жаңа жобаларды: «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Қарағанды – Жезқазған», «Атырау – Доссор» жолдары мен Сарыағаш, Петропавл, Рудный және Қызылорда қалаларын айналып өту жолдарын, сондай-ақ 2,5 мың км автожолды орташа жөндеу маңызды.
Көлік, Қаржы министрлігіне және «ҚазАвтоЖолға» мердігерлерді қаржыландыру мен айқындауды қамтамасыз ету, ал Өнеркәсіп және құрылыс, Көлік министрлігіне «кілтті тапсырғанға дейінгі» ірі жобаларды жедел жүзеге асыру үшін мемлекеттік сараптама мен құрылыс-монтаждау жұмыстарының қатар өту тетігін әзірлеу мен бекіту тапсырылды.
Мердігерлердің кепілдігін қадағалау мен сапасыз материалдарды пайдалану мәселелері атап өтілді. Мысал ретінде, Павлодар тасжолының бетон төсемі көтеріліп жатқаны айтылды, Солтүстік Қазақстан облысында тексерілген сынамалардың 43%-ы сапа стандарттарына сәйкес келмеген. Елді мекендердегі тұрғындар тарапынан жол сапасына қатысты ең көп сын Атырау мен Түркістан облысында тіркелген. Премьер-министр кепілдік мерзімін ұлғайтуды және мердігерлердің кепілдік міндеттемелерін сапасыз орындағаны үшін мердігерлік ұйымдар жауапкершілігін күшейтуді жүктеді.
Жергілікті жолдар желісін дамытуға қаражат жұмсаудың тиімділігі мен қаржыландыру мәселесіне назар аударылды. Үкімет басшысы едәуір көлемде бюджет қаражаты бөлінгеніне қарамастан, кейбір өңірлерде оны игеру баяу жүріп жатқанын атап өтті. Мәселен, Абай облысында – 42%, Ақтөбеде – 52%, Ақмолада 56% игерілген.
«Көрсетілген заң бұзушылықтарды ескере отырып, Көлік министрлігі мен Ұлттық сапа орталығына 1 қазанға дейін барлық автожол жобаларының жүзеге асырылуын тексеруді тапсырамын. Оның қорытындысында анықталған кінәлілерді жазалау бойынша есеп пен ұсыныстар енгізілсін. Көлік және Қаржы министрліктеріне Ұлттық сапа орталығының қызметін күшейту бойынша шешімдер дайындауды тапсырамын», деді О.Бектенов.